Тіл үйретуді бесіктен бастау керек
Atr.kz/3 қыркүйек, 2019 жыл. Менің ұлтым өзге болғанымен, арман-мақсатым, өмірлік мұратым отандастарыммен бірдей. Себебі, осы жердің ауасымен тыныстап, елдің игілігі жолында тіршілік етіп келеміз. Ал, ел бірлігін нығайтудағы еліміздегі әр қадам біздің өмірге деген ынтамызды одан әрі арттыра түседі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында біздің басты ұстанымымыз ел бірлігі екенін айтты. Иә, бүгінгідей алмағайып уақытта ең алдымен қоғамдық келісімді нығайту озық ойдан туған идея дер едім. Осы орайда ел Президенті «Әлеуметтік және этникалық топтар арасындағы келісім – бүкіл қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі. Осыған орай, саяси үрдістерді саралап, бірлігімізді нығайта түсу үшін нақты шаралар қабылдау керек» деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар, этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасалып, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейетінін айтты.
Еліміздің өзге өңірлері секілді Атырауда да түрлі этнос өкілдері мен этномәдени бірлестіктер Достық үйінде шоғырланған. Онда облыстағы 19 этномәдени бірлестіктердің орталықтары орналасқан. Біз сол жерде іс-шараларымызды жоспарлап, ұлттық құндылықтарымызды жинақтап, насихаттап жүрміз. Яғни, әр ұлттың тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрін сақтап, дамытуға жағдай бар. Бірақ, олар өз мүдделерін ғана ойламай, мемлекетімізді дамытуға атсалысып, тілін үйреніп, дінін құрметтеп келеді. Өзім қазақ тілінде еркін сөйлеймін және білгенімді бірлестік мүшелеріне үйретуге де ерінген емеспін. Маған мемлекеттік тілді білген өте қолайлы. Жергілікті халықпен емін-еркін сөйлесіп, кез-келген ортада өз ойымды жақсы жеткіземін.
Жыл сайын түрлі ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді насихаттауға арналған шаралар өтіп жүр. Мәселен, қазақ тілінің қолдану ауқымын кеңейтіп, тіл мәдениет дамыту мақсатында биыл Достық үйінде «Тіл парасат» атты облыстық форум болды. Форум барысында әсіресе жастардың қазақ тіліне деген қызығушылығы арта түскені байқалды. Яғни, мемлекеттік тілдің мәртебесі биіктеп, уақыт өткен сайын ұлтаралық қатынас тіліне айналып келеді. Ал, беделін одан әрі арттырамыз десек, ең алдымен отбасындағы бала тәрбиесіне мән беруіміз қажет. Педагог болып, балалармен жақын жұмыс жасағандықтан олардың жанын жақсы түсінемін. Қазақ «не ексең, соны орарсың» дейді. Біз балаға не үйретсек есейгенде соны көреміз. Ол қазақша үйретсек-қазақша, орысша үйретсек-орысша сөйлейді. Тіпті тілі шықпаған бала қандай мултьфильмдер көрсе, оның айтатын алғашқы сөзі сол тілде болады. Сондықтан, ұлт болып ұйысып, мемлекеттік тілде сөйлейміз десек оны бесіктегі баладан бастауымыз қажет. Сонда ғана, біздің мемлекетіміз ұстанған саясат өз жемісін береді.
Раиса БИТКОВА,
«Светоч» словян этномәдени бірлестігінің төрайымы
Фото — www.zakon.kz