Балаңыз бақылауда болсын!

00aa Жаңалықтар

Atr.kz/8 қараша, 2019 жыл. Әр отбасы баланың тәрбиесін босаңсытпауы керек. Көшеде бөтен баланың теріс әрекетін байқасаңыз, оған бей-жай қарамаңыз.

Жалпы, балаға немқұрайлылық танытқан ата-ана жауапқа тартылады. Мұндай өзекті мәселені қоғам болып жұмыла шешсек қана, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға болады.

Ал, облыс көлемінде есепте тұрған кәмелетке толмағандар және қолайсыз отбасыларда тәрбиеленетін кәмелетке толмағандардың тарапынан жасалатын қылмыстар мен құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында қандай жұмыстар атқарылды?

Жалпы, жасөспірімдердің тұрғылықты мекен-жайлары тексеріліп, алдын алу жұмыстары тұрақты жүргізілетінін атап өткен жөн. Есепті мерзімде облыс көлемінде Ішкі істер органдарының профилактикалық есебіне барлығы 71 отбасы және олардың 130 кәмелетке толмаған балалары есепке қойылса, қазіргі уақытта 186 жайсыз отбасы мен 393 балалары есепте тұр. Барлығы 68 отбасы түзелуіне байланысты есептен шығарылған.

Жыл басына бері есептегі 88 мектеп жасындағы жайсыз отбасынан шыққан балалар бос уақытын ұйымдастырумен қамтылса, 6-ы ауылдық клубтарға тартылды.

Сондай-ақ, «Мектепке жол» акциясы кезінде есепте тұрған тұлғалардың мекен-жайына тексеріс жүргізіп, ішкі істер органдары, жергілікті басқарушы органдар, т.б мекемелермен бірлесіп мектеп формасы, құралдармен қамтамасыз етілді.

 Жергілікті полиция қызметі оқу орындарындағы білім алушылармен   «Жасөспірім-Заң-Қауіпсіздік» тақырыбында түрлі шараларды ұйымдастырды. Бұл кезде кәмелетке толмағандармен және оларға қарсы жасалатын қылмыстарды болдырмау және оның жолын кесу, жол және өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтау бойынша  түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар, Жергілікті полиция қызметінің және төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері ішкі істер органының есебінде тұрған жасөспірімдер мен қолайсыз отбасы санатындағы 186 тұлғалардың мекен-жайы тексеріліп, қауіпсіздік  шаралары бойынша (өрт қауіпсіздігі, ашық тұрған тоқ, терезенің тор сеткілері және т.б.) түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Бұдан басқа ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабында «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру жөніндегі міндеттерді орындамау» туралы жауапкершілік көзделген.  Бұл бағытта көптеген жұмыстар атқарылса да статистиканы азайту қиындық тудыруда.  Атап айтқанда, 2018 жыл – 130 іс болса, биылғы жылдың 9 айында – 169-ға өскені байқалады.

Жұмыс барысында жасөспірімдерге қарсы жасалатын, оның ішінде сексуалдық сипаттағы қылмыстардың алдын алу бойынша, осы санаттағы есепте тұрған ересек адамдарға, тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмау мақсатында әрқайсысының мекен-жайын тексеру арқылы түсіндірме жұмыстарын жүргізуге аса көңіл бөлінеді.

Жалпы, ювеналды полиция бөлінісінің қызметкерлері өз тарапынан жайсыз отбасылар мен оларда тәрбиеленетін кәмелетке толмағандарды анықтауды күн тәртібінен түсірген емес. Сондай-ақ, құқықтық сауаттандыру, олардың жағдайын жақсарту, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу бойынша және тәрбиелеу бағытында алға қойылған міндеттердің орындалуын әрі қарай жалғастыратын болады.

Орынгүл КӨШҚАЛИЕВА,

облыстық полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының құқық бұзушылықтар профилактикасын ұйымдастыру бөлімі ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз