Жарнама
Жаңалықтар

ТИЯНАҚТАЙТЫН ТҰСТАР КӨП

Аудандық тұрғын үй-коммуналды шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметтеріне қарағанда, сын кезеңге дайындық шеңберінде күрделі жөндеумен қамтылатын нысандардың жобалық-сметалық құжаттамаларын жасақтауға жергілікті бюджеттен 10,0 млн. теңге қаржы қаралған. Осынша қаражаттың тең жарымынан астамына №402 бекеттегі ауыз су құбыры, Мақат кентіндегі №1 және №2 кәріз-сорғы стансалары аралығына тартылған су желісі, Бәйгетөбе ауылындағы ауыз су қазандығына  (сыйымдылығы 1000 текше метр) жоспарланған жұмыстар  атқарылса,  қалғаны аудан орталығы мен Доссор поселкесіндегі көше жарығы желілерін (жалпы ұзындығы 8 шақырым) жөнге келтіруге бөлінген.

Білгеніміздей, қазіргі уақытта пайдаланудағы табиғи газ құбырларының ұзындығы Мақат кентінде 62,8 және Доссорда 76,9 шақырымды құрайды.

Қазандықты  рұқсатсыз  қосу – заңсыздық

 Десек те, сол құбыр бойымен келетін «көгілдір отынды» тұтынушы кейбір тұрғындар тарапынан тиісті талапқа сай келмейтін, заңсыз әрекеттерге жол берілгендігі белгілі болды. Осылайша, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның облыстағы өндірістік филиалы мен аудандағы газ учаскесі мамандары бірлесіп жүргізген тексерулері барысында көп кемшілікке көз жеткізілген. Нақтылай кетсек, аудан бойынша бүгіндері барлығы 5841 үй табиғи газбен қамтылса, соның ішінде көп қабатты үйлердегі 2114 пәтердің тең жартысынан астамында (1775-інде) газбен жанатын дербес жылу қазандықтары заңсыз немесе құзырлы құрылымдардың рұқсатынсыз орнатылған болып шықты. Мұның сыртында, Мақатта 113, ал, Доссорда 114 тұрғынның немесе пәтер иесінің қолдан жасалынған қазандықтарды қолданып отырғандығы анықталған.

Берешегі  өтелмесе, жылу  да  берілмейді

Бұдан бөлек, білім беру бөлімі бойынша мектептерді күрделі жөндеуден өткізуге 5 млн. 870 мың теңге қаржы бағытталса, Мақаттағы «Нұрбөбек» балабақшасына контейнер үлгісіндегі жылыту қазандығын сатып алып, орнатуға 10 млн. 707 мың теңге қаржы жұмсалынды. Бұл міндетті мойнына алған мердігер кәсіпорын «БатысКотлоМонтаж» ЖШС өзіне жүктелген тапсырманы маусым айында толығымен тәмамдап, тапсырған. Әйтсе де, аталмыш балабақшаның «ҚазТрансГазАймақ»  мекемесіне  өткен жылу беру маусымындағы берешегі өтелмегендіктен, оның газ желісіне қосылу мәселесі кешеуілдеп тұрған көрінеді. Сол сияқты, денсаулық сақтау нысандарына қатысты да атқарылған жұмыстардың барлығына қарамастан, тез арада реттелуі тиіс олқылықтардың орын алғандығына назар аударылды.

Аудан көлеміндегі ауыз су желісінің жалпы ұзындығы 92,61 шақырымды құрайды. Осы құбырлар арқылы «Атырау Су Арнасы» КМК, «Доссор Су Арнасы» және «Ысық-Майдан» ЖШС-тері халықты күнделікті тұтынылатын ауыз сумен қамтиды. Күні бүгінге мұндағы ауыз су құдықтарының 23-і тазартылып, дайындық сапына қойылса, қалған 30-ы қазан айында қатарға қосылмақшы. Бұндағы бас ауыртар мәселенің бірі-кәріз жүйелерінің бойымен өтетін лас судың қозғалысын реттеп, булану алаңына жеткізетін қондырғы-құрылғылардың  жарамсыздығы болып отыр.

Өмір  қауіпсіздігі – өзекті  мәселе

Қай кезде де қауіпсіздіктің бірінші кезекке қойылатындығы даусыз. Осы тұрғыдан келгенде, мақаттықтарды алаңдатып отырғаны көшелердегі түрлі байланыс және электр қуатын тасымалдау желілерінің қалай болса солай ретсіз тұрғандығы. Осыған байланысты аудан әкімдігінен «бағытынан адасып», бірімен бірі шатысқан сымдарды ажыратып, жөнге келтіру міндеті қойылғанмен, бұл шара да алғашында тым-тәуір басталып, соңы сиырқұйымшақтанып, аяқсыз қалған. Егер осылай жалғаса берсе, адам өміріне қауіп төндірер төтенше, өкінішті жағдайларға душар етері сөзсіз.

Сайып келгенде, мұнайлы өңірдің күн тәртібінде тұрған маңызды мәселеде оңғарылған шаруаларымен қатар, шешімін күткен проблемаларының да аз еместігіне көзіміз  жетті.  Басталған  жұмысты тиянақтап, кемшілікті түзету, айтылған сыннан қорытынды шығару-қазіргі қойылып отырған міндет те,  маңызды мәселе де осы. Жақында аудан әкімдігінде өткен кеңейтілген алқа мәжілісіндегі әңгіменің түйіні де осыған тірелді.  

Дәулетқали АРУЕВ.

Мақат ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button