«Қазпоштада» «Жазылушы күні» өтті

pochta1 Жаңалықтар

Мерзімді басылым – қай кезеңде де руханияттың көзі. Ақпараттық технология қанша жаңарса да баспасөздің орнын еш нәрсе де баса алмайды. Сондықтан, газет-журнал оқырмандары санының артуы маңызды. «Қазпошта» АҚ Атырау облыстық филиалында кеше өткен «Жазылушы күні» шарасының негізгі көздеген мақсаты да осы болды.

Атырау қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін қолға алынған шараға келушілер аз болған жоқ. Бізді оқырмандардың пошта бөлімшесіне келіп, мерзімді басылымдарға жазылып жатқаны сүйсінтті. Олардың ішінде қала тұрғыны Қымбат Дашева – республикалық, облыстық басылымдардың тұрақты оқырманы. Ол облыстық «Atyraý» қоғамдық-саяси газетін 40 жылдан бері үзбей оқып келе жатыр екен.

– Бүгінде газеттің сапасы да, мазмұны жағынан да заманға сай жаңғырған. Журналистер тарапынан бүгінгі күннің негізгі және ең өзекті деген тақырыптары кеңінен қамтылып жатыр. Сондай-ақ мақалаларды газет бетіне әдемі етіп орналастырып, оқырманға көз тартарлықтай етіп ұсынуы да ерекше. Оқырман ретінде мені толғандыратын бір-ақ нәрсе бар. Газеттегі телебағдарлама өте ұсақ жазумен беріледі. Оны оқу біз секілді зейнеткерлерге қиындық туғызады. Сондықтан, алдағы уақытта осы мәселе ескерілсе екен, – дейді Қымбат апа.

pochta 2

Біз Атырау қаласы «Балықшы» шағынауданының 77 жастағы тұрғыны Сайфолла Ғазизұлымен де тілдестік.

– Балық саласы шаруашылығында 42 жыл еңбек еттім. Жиырма жылдан бері облыстың бас газетінің тұрақты оқырманымын. Жыл сайын «Қазпошта» бөлімшесіне аяқтай келіп жазыламын. Маған газет шыққан күні түске дейін үйге жеткізіледі. Курьерлердің жұмысына еш сын айта алмаймын. Газеттің мазмұны да, дизайны да көңілден шығады. Бірақ менен бір ғана ұсыныс – басылымның форматын кішірейтіп, қолға ұстап оқуға ыңғайлы етіп өзгертілсе екен, – дейді ол.

Жуырда Дүниежүзілік пошта күні мерекесіне орай арнайы ұтыс ойындары ойнатылып, қатысушыларға сертификаттар ұсынылған. Осы додада жолы болып, ақшалай сертификат ұтып алғандардың бірі – Жүсіпбек Тұрсынғалиев.

– Мен 5000 теңгелік сертификатқа ие болдым. Оны қаржылай алмай, керісінше үстіне қосымша қаржы қосып, облыстық «Atyraý» және «Прикаспийская коммуна» газеттеріне жазылып жатырмын. «Atyraý» газетін он жылдан бері алдырып оқимын. Бүгінде әлеуметтік желілер қарқын алып, жаңалықтардың барлығы смартфон арқылы лезде таралып жатқанымен, газеттің орны бөлек. Өйткені, газет – материалдары расталған, тексерілген, шынайы ақпараттарды жеткізуші құрал. Ал, әлеуметтік желілердегі дүниелердің барлығына бірдей сенуге болмайды, – дейді Ж.Тұрсынғалиев.

Поштада баспасөзге жазылушылар күніне келушілер аз болмады. Бұл күні «Қазпошта» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Ақан Нысанбаев облыстық филиалға сіңірген еңбегі үшін бір топ сала ардагерін грамотамен марапаттап, естелікке сый ұсынды.

Бүгінде бұл мекемеде атқарылып жатқан жұмыс көп. Негізінен пошталық, қаржылық және агенттік бағытты қамтитын мекеме 257 қызмет түрін көрсетеді. Сонымен қатар, сала мамандары облыстың шалғай аудандарында халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін қоса жасап жүр. Екінші деңгейлі банктің кейбір қызметтері де пошта жүйесінің жауапкершілігінде.

– Басты мақсат – пошта қызметінің жұмыс сапасын 100 пайызға жеткізу. Былтыр жазда осы қызметке келгенімде жұмыс сапасы 67 пайыз еді. Бір жылдан аса уақыттың ішінде бұл көрсеткішті 90-91 пайызға жеткіздік. Республика бойынша үздік филиалдардың қатарына енуіміз – ұжым еңбегінің жемісі. Біз бірнеше қызмет түрлерін қатарға қостық. Соның ішінде курьерлердің жұмысына да баса мән беріп отырмыз. Қазір штатта бұрынғыдай пошташы қызмет етпейді, олардың қызметі келісім-шарт бойынша курьерлерге жүктелді. Облыста 240 курьер болса, оның 80-нен астамы – Атырау қаласында. Олар еңбекақысын күнделікті жасаған жұмысына сай күн сайын алып отырады. Белсенді жұмыс істеген курьердің бір айлық табысы 200 мың теңгеден асады. Бұрын таңертеңнен кешке дейін жұмыс жасайтын штаттағы пошташының жалақысы 70 мың теңге еді, – дейді Ақан Сайынұлы.

Филиал директорының айтуынша, белгілі бір жағдайларға байланысты кейде курьерлердің жұмысында олқылықтар болатыны рас, мерзімді басылымдар оқырманға уақытылы жетпей қалады. Мұндайда сала мамандары басқа курьерлерге қосымша жүктеме беріп, жұмысты реттеп отырады.

Курьерлер жұмысындағы негізгі проблема – кейбір көп қабатты және жекеменшік үйлерде әлі күнге дейін пошта жәшіктері жоқ. Ауладағы қабаған иттер де газетті үйге жеткізіп беруге кедергі келтіреді. Тіпті, тұрғындар арасында үйінде қай уақытта болатынын айтпай, дөрекі сөйлесетіндер де бар.

Қазір «Қазпошта» арқылы жазылушылар үшін газеттер аудандардағы бөлімшелерге жалдамалы көлікпен жіберіледі. Ал, бұл жүк Құрманғазы, Исатай аудандарына пойызбен тасымалданады.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз