Терезеден төнген тауқымет НЕМЕСЕ балаңызды қорғап жүрсіз бе?
Atr.kz/18 маусым, 2019 жыл. Соңғы жылдары балалардың терезеден құлау фактілерін жиі еститін болдық. Әлеуметтік желілер мұндай оқиғаларды жарыса жазғанымен, одан сабақ алып жатқандар байқалмайды.
«Кеше екінші қабаттан құлаған сәби ауыр дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді», «Өткен аптада төртінші қабаттағы терезеден құлап кеткен бүлдіршін жансақтау бөлімінде ажал құшты» деген хабарларға елеңдейтіндер де азайғандай. Себебі, мұндай оқиғаларға көпшіліктің құлағы үйреніп барады. Ал, балаларды терезеден құлау жағдайынан қалай қорғаймыз? Темір тор орнатудан басқа тағы қандай амалдар бар? Бұл орайда құқық қорғау органдары не айтады? Баласын қараусыз қалдырған ата-ананы қандай жаза күтіп тұр? Осы сауалдарға жауап іздеп көрген едік.
Бір күнде – үш сәби Бұл жағдайға көп қабатты үй тұрғындары әсіресе, жаз айларында жиі ұшырап жатады. Тіпті оқиға көз алдында болып, шошынып қалғандар да бар. Соның бірі – Алмагүл ықшамауданының Азамат есімді тұрғыны.
«Әдеттегіше кешкі аусымдағы жұмысыма шығып бара жатқанмын. Үйдің бұрышына жақындағанымда соңғы подъездің тұсынан сылқ етіп ауыр зат құлағандай болды. Артыма бұрылғанымда ес-түссіз, терезенің москит торын құшақтап жатқан кішкене қызды көрдім. Жедел жәрдем нөмірін тере бергенімде артынан анасы шығып әйшайға қарамастан баланы көтеріп үйіне кетті. Сонда атааналардың осындай жағдайда алғашқы медициналық көмекті көрсету әрекетін білмейтінін көрдім. Артынша жедел жәрдем келіп, баланы аурухана әкетті» деген ол осы жағдай әлі де көз алдынан кетпейтінін айтты.
Иә, абырой болғанда, бұл бүлдіршін аман қалған. Өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласында терезеге ілініп, одан құлап бара жатқан баланы астыңғы қабаттағы көршісінің ілезде қағып алғаны да бір ғажайып жағдай ретінде есте қалған еді. Осы оқиғаның бейнекөрінісін көптеген адам тамашалап, таңдай қағысты. Алайда, көп баланың бұлай жолы бола бермейді. Терезеден балалар көбіне абайсызда құлайды.
Алайда, жуырда Талдықорғанда балабақша тәрбиешісі екі баланы терезе алдына шығарып, оның бірін екінші қабаттан құлатып алды. Оқыс оқиға бойынша тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп, келесі күні тәрбиеші уақытша жұмыстан шеттетілді. Алғашқыда екі жастағы қыз балалар ауруханасының жансақтау бөліміне ес-түссіз күйде түсіп, кейін есін жиды. Мұндай оқиғаларды жіпке тізгендей айтып шығуға болады.
Мәселен, 17 мамырда Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі елімізде үш баланың терезеден құлағанын мәлім етті. Сол күні Павлодар облысының Ефремовка ауылында бес қабатты тұрғын үйдің екінші қабатының терезесінен 2016 жылы және 2018 жылы туған екі бала құласа, енді бірі Қостанай қаласындағы Абай даңғылында орналасқан бес қабатты тұрғын үйде орын алған. Онда үйде үлкендер болмаған кезде екінші қабаттан 2014 жылы туған ұл бала терезеден құлап кеткен.
Сан соқтырған салғырттық Өкініштісі сол, осындай жазатайым жағдайлардың басым бөлігі кішкене балаларды мүгедектікке әкеліп немесе өліммен аяқталуда. Бізді ойлантатыны да осы. Москит торлар салдарынан қаншама жас өскіннің тағдыры қиылуда. Елорданың өзінде өткен жылы балалардың терезеден құлау фактісі бойынша 30-ға жуық оқиға орын алған. Жылдан-жылға өсіп отырған сандарға қарап дабыл қақпасқа болмайды.
Ал, Атырауда жыл басынан бері осындай үш жағдай орын алған. Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаменті басқармасының аға инженеріазаматтық қорғау капитаны Айгүл Картимованың айтуынша, аталған жағдайлардың алдын алу және болдырмау мақсатында департамент қызметкерлері қала және аудан аумағында орналасқан тұрғын үйлерде профилактикалық шаралар өткізуде.
«Шара барысында қызметкерлер ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, соңғы уақытта балалардың көп қабатты үйлердің терезелерінен құлауы көбейіп кеткендігін, қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтаса қайғылы жағдайларды алдын алуға, адам өмірі мен денсаулығын сақтауға болатындығы айтылуда. Шараны өткізу кезінде биіктен құлау салдарынан болатын қайғылы жағдайлардың алдын алу шаралары туралы барлық ата-аналарға жадынама таратылуда» деді.
Рас, сақтық шаралары жүргізілуде. Алайда, мамандар сәбилердің терезеден құлауының ең басты себебі ата-ананың салғырттығынан болатынын айтады. Енді аяққа тұрып, жүре бастаған, «көрсембілсем» деген ниетпен әр нәрсені ұстап көретін баланы терезесі ашық тұрған бөлмеде жалғыз қалдырып кететін де ата-анасы. Бұл орайда тәжірибелі заңгер Рысты Қалиева баланы қауіпті жағдайда қалдыру Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 119-бабы бойынша қаралатынын айтады.
«Бұл қылмыс жеке адамға қарсы қылмыстық құқық бұзушылық болып саналады» дейді ол.
Ал, зейнеткер-ұстаз, ҚР Халыққа білім беру ісінің озық қызметкері Меңсұлу Мұқанбет ел арасында мұндай оқиғаның көбеюі ата-ананың жұмысбастылығынан екенін айтады.
«Шыны керек, көпке топырақ шашпаймын, дегенмен, ата-аналардың басым көпшілігінің балаға қарайтын уақыты жоқ. Өйткені, замана көшіне ілесіп, қатардан қалмаудың қамын ойлайды. Тіпті, бос уақытының көбін телефонға үңілумен өткізеді. Салдарынан баланың жапа шегетінін кеш біліп жатады. Шама келгенше, әр ана мен әке бала тәрбиесімен айналысып, қауіпсіздігіне жіті мән берсе, қоғамда балаға қатысты жазатайым оқиғалар орын алмас еді» дейді.
P.S.
Салғырттық сан соқтырады. Тоғыз ай, тоғыз күн құрсағында көтерген сәбиінен қапияда айырылып қалу қай ата-анаға да оңай тимесі анық. Сондықтан, баланы көзден таса қылмай, қауіпсіздік шараларын күшейткен абзал.
Мәлике ҚУАНЫШЕВА