«Тіл білудің өнегесі – бізде»

каз яз Білім

Жыл сайын 22 қыркүйек Қазақстан халқы тілдері күні ретінде дәстүрлі түрде аталып өтіледі. Соған сәйкес, қыркүйек айы тіл айлығы ретінде ұйымдастырылып келеді. Мереке қарсаңында оқушыларға бірнеше тілде білім беріп  отырған Атырау қаласындағы химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Айдарбек Төлепұлы Айтпөкешевті әңгімеге тартқан едік.

%d0%ba%d0%b0%d0%b7-%d1%8f%d0%b7

– Айдарбек Төлепұлы, елімізде тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы сіз басқаратын білім ордасында белсенді түрде жүзеге асып келеді. Өйткені, мектебіңізде сабақтар бірнеше тілде оқытылады…

– Мемлекеттік тіл – біздің ана тіліміз. Ана тілімізде таза сөйлеп, еркін қарым-қатынас жүргізу тек оқушылар үшін емес, ұстаздар мен ата-аналар үшін де маңызды. Сол себепті, мектеп өмірінде барлық іс-қағаздар, мәдени-көпшілік шаралар ең әуелі қазақ тілінде жүргізіледі. Оқытушыларға қазақша сөйлеу және қарым-қатынас жасау талабы жоғары. Өйткені, біз балалардың ана тілінде таза сөйлеуі үшін үлкендердің, сәйкесінше, үлгі көрсетуін талап етеміз. Бала үлкендерге қарап бой түзейді емес пе?!

Өңірдің өзіндік ерекшелігіне де байланысты шығар, мектебіміздегі оқытушылар мен оқушылардың басым бөлігі – қазақ ұлтының өкілдері. Атыраудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде әр бала қазақ тілін түсінеді, еркін сөйлей алады. Қуантатыны сол, өзге ұлттың балалары қазақша ойлауға машықтанып келеді.

Үш тұғырлы тіл саясатының тағы бір көрінісі деп мектебіміздегі әр күннің өзіндік тақырыбын айта кетуге болады. Дүйсенбі, яғни, бірінші күн – қазақ тілі күні. Апта басында барлығымыз бірдей қазақша амандасып, қазақша сөйлесеміз. Ал, аптаның үшінші күні, сәрсенбі – орыс тілі күні. Жұма – ағылшын тілі күніне арналған. Сонымен қатар, мемлекеттік тілдің дамуына септігін тигізіп отырған оқушылардың арасындағы ақындық, шешендік өнерді дәріптейтін ақындар клубын атап өтуге болады. Өткен жылы мектебімізде өлкенің біртуар тұлғасы Фариза Оңғарсынова атындағы атаулы сынып өз есігін салтанатты түрде ашса, бүгінде бұл сынып жас ақындардың басқосу алаңына айналды.

– Енді оқушылар бойына өз тіліне деген құрмет пен отаншылдық сезімді қалыптастыру бағытындағы оқу-тәрбиелік жұмыстарыңызға кеңірек тоқталсаңыз.

– Бұл орайда жыл сайын қыркүйек айындағы Тілдер күні мерекесіне орай кең көлемде өтетін мәдени шараларды айтуға болады. Ұлттық мейрамдар қарсаңындағы мектепішілік гала-концерттер, кездесулер мен мәдени-ағартушылық шаралардың барлығының бастауында ана тілі, яғни, мемлекетіміздің тілі – қазақ тілі тұр. Тіл тазалығын сақтай отырып, сауатты, мәдениетті сөйлеуге машықтандыру – оқу-тәрбие жұмыстарының басым бағыттарының бірі.

– «Тілдің үш тұғырлылығы»  бойынша оқушыларыңыз қандай жетістіктерден көріне бастады?

– Атырау облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген «Тіл дарын – 2015» байқауында мектебіміздің 12 сынып оқушысы Шырайлым Шайдоллаева бас жүлдені қанжығасына байлады. Шырайлым қазақ, орыс және ағылшын тілін жақсы меңгерген жастар арасында сынға түсіп, тілдік шеберлігін дәлелдеді. Бұл байқаудың шарттары бойынша жедел әрі әдеби аударма, эссе жазу секілді тапсырмалар берілген. Біздің оқушымыз барлық сыннан сүрінбей өтіп, республикалық сайысқа жолдама алды. Атап өту керек, Шырайлым бұлардан бөлек, түрік, араб және хинди тілін жақсы біледі. Мұндай оқушылар мектебімізде аз емес.

– Бірнеше тілді меңгерген ұстаздар мен оқушылардың үлесі қандай деңгейде?

– Мектебіміздегі 11 оқытушы үш тілде сабақ бере алады. Бүгінгі таңда олардың санын арттыру, шетелдік мамандардың орнына жергілікті мұғалімдерді көбейту жұмысы тұр. Ал, оқушыларға тоқталсақ, бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары. Себебі, қазіргі балалардың тілдік дағдылары өзгеше. Үш тілді меңгеру олар үшін өзгеше бір таңсық дүние емес. Әр бала тілді түсінеді, сәйкесінше, өз білім деңгейіне орай жауап бере алады. Яғни, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары – өз ана тілін құрметтейтін, мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін және орыс, ағылшын тілдері бойынша өз білімін әлі де толықтырып келе жатқан табысты жастар.

Үш тілде білім беру бағдарламасы отандық білім сапасына оң серпін әкелетініне менің күмәнім жоқ. Өйткені, көп тіл меңгергеннің білетіні көп, бір тіл меңгергеннің мүмкіндігі аз.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз