Жарнама
Жаңалықтар

«ТІКЕЛЕЙ ЖЕЛІ» – ТҰРҒЫНДАР ҮШІН!

 Ең алдымен, «Дина» базарына барған шаһар басшысы Серік Кенғанұлы мұндағы ет, сүт, көкөніс және азық-түлік өнімдері бағасының еш қымбаттамағанына көз жеткізді. Сиыр еті 950-1000 теңге болса, жылқы еті 1300 теңге. Ал, қазының бағасы – 2000 теңгеден. Ет павильонының бас ветеринары Ардақ Әмірованың айтуынша, күн сайын алпыс сиыр және алты жылқы сойылып, өнімдері халыққа тиімді бағамен сатылуда. 

Картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, қызанақ та бұрынғы құнын сақтап тұр. Қаймақтың келісі 1000 теңге болса, ал, жұмыртқаның бағасы – 18 теңге. Нанды да халық бұрынғыдай 45 теңгеден сатып алуда.  

— Азық-түлік бағалары өзгеріссіз, бұрынғыша қалып отыр. Қазақстандық тауарлар қымбаттауына еш себеп жоқ. Мәселен, ет бағасы осыдан он күн қалай болса, бүгін де сол қалпында. Күн сайын 33 аталым бойынша қазақстандық  тауарларға мониторинг жүргізіп отырмыз. Тауар бағасы жөнінде қалалық әкімдікке күнделікті есеп беріп келеміз. Шектен тыс қымбаттаған тауардың да өтпейтінін кәсіпкерлер түсінуде. Сол себепті, тұрғындарға алаңдауға еш негіз жоқ, — дейді «Дина» азық-түлік кешенінің директоры Оспан Сәлімгереев. 

Кейін «Лимон» сауда үйіндегі «Атаба» супермаркетінде, «Гүл-Нұр» азық-түлік дүкенінде, ақша айырбастау бөлімшелерінде, «Рамстор» супермаркетінде болып, әр тауардың бағасы қаралып, тексерілді.

— Бағаны тұрақтандыру мақсатында былтыр 22 ірі сауда мекемелерімен келісімге келген едік, —  дейді қала әкімі Серік Айдарбеков. – Ал, биыл 24 келісім меморандумына қол қойдық. Меморандумға қол қоюдан бас тартқан тек қана – «Рамстор» супермаркетінің басшылығы. Әрине, кәсіпкерлерді келісімге келуге мәжбүрлей алмаймыз. Әркімнің өз еркі. Алайда, Үкімет тарапынан бизнеске үлкен қолдау бар. Несие алу, тауарларды тексеру бағытында көптеген жеңілдіктер қарастырылуда. Кәсіпкерлер мұны да түсінуі керек. «Рамстор» дүкенін  аралап  шықтық.  Еш  тауардың бағасы көтерілмеген. Тіпті, кей тауарларға жеңілдіктер жасалған екен. Әсіресе, сүт өнімдеріне. Теңгенің құнсыздану жағдайын пайдаланып, бағаны көтеруде шектен шыққандардың шарасын аламыз. Облыста арнайы жұмыс тобы құрылды. Күніне екі  рет  рейдке  шығып, сауда орындарында бағаны қадағалап отырамыз. Теңгенің жаңа бағамына байланысты «тікелей желі» жұмыс жасайды. Азық-түлік, жанар-жағармай бағаларының негізсіз көтерілу фактілері, валюта айырбастау кезінде  белгіленген межеден көтеріп сату жағдайы байқалған ретте 27-28-31 және 27-28-12 телефондарына хабарласуға болады.

«АС-Жасыл аю» ақша айырбастау бөлімшесінде болған қала әкімі валюта курсын бірқалыпты ұстауды, халықты алдамауды нақты тапсырды. Шаһар басшысының айтуынша, «Ұлттық банк»  АҚ-ның  облыстық  филиалы валюта айырбастау бөлімшелеріндегі валюта курсын күн сайын бақылап, тексеріп отырады. Байқағанымыздай, Махамбет көшесі бойындағы барлық ақша айырбастау бөлімшелерінде валюта курсы бірқалыпты  сақталған. Сондай-ақ, бензин  бағасының  да  өсімі  байқалмайды. Бұған қала әкімімен бірге жанар-жағармай стансаларында болған кезде толық көз жеткіздік. 

Айгүл ЕРТІЛЕУ,
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button