ТИІМДІ БАЙЛАНЫС – ТАБЫС КЕПІЛІ
Меймандарға «қош келдіңіз» айтып, жаңа жылмен құттықтаған аймақ басшысы өткен жылды Қазақстан Республикасы табысты аяқтағанын атап көрсетті.
-Біз қандай бастамалар болсын, көршілес Ресей елімен біргеміз. Ал, биылдан бастап Еуразиялық Экономикалық Одақ күшіне енді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қай уақытта да өзге елдермен байланысымызды нығайтып, кейбір ортақ мәселелерді бірлесіп шешу саясатын ұстанып келеді. Башқұртстан Республикасы мен үшін екінші Отаным секілді. Себебі, студенттік жылдарымды Уфа қаласында өткізген едім,-деді Бақтықожа Салахатдинұлы.
Ресей Федерациясының құрамындағы Башқұртстан Республикасы «Импульс» ғылыми-өндірістік кәсіпорны, жауапкершілігі шектеулі қоғамының ғылыми жетекшісі, химия ғылымдарының докторы Олег Пташко еркін экономикалық аймақта бірлескен кәсіпорын құруға ниет білдіретіндіктерін жеткізді. Ол Атырау облысы әкімдігі мен Башқұртстан Республикасы арасында жасақталған меморандум аясында жүзеге аспақ.
— Біз мұнай-газ саласына химиялық реагенттер шығаратын өндіріс ашуды, кейін бизнесті құрылыс материалдары мен өсімдік өсуін реттеуші әзірлеуге диверсификациялауды жоспарлап отырмыз. Бұл мақсатымызды барлық талаптар мен экологиялық нормаларды сақтап, екі-үш жылда іске асырсақ дейміз. «Импульс» компаниясының ғылыми әлеуеті жоғары, өзіндік өндірісі де қалыптасқан. Сондықтан, соңғы технологияларды қолданысқа енгізе отырып, химиялық өніммен қатар, құрылыс, ауыл шаруашылығы салаларында екі жаққа да тиімді байланыс орнатпақ ойымыз бар,-деген Олег Анатольевич аталған компанияның 1996 жылдан бері мұнай мен газ өндірісіне қажетті химиялық реагент шығаруда тәжірибесі мол, әрі табысты қызмет етіп келе жатқандығын атап өтті. Сондай-ақ, «Импульс» ЖШҚ керекті құрал-жабдықтармен жабдықталған, арнайы екі зертханасы мен темір жол тұрағы да бар. Ресей Федерациясының, Башқұртстан Республикасының ғылым академияларымен тығыз қарым-қатынастағы компания күні бүгінге дейін еліміздегі мұнай-газ саласына бағытталған он беске тарта кәсіпорында болып, өнімдерін таныстырған екен.
Айбөпе САБЫРОВА.
Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.