Жарнама
ЖаңалықтарМәдениетҚоғам

ТІЛІ басқа, ТІЛЕГІ бір…

Atr.kz/19 наурыз, 2019 жыл. Бұл сөзіміз бірнеше ұлттың өкілін бір ұяға біріктірген Атырау теміржол ауруханасының ұжымына дөп келеді. Қырық жылдан бері бір тонның пұшпағын илеп келе жатқан ақ халатты абзал жандардың алғаны тек алғыс қана. Аурухананың бас дәрігері Серік Досжановтың айтуынша, қазір орталық – аймақтағы көпбейімді емдеу-диагностикалық мекеме болып табылады.

Алғашында «Атырау станциясының бөлімшелік ауруханасы» аталып келген теміржол ауруханасы 1973 жылы негізін қалады. «Қазақстан темір жолы» құрылған соң, 2000 жылы «Транспорттық медициналық қызмет» ұйымы болды. Ал 2010 жылдан бері «Медициналық апаттардың теміржол госпиталі» акционерлік қоғамының филиалы «Атырау теміржол ауруханасы» халыққа қызмет көрсетіп келеді. Мол материалдық база, соның ішінде, жаңа медициналық аппаратура, соңғы үлгідегі технология, заманауи құрылғы халық денсаулығын жақсартуға мүмкіндік туғызуда. Мұнда облыс және қала жұртшылығы үшін арнайы стационарлық, амбулаториялық, ал төтенше жағдайларда жоспарлы-кеңестік көмектер көрсетіледі. Ауруханалық кешен типтік үш қатарлы ғимараттан тұрады. Стационар 130 кереуетке есептелген. Сондай-ақ, хирургиялық, гинекологиялық, терапевтикалық, киникалық-диагнгостикалық зертхана және физиотерапевтикалық бөлімшелер бар.

Осындағы гинекология бөлімінің меңгерушісі болып жасайтын Кирилл Чендев – болгар ұлтының өкілі. Өзі Қырымда, қарапайым жұмысшылар отбасында туған. Отбасымен Қазақстанға небәрі үш жасында көшіп келіпті. Балалық шағы да сұрапыл соғыс жылдарында өткен. Ол қазақы ортада тәрбиеленіп, қаладағы Абай мектебін үздік тәмамдады. Сөйтіп Ақтөбе медицина институтына оқуға түсіп, жас маман ретінде Атырау облыстық ауруханасына қызметке тұрады. Денсаулық сақтау ісіне дендеп араласады. Медицина саласына әбден машықтанып алған соң, облыстық перзентхананың бас дәрігері болуға шақырту алып, біраз жыл абыройлы қызмет атқарады. 

kirill

– Атырау теміржол ауруханасы алғаш ашылған кезде осында бас дәрігер болып тағайындалдым. Елбасымыздың әлеуметтік салаға деген үлкен қамқорлығы мен мемлекеттік бағдарламалар көмегімен Үкіметтен үйді де, басқасын да алдым. Қырық жыл табан аудармастан гинекология бөлімін меңгеріп, өте ұйымшыл ұжымды басқардым. Қазір аурухана түгелдей заманауи құрылғылармен жабдықталған.

Отбасыма келсем, орыс ұлтынан жар сүйдім, бүгінде ұлым дәрігер-онестизиолог, қызым – экономист. Болгар жеріне сонау 1979 жылы олимпиадалық ойындар қарсаңында барғаным есімде. Сол кезде көрген  болгарлықтардың жадағай тұрмысы қазір де көп өзгерген емес. Қайта біздің Қазақстанымыз дамудың даңғыл жолымен алға нық қадам басумен келеді.

Атам соғыста қаза тауып, одан өрбіген ұрпақ әлемнің түкпір-түкпірінде қоныстанып қалды. Бас қолбасшы Сталин өмірден өткен соң, бауырларымызды іздеп, үш туысымызды таптық. Мұның бәрін айтып отырғаным, Қазақстандағыдай бейбітшілік пен тыныштықтың қадірін біліп, басымыздағы бақты бағалай білуіміз қажет, — дейді әңгімеміздің кейіпкері.  

Қаны белорус болғанымен, жаны қазақ Сергей Романюк те аталған ұжымда электрик болып жасайды. Бұған дейін ол түрлі еңбек жолынан өтіп, маңдай терімен абырой терді.

sergej

«Мен болгар мен орыс ұлтының өкілдері құрған шаңырақта дүние есігін ашып, интренационалдық тәрбие алдым десем де болады. Әкем мен анам құрылыс саласында қызмет қылған қарапайым еңбек адамдары. Мен де оныншы сыныптан соң қаладағы телефон станциясында шеберлік шыңдап, қазір осы ауруханамызды жарықтандырып келемін» дейді Николаевич. Міне, біздің тарихты керек десеңіз, басқа ұлтқа шейін білетін боп шықты.

Бір ұжымда бас қосқан сан ұлттардың тағы бір өкілі – Тайыр Ещанов. Ол Қазақстанға 2001 жылы Өзбекстан елінің Қоңырат жерінен қоныс аударған. Мұнайлы шаһарда тамырын тереңге жіберген жан өткенге өкінбейтінін айтады.

tajyr

– Ростов қаласындағы құрылыс техникумында оқып келген соң,  бар білігімді осы жердің игіліне жұмсауға бет бұрдым. Балаларым қазақ топырағында өсіп-жетілді. Бүгінде біреуі шетелдік мекемеде сәулетші-дизайнер, екіншісі Астана қаласында іс-тәжірибеден өтуде. Ал кенжем осындағы қазақ-түрік лицейінен түлеп, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Британия университетінде білімін шыңдауда, — дейді өзбек ағайынымыз.

Иә, «аспан құсын көпсінбейді» деген. Қайта, сан ұлттан құралған қазақ қоғамы – бірлігі жарасқан бірегей елдің көрінісін беруде.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Суреттерді түсірген автор

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button