«ТІЛДАРЫНДА» ШЫН ДАРЫН АНЫҚТАЛДЫ

«Ақ Желкен» шығармашылық орталығында үш тілді жетік меңгерген жастар арасында «Тілдарын» облыстық олимпиадасы өтті.

 

Ұйымдастырушы – Атырау облысы Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы.Жарыстың мақсаты – үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген қабілетті жастарды анықтау және қолдау, тілдік қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырып, көп тілді меңгерген тұлғаны тәрбиелеу, қазақстандық патриотизмді нығайту, өзге халықтардың мәдениеті мен тілін құрметтеу.

Білім сынағына «Теңізшевройл» ЖШС, «Атырау мұнай өңдеу зауыты», «Қазақтелеком» мекемелерінің қызметкерлері, жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Олимпиадаға қатысушыларға берілген тапсырмалар – тақырыптың мазмұнын толық ашу, берілген тақырып бойынша эссе жазу, мәтінге ілеспе аударма жасау. Үміткерлер үш деңгейлі байқаудан өтті. Біріншісі – қазақ тілін, екіншісі – ағылшын тілін, үшіншісі – орыс тілін білу.

Талапкерлер өнерін бағалау кезінде тілдерді меңгеру деңгейі, жауаптың орамдылығы мен сапасы, айтылған ойдың мазмұндылығы мен ерекшелігі, берілген уақытты тиімді пайдаланылуы ескерілді. Тіл додасының міндетті шарты бойынша алдыңғы деңгейден өткен қатысушы  келесі  деңгейге қатысты.

Сынақ нәтижесінде жеңімпаздар дипломдармен, алғыс хаттармен және басқа да сыйлықтармен марапатталды. Бас жүлдені иеленген жеңімпаз республикалық байқауға жолдама алды.Үшінші орын Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының студенті Индира Сағынбаеваға бұйырды. Екінші орынға «Теңізшевройл» компаниясынан келген Гүлзада Мырзағалиева ие болды. Бірінші орынды Атырау медицина колледжі студенті Регина Оразова жеңіп алды. Ал, бас жүлде Н.Назарбаев зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысы Шайдоллаева Шырайлымның қанжығасында кетті.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз