Еуразиялық интеграция: ТЕҢ ҚҰҚЫЛЫ, ТИІМДІ ОДАҚ

Әлемдегі интеграциялық үдерістер жеке бір
адамның немесе топтардың мүддесін көздеу үшін ұйымдастырылған дүниелер емес. Бұлар - егеменді мемлекеттердің өзара келісіммен, бір-бірін қолдау, бір-бірінің өндірісіне, сауда айналымына кең рынок ашу үшін, яғни жан-жақты дамуына жол ашатын өте тиімді амал ретінде бүгінгі күні кеңінен қолданылып отырған құрылымдар. Өйткені, мемлекеттер қазіргі заманда бір-бірімен ынтымақтасу арқылы ғана даму жолында жақсы табыстарға жете алады. Интеграция қатысушы елдердің ішкі және сыртқы дамуына экономикалық, әлеуметтік, мәдени мүмкіншіліктер тудырады. Соны алдымен экономикасы да, мәдениеті де озық Еуропалық одақ елдері түсінді.

Бүгінгі таңда әлемде 20-ға жуық халықаралық, аймақтық экономикалық бірлестіктер бар. Солардың ішінде Батыс Еуропада құрылып, бүгінгі күні құрлықтың негізгі аумағына тарап отырған Еуропалық одақты (ЕО) және Еуропа Еркін сауда ассоциациясын (ЕСЕА), Солтүстік Америкадағы – Солтүстік Америкалық Еркін сауда ассоциациясын (НАФТА), Азия-Тынық мұхиты аймағындағы елдердің Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығының ассоциациясын (АТЭС), Азиядағы – Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің ассоциациясын (АСЕАН), Латын Америкасындағы – Латын-америкалық Интеграция ассоциациясын (ЛАЙ) және «Меркосур», т.б. озық интеграциялық құрылымдар деп атауға болады.

Осы экономикалық интеграция бұрынғы мемлекетаралық экономикалық ынтымақтастықты адамзат тарихының жаңа кезеңінде ғылыми-техникалық прогрестің негізінде тереңдеткен үдеріс болды. Оны Еуропалық экономикалық одақтың үлгісінен жақсы көріп отырмыз. Онда халық пен мемлекет өмірінің барлық салалары бұрын ешқашан болып көрмеген көлемде интеграцияланып отыр. Оларда өзара кеден түгіл шекаралық кедергілер де жоқ. Мәселен, Шеген аумағының бір мемлекетіне кірсеңіз, сол аймаққа енетін барлық елдерді еш кедергісіз аралап шығуға болады.
Посткеңестік елдер басшылары арасында оның бүгінгі кезеңдегі дамуға аса қажетті үдеріс екенін ең алғашқы болып көре білген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болды. Еліміздің Тәуелсіздік алғанына екі жарым жылдай ғана уақыт өткен 1994 жылдың наурыз айындағы Мәскеуге барған ресми сапарында Елбасы Мәскеу мемлекеттік университетінің оқытушыларымен және студенттерімен кездескен еді. Сонда ТМД елдерінің одан әрі дамуы үшін өзара интеграциялық үдерістерді жүргізуі керектігі жөніндегі идеясын алғаш рет айтты.
– Посткеңестік кеңістіктің дамуы алдағы уақытта екі үрдіспен анықталады деп айтуға болады. Біріншіден, ұлттық мемлекеттің қалыптасуымен және екіншіден, ТМД елдерінің интеграциясымен. Осының бәрі де заңдылық. Ғылыми-техникалық прогрестің қатты дамып, тұтыну рыногы үшін жанкешті талас болып тұрған жағдайда тек бірлесе отырып қана өмір сүруге болады. Қараңыздар: көпғасырлық мемлекеттік тарихы бар Батыс Еуропа елдері бірігіп жатыр. Олар әлемдік рыноктың Солтүстік Америка, Жапония, қала берді азиялық «жас жолбарыстардың» арасында қатты бөлініске түскенін көріп отыр, – деген еді Н.Назарбаев.
Елбасының өміршең идеясы нақты нәтижелерге ұласа бастады. Бұл бастаманың оңайлықпен жүзеге аспағаны бесенеден белгілі. Кедергілер аз болған жоқ. Алайда, Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси ерік-жігерінің арқасында бүгінгі заманда интеграцияға еш балама жоқтығына көзіміз жетті. Ендігі қадам – тарихи қадам. Өйткені, үш мемлекет – Ресей, Беларусь және Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ (ЕЭО) құру туралы келісімге қол қойды. Осыған орай, ЕЭО-ға қатысты бірер мәселеге толығырақ тоқталғанды жөн көрдік.
Біріншіден, жаңа бірлестік тек қана экономикалық одақ болады. Еуразиялық экономикалық одақ құруда әңгіме тек экономикалық интеграция жөнінде болып отырғанын Елбасы Н.Назарбаев әлденеше рет мәлімдеді. «…Біздің интеграциялық бірлестікте саяси егемендік тұрақты, бұл – аксиома. Оның есесіне экономикалық интеграция ұлттық мемлекеттілікті нығайтуға, экономиканы дамыту арқылы оны неғұрлым орнықты етуге мүмкіндік береді. Одаққа кіретін әр елдің егемендігі толық көлемде, соның ішінде халықаралық деңгейде тек нығайып, өркендейді», – деді Президент Мәскеуде 2013 жылдың 24 желтоқсанында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында сөйлеген сөзінде.
Екіншіден, «Еуразиялық
экономикалық одақ құрылғаннан кейін КСРО-ға қайтып ораламыз және Қазақстан Ресейге бағынышты ел болады», – деу – абсурдтық пайымдау. Нұрсұлтан Назарбаев интеграциялық бірлестіктің негізінде тек қана экономикалық прагматизм, ашықтық, барлық шешімдерді қабылдауда құрмет, еріктілік, теңдік сияқты мызғымас қағидаттар жатқанын бірнеше рет қадап айтты. ЕЭО құру туралы шарттың жобасына халықаралық құқықтың көпшілік мойындаған қағидаларын құрметтеу сияқты негізгі қағидаттар енгізілген.
Үшіншіден, ЕЭО-ның құрылуы еліміздегі мемлекеттік тілдің дамуына ешқандай залалын тигізбейді.
Төртіншіден, ЕЭО сияқты интеграциялық бірлестіктер шеңберінде шешім қабылдағанда Қазақстанның құқықтары шектелмейді. Еуразиялық экономикалық комиссиядағы шешімдер қабылдау механизмі Кеден одағына мүше қандай да бір елдің басымдыққа ие болуына жол бермейді. Негізгі шешім алқа шеңберінде білікті көпшіліктің үштен екісінің қалауымен қабылданады. Сонымен қатар, Кеңес мүшелері ұлттық мүддеге қайшы келетін кез-келген шешімге қарсылық танытып, оны шешімдер тек өзара бәтуаластықпен қабылданатын үкімет басшыларының немесе мемлекет басшыларының деңгейіне шығара алады. Мұндай ұстаным, шешім қабылдарда барлық тараптардың мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге жол ашады.
Еуразиялық экономикалық
одаққа ену Қазақстанның Ресей алдындағы саяси, ақпараттық және экономикалық тәуелдігін күшейте түседі деген болжамдар жасалуда.
Ресейге тәуелді болу мәселесіне қатысты көптеген дәйектер келтіре отырып-ақ бұл теорияны теріске шығаруға болады. Біріншіден, еуразиялық интеграция – ол, ең алдымен, саяси егемендікке ешқандай нұқсан келтірместен, тауарлардың, қызметтердің, инвестициялардың, еңбек ресурстарының, кәсіпкерлік белсенділіктің алға басуы үшін кедергілерді алып тастау мақсатын көздейтін экономикалық бірлестік.
Екіншіден, бұқаралық ақпарат құралдары ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан алғанда сезімтал мәселелердің қатарына жатады, сондықтан ол экономикалық интеграция құралы болып табылмайды және ешқандай түрде құрылатын одақтың құзырына берілмек емес. Бұл Қазақстанның ұстанымы болатын, түптеп келгенде ол біздің әріптестеріміз тарапынан да қолдау тапты.
Үшіншіден, жоғары технологиялық салаларды, бірінші кезекте телекоммуникацияны интеграциялау үшін жақсы алғышарттар қаланбақ. Ақпараттық технологиялар саласының мейлінше шапшаң дамитыны баршаға мәлім. Әлемдік брендтер тәжірибесін пайдалана отырып, бірлескен жобалар құру барысында осы жайтты тиімді пайдалану қажет.
Әрине, бұл интеграциялық құрылым туралы кереғар пікірлер де айтылып қалып жатады. Оған себеп кейбір ресейлік саясаткерлер мен журналистердің бұл құрылымды Ресей империясын қайтадан қалпына келтіру жолындағы әрекет деп бағалауында. Мұндай пікірлердің болуы заңды, өйткені, Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің өзара ынтымақтастықты күшейтіп, экономикалық тұрғыдан биік нәтижелерге жетуіне іштей қарсылар да жоқ емес, әрине. Олар бұл құрылым тек экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге қызмет етеді деген оның негізгі постулатын қасақана теріс бұрып, оны саяси құрылым деп бағалауға құштар. Ал, Кеден одағының экономикалық тиімділігі айдан анық. Мәселен, Кеден одағы құрылмай тұрған 2009 жылы үш мемлекеттің арасындағы өзара тауар айналымы 47 млрд. 135 млн. АҚШ доллары көлемінде болса, Кеден одағы құрылған бір жылдан кейін ғана бұл көрсеткіш 33,9 пайызға артып, 63 млрд. 101 млн. долларға жетті. Ал, 2012 жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымының көлемі 68 млрд. 582 млн. доллар болды.
Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы елдер – Қазақстан, Белоруссия, Ресейдің аумақтық көлемі әлемнің 15 пайызын қамтып, жер шарындағы халықтың үш пайызын, әлемдік ауыз су мен пайдалы ресурстардың 20 пайызын, мұнай қорының 7-8 пайызын, астық өндірудің 5,9, темірдің 5,1, электр қуатын өндірудің 5,5 пайызын құрайды екен. Аталмыш экономикалық одақ әлемдік ішкі өнімнің 4,5 пайызына ие.
Қазіргі таңда Кеден одағына мүше елдер аймағында 1600-ден аса жоғары оқу орындары қалыптасып отыр. Олар Қазақстанда – 139, Белоруссияда – 55, Ресейде – 1400 оқу ордасы. Бұл мысал алдағы кезеңде өзара білім-ғылым интеграциясы даму сатысына аяқ басқан тұста қатысушы елдердің экономикалық биіктерді бағындыруына зор үлес қосатын сауатты мамандар легі келе жатқанын көрсетсе керек.
Білім – ғылым интеграциясы жағдайында өзгелермен тереземіз тең болу үшін біз ғылыми ізденістер мен зерттеулерге қаржыны жеткілікті дәрежеде бөлуіміз қажет. Бұл ретте Қазақстанның аяқ алысы айтарлықтай. Мәселен, ғылыми тәжірибелер мен ізденістерге орта есеппен ішкі жалпы өнімнің ортақ қазанынан 20 АҚШ долларын жұмсап отырсақ, Ресейде бұл көрсеткіш 100 АҚШ доллары, ал Америкада 999 АҚШ доллары.
Еуразиялық экономикалық
одақ базасын тиімді пайдалана отырып біз жоғары білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеруіміз керек. Барлық қажетті мамандықтарға тартылатын жас мамандардың ортақ жүйесін және зияткерлік талабын көтерудің де ортақ жүйесін қалыптастыруға қол жеткізген жөн. Жуырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Білім және ғылым министріне бірқатар жаңа тапсырмалар мен жоғары оқу орындарының сапасына қатысты нақты ұстанымдарды айқындау туралы тапсырма жүктеді. Яғни, келешекте білім мен ғылым саласына баса назар аудара отырып, біз отандық білім беру жүйесін нығайтумен қатар, жас мамандарды даярлау, олардың халықаралық дәрежедегі білім деңгейін өсіру, экономикалық интеграция жағдайындағы сұранысының артуын да жүйелеуге қол жеткіземіз.

Еуразиялық экономикалық одақ турасындағы ойымызды түгендер болсақ, Мемлекет бас
шысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2011 жылдың 25 қазанында «Известия» газетінде жарық көрген «Еуразиялық одақ: идеядан болашақтың тарихына дейін» деп аталатын мақаласындағы мына бір сөздермен аяқтағым келеді: «Біз Еуразиялық одақты ашық жоба ретінде қарастырамыз. Оны мысалы, Еуроодақпен, басқа бірлестіктермен қоян-қолтық қарым-қатынассыз көзге елестете алмаймыз. Алайда, біз бұрынғы КСРО-ны қайта қалпына келтіруді ойлап отырған жоқпыз. Бұл – бар-жоғы өткенді аңсайтындардың қиялы, болжамдары және бас пайдасы үшін пайдаланып қалғысы келетін іс-қимылдары ғана. Ең бастысы, бұл жерде біздің көзқарасымыз Ресей, Беларусь және басқа мемлекеттердің ұстанымдарымен толық сәйкеседі», – деп атап көрсеткен болатын Қазақстан басшысы. Осы сөздерден-ақ құрылғалы жатқан Еуразиялық экономикалық одақтың қандай сипатқа ие болатынын жақсы түсінуге болады.

Бейбіт МАМРАЕВ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік
университетінің ректоры, Еуразия халықаралық
экономикалық Академиясының академигі, профессор.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз