Жарнама
Жаңалықтар

Тірі болғанда «Мәңгілік двигатель» ойлап табар еді

Ғаділше Наурызалин – өнеркәсіптің түрлі саласында өнертапқыштықтың 10-нан астам кеңестік, қазақстандық және халықаралық патентін иеленген. Ол физика саласындағы революциялық жаңалықтың авторы. Мұнай өнімділігін арттырудың және құрылыс материалдарының эрозияға төзімділігін жақсартудың тиімді технологиясын ойлап тапқан тұлға. Бойындағы жігері, жан-жақтылығы, дарыны оған әр қырынан ашылуына мүмкіндік берді. Неміс, ағылшын, украин және грузин тілдерін еркін меңгерген, қазақ, орыс және немісше әдемі өлеңдер жазған. Өзі – физик, лирик, альпинист, боксшы, ғалым, журналист.Ол 2002 жылы  64 жасында жол апатынан қаза болды.

Мен Ғаділшемен қызметтес болғаным жоқ, бір жобада да бірігіп жұмыс істеген емеспіз. Бірақ, оны жақсы білетінмін. Өйткені, менің жақын досым Ғизат Балмұханбетов екеуі нағашылы-жиенді еді. Ғизаттың үйінде жиі кездесіп, қонақтықта бірге болып, ортақ әңгімелер айтып, араласып жүретінбіз. Ғаділше өте алғыр, терең ойшыл, қазіргі жаңа технологияны жетік меңгерген, жаңа дүниелер ойлап шығаратын тапқыр. Ол «Солтүстік Қаражанбас» кен орнында жұмыс жасап, «Физтех» ЖШС құрды. 

– Бәке, мына кен орнын алып жатырмын, сен геологсің ғой, маған көмектессейші, жер астындағы мұнай мен газдың қорын, басқа да геологиялық ерекшеліктерді айтсаңшы, — деп Ғаділше маған бір-екі рет өтінішпен келді. – Мұнай деген жерасты қабаттарында орналасқан. Мысалы, Теңіз кенішінің тереңдігі  4-5 км. Өзен, Жетібай, «Ембімұнайгаздың» қарамағындағы барлық кен орындары карбонат емес, былайша айтқанда құмнан қатып қалған. Карбонаттың  известняк түрі бар, бор да карбонатқа кіреді. Тереңдігі 1-1,5 км. Прорва, Мартыши, Байшонас немесе Құлсары, Қосшағыл мұнайының орналасқан жері құм-шайырда, тайыз.

Ғаділше өзі физикаға, технология, математикаға өте жетік екенін көрсетіп, жердің түрлі қабаттарында қанша қара алтын қоры бар, оны қалай алуға болатынын зерттеп жүріп, мұнай іздейтін арнаулы құрылғы ойлап тапты. Ғадекеңнің ойлап тапқан құрылғысы өте қарапайым, бірақ мұнайды жер астындағы құмнан қалай айырып, шығаруға болатынын көрсетеді. Әрине, геологиялық  тұрғыдан  бірталай кеңес бердім.  Сондықтан ба, осы еңбегіне патент аларда маған келіп:

– Бәке, сен маған көп мәлімет пен кеңес, ізденіс жұмыстарымның көпшілігіне геологиялық бағыт-бағдар бердің. Сондықтан сені жұмысыма авторлыққа қосайын деп едім,- деді. Мен:

– Өзіңнің ойлап тапқан құрылғың, мен физик емеспін, — деп қарсылық таныттым. 

– Жоқ, сенің білімің мен мәліметің мен үшін құнды болды, — деп авторлығын қорғап, мені де қосты. 

1992 жылы мен Геология министрінің орынбасары болып жұмыс істедім. Сол кезде Жапонияның  Киото қаласында  дүниежүзі геологтарының Конгресі өтетін болды. Оған менімен бірге еліміздің белгілі төрт геолог ғалымы да жіберілді. Қазақстан тәуелсіздігін енді ғана алған мезгіл, бізде елшілік жоқ, бәрі Мәскеуде орналасқан. Алматыдан Жапония немесе Корей еліне тіке ұшақ ұшпайды. Сондықтан, біздер Мәскеуге ұшып, Ресейдің Геология министрлігіне барып, қандай құжаттарды тапсыру керектігін біліп, түгендедік. Содан соң бұрыштама соғылған рұқсат қағаз алу үшін Жапония елшілігіне барып, құжаттарымызды толтырдық. Арасында бізді Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің өкілдері қабылдап, шет елде қалай жүріп, қалай тұратынымыздың бағытын түсіндірді. Осылайша, Мәскеуде төрт-бес күндей жүрдік.

Ақыры не керек, сонымен біз Киотоға ұшып келдік. Мемлекеттің атынан келгендіктен бізді арнайы көлік күтіп алып, қонақ үйге орналастырды және әрқайсымызға аудармашы бөлді. Міне, сол уақытта мені таң қалдырған жайт болды. Бізден бір-екі күн бұрын ба, әлде кейін бе, осы Конгресте дипломатын арқалап Ғаділше жүрді. Ол жапон елшілігінен қалай рұқсат қағаз алды, оны кім күтіп алды, қайда орналасты?! Демек, Ғадекең ағылшын тілін де жақсы білген болып тұр. Өзінің қаржысымен ұшып келген.

Төрт жылда бір рет өтетін дүниежүзі геологтарының Конгресіне бес-алты мың геолог-ғалым қатысады. Бұл Конгресс бір елде екінші рет ұйымдастырылмайды. Мысалы 2020 жылы Үндістанда болуы тиіс еді, бірақ пандемияға байланысты өтпей қалды. Енді келесі жылы Пуссанда (Корея) болады. Мен мысалы, Кейптаун (Африка), Брезден (Австралия), Осло (Норвегия), Мәскеу (Ресей), Киото (Жапония) елдерінде өткен Конгрестерге қатыстым. Мұны дүниежүзінің геолог-ғалымдары Олимпиада ойыны сияқты асыға күтіп жүреді. Өйткені, әлемнің түкпір-түкпірінен геологиялық жаңалықтар, ізденістер мен тың зерттеулерді ортаға салады, жаңа технологиялармен танысады. Ғалымдар өзара пікірлеседі. Керемет!

Соңында дауысқа салып, келесі Конгресс қай елде болатыны, ол елдің экономикалық жағдайы, қонақ күтімі және сол елдің мықты ғалымдарының жаңалықты зерттеулері, басқа да табыстары ескеріліп, шешім қабылданады. Міне, осы жерге Ғадекең келіп, өзінің ойлап тапқан құрылғысы салынған кішкентай шамаданын шығарып, әр елдің ғалымдарының алдына оны құрып көрсетіп:

– Мысалы, қолданыстағы батыстың мына құрылғысы өте үлкен және 1 млн. доллар тұрады, ал менікі 100 доллар ғана. Екеуінен шығатын мәлімет бірдей. Тап сондай! Арзан әрі тез істеледі. Тасымалдаудың керегі жоқ, қарапайым, жеңіл, — деп өзінің құрылғысымен қатысушыларды таныстырып жатты.

Иә, расында да құрылғы ең қарапайым тәсілмен жұмыс жасайды. Мектептегідей кілең шөлмектен жасалған, сосын колба, астына от жаққанда әлгі құрылғы айналып, мұнайы бөлек шығады, қарапайым қолда бар заттармен құрастырылған, қарабайыр. Түсіндіру үшін тек физик болу керек. Идеясы дұрыс. Енді оны заманауи технологиямен қайта жасап шығарып, әрі қарай дамыту қажет. Ол үшін шетелдік қолдаушы тауып, сонымен келіспек ойы бар сияқты.

Ғаділшенің мінезі өткір, шаршамайды, ешнәрсеге мойымайтын спортшы-марафоншы, боксер, шаңғышы.

– Сендер ет жеп, ішуді білесіңдер, қозғалмайсыңдар, — деуші еді, бізге. Оның ашқан кен орны «Физтех-2» ЖШС Түпқараған ауылында әлі жұмыс істеп тұр. Оның идеясы өте көп болатын. Кейде адам сенгісіз ойлар мен ұсыныстар айтады. Ағылшынша «Перепетун мобил» дейді, орысша айтқанда «вечный двигатель». Оны жасау мүмкін емес дейді ғой. Бірақ, Ғадекең:

– «Вечный двигатель» бар, оны өзім ойлап шығарам, — дейтін. Кейде қияли сияқты көрінетін. Ол әр салада, жаңа нәрселер ойлап табатын. Тірі болғанда «мәңгілік механизм» ойлап табуы да мүмкін еді, кім білсін?!

Ғадекең білімді, алғыр, бір сөзді, үлкен-кіші демей, сөйлескен кісіні баурап алатын, адамды өзіне тартатын қабілетімен ерекшеленді. Оны білетін адамдардың біразы өмірде жоқ, кішкене ертерек іздестіру керек еді.

Шал ақынның:

 … Бұл өлім қайда жоқ,

Жарқыраған айда жоқ,

Күлімдеген күнде жоқ,

Өтері өтіп болған соң,

Мың теңгелік қайғыдан,

Бір теңгелік пайда жоқ, — деген толғауы әркімді де ойландырары сөзсіз.

Балтабек ҚУАНДЫҚОВ,

Алматы қаласы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button