ТЕОРИЯ МЕН ТӘЖІРИБЕ
Бүгінгі таңда елімізде дуальды оқыту жүйесін жетілдіру кәсіптік-техникалық білім беруді дамытудың басым бағыттарының бірі болып табылады. Бұған басты назар аударған Елбасының өзі де халыққа арнаған Жолдауында: — «Мұндай жүйе өзін әлемнің алдыңғы қатарлы дамыған елдерінде жақсы жағынан көрсеткендігін білеміз. Сондықтан да, солардың тәжірибелеріне сүйене отырып, өзімізде де ірі компаниялардың көмегімен оқытудың осынау өміршең тәсілін тереңінен енгізіп, батыл қадамдар жасауымыз керек. Әрине, мемлекет те бұл мәселеде өзіне тиесілі міндеттерін атқарып, мүдделілік танытып отырады» деген болатын.
Аптаның алғашқы күні ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықованың төрағалығымен Атырауда өткен жұмысшы кеңесіндегі әңгіме де осы тұрғыда өрбіді. «Толыққанды дуальдық білім беру жүйесін енгізу шеңберінде мұнай-газ серіктестерімен әріптестікті нығайту» тақырыбында «Кәсіпқор» Ұлттық холдингі» АҚ-ның Атыраудағы өңірлік кәсіптік-техникалық білім беру орталығының базасында ұйымдастырылған келелі кеңеске қатысушылар әуелі осы оқу орнының материалдық-техникалық базасымен, оқу процесімен танысты. Осымен екінші оқу жылын өткізіп жатқан жаңа тұрпатты кәсіптік білім беру мекемесінде қысқа мезгілде жүзеге асырылған жұмыстардан хабардар болып, жақсы істерге оң пікірлерін білдірді. Көп кешікпей кеңестің де жұмысы басталды. Алқалы басқосуды кіріспе сөзбен ашқан вице-премьер өткізілгелі отырған шараның маңыздылығына тоқталды.
— Қазіргі уақытта республикамызда 31 колледж бен алты жоғары оқу орны мұнай-газ секторына қажетті кадрларды оқытып, дайындаумен айналысады. Студенттер бұларда 11 мамандық және 70 біліктілік бағыты бойынша дәріс алады. Жыл сайын бұл оқу орындарын 7,5 мың адам (оның ішінде 4,5 мыңы арнаулы орта және үш мыңы жоғары оқу орны бойынша) бітіреді. Мәселе сол жас мамандардың меңгерген мамандықтарына сай жұмысқа орналастырылуында болып отыр, — деп бастады сөзін Гүлшара Наушақызы.
— Бүгіндері мемлекеттік деңгейде ерекше мән беріліп, ден қойылып отырған дуальдық жүйемен оқытудың көздеген басты мақсаты да сол – жастарға кәсіби білім берумен қатар, олардың өндірістік тәжірибеден өтіп, алған теориялық білімдерін еңбекпен ұштастыруына жағдай туғызу, соған мемлекет тарапынан белгілі бір кепілдіктердің берілуін қамтамасыз ету. Соның ішінде, еліміздің батыс аймағында, әсіресе, Атырау өңірінде мұнай-газ өнеркәсібі үшін біліктілігі жоғары, барлық талаптарға сай келетін мамандарды әзірлеп шығарудың маңыздылығы зор. Бұл орайда қазірде өзіміз ғимаратында отырған заманауи үлгідегі политехникалық колледжде де тілге тиек етерліктей жұмыстардың барлығын айтуымыз керек. Басқосудың мақсаты — осы салада жинақталған азды-көпті тәжірибені одан әрі байытып, мұнай-газ компаниялары және кәсіпорындарымен әріптес-тікті нығайтудың жолдарын айқындау, бірлесіп іздестіру, түйінді мәселелерді кеңесе отырып шешу, — деді Үкімет басшысының орынбасары.
Оның айтуынша, алдағы уақытта қазіргі кезеңнің ең ірі инвестициялық жобалары саналатын Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен алаңдарын, сондай-ақ еліміздегі үш бірдей мұнай өңдеу зауытын ұлғайту жобаларын кадрлық қамтамасыз етудің бірыңғай, ұтымды тәсілдерін ойластыру міндеті тұр. Сол үшін де мұнай өндіруші, мұнай өңдеуші компаниялар, аймақтық әкімдіктер, Білім және ғылым, Энергетика, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрліктері арасында үшжақты келісімдер жасалады. Бұл жөнінде жұмысшы топтары құрылады.
Вице-премьерден кейінгі келесі сөз кезегін «ҚазМұнайГаз» ҰК салынып жатқан кәсіпорындар дирекциясы» ЖШС-нің бас директоры Нұрлан Балғымбаев еншіледі.
— Әрине, осы өңірлік орталықтың өзі шетелдіктермен бірлескен жоба, олардан үйренеріміз көп болғанмен, жергілікті жастардың колледж қабырғасында толыққанды дуальды білім алуы үшін оқытушылардың да жоғары деңгейден көрінуіне, біліктілік дәрежесінің сай болуына көңіл бөлгеніміз жөн. Теория мен тәжірибе қатар жүргізілетіндіктен, мұнда «тәлімгерлік мектебі» институтын енгізіп, дамытқан дұрыс, — деді ол. — Екіншіден, алған білімді міндетті түрде тәжірибемен ұштастыру шарт. Студенттердің өндірістік тәжірибеден өтетін орындарының жаңа, неғұрлым жетілдірілген жабдықтармен жарақтандырылуына, ескірген шеберханалардың жаңасымен алмастырылуына күш салу керек. Қай мәселені де үйлестіріп, ыңғайына қарай шешуге мүмкіндік беретін түрлі қоғамдық ұйымдар (мәселен, орталық жанынан қамқоршылар кеңесі) құрылса, артық болмас еді. Тұтастай алғанда, кеңестің күн тәртібіне шығарылып, талқыға түскен мәселемен толықтай келісемін. Қордаланған проблемалардың шешімін табуына өз тарапымнан атсалысуға әзірмін.
Кеңестің қарауына шығарылған мәселе бойынша негізгі баяндаманы ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов жасады.
— Шынымен де, кәсіптік білім берудің дуальды жүйесі — бірімен-бірі тығыз байланыстағы шаралар кешені. Оны мемлекет пен бизнес бірлесіп жүзеге асырады. Нақтырақ айтқанда, мұнда бизнестің атқаратын рөлі мен орны мемлекеттікінен артпаса, кем түспейді. Ең алдымен, оның қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігі артады, — деп сабақтады сөзін Аслан Бәкенұлы. — Біріншіден, бұл кәсіби дайындық бағдарламасын бірлесіп жасау. Колледж қабырғасындағы оқыту процесі білім беру және бизнес жүйелерінің бірігуімен әзірленеді. Оқу мерзімінің тең жартысы кәсіпорындарда өтетіндіктен, соның базасында арнайы нұсқаулық дайындалуы тиіс. Бұл құжат кәсіпорында әзірленіп, білім беру мекемесі арқылы бекітіледі.
Екіншіден, мұнда кәсіпорындардың өздері жастарды кәсіптік бағдарлау жүйесіне қатыстырылады. Осылайша, олар мектеп қабырғасындағы балаларды өздерінің базасына шақыра отырып, түрлі жұмыстармен таныстырады. Мұндай тәжірибе Австрия, Германия, Швейцария, т.б. елдерде қалыптасқан. Үшіншіден, кәсіпорындардағы тәжірибеден өту барысы заңдық ресімдеу арқылы реттеледі. Яғни, студентпен, оның ата-анасымен немесе қамқорлығына алушы тұлғамен және мемлекеттік орган өкілімен арада келісім-шарт жасалады. Төртіншіден, белгілі бір кәсіпорын базасында тәжірибеден өту кезеңі — бұл өз алдына зерттеуге тұратын пән. Бесіншіден, мұнда кәсіпорын маман кадрларды дайындайтын өндірістік оқыту шеберін ұстап қана қоймайды, сонымен бірге, колледж оқытушыларының өздерін де қажеттілігіне қарай тәжірибеден өткізеді.
Осыларды әңгімесіне арқау еткен министр нақты мысалдарды келтіріп, дуальды оқыту жүйесін енгізіп, оны серіктес компаниялармен тығыз байланыс және сенімді әріптестікте жетілдіріп, дамытудың оңтайлы жолдарын ұсынды.
Бұдан кейін де кеңес жұмысына қатысушы, мүдделі құрылымдардың өкілдері, Мәжіліс депутаттары, т.б. күн тәртібіндегі мәселеге орай өз салаларында атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып, ойларымен ортақтасты. Олардың қатарында «Кәсіпқор» Ұлттық холдингі» АҚ басқарма төрайымы Эльдана Сәдуақасова, «Казэнерджи» мұнай-газ және энергетика кешені қазақстандық қауымдастығының директоры Ләззат Ақмурзина, НКОК консорциумының корпоративтік сервис жөнін-дегі директоры Мұрат Мұқашев және басқаларын атауға болар еді.
Айтылғандарды мұқият тыңдап, кеңес жұмысын қорытындылаған ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова Білім және ғылым министрлігіне кәсіптік-техникалық білім берудің дуальды жүйесін енгізудің келешегі туралы толық ақпарат қалыптастырып, Үкіметтің назарына ұсынуды тапсырды. Осы тәріздес міндеттерді өзге республикалық ведомостволар мен жауапты құрылымдардың жетекшілеріне жүктеді.
Кеше түстен кейін вице-премьер бастаған топ Махамбет ауданының Жалғансай селосында жаңадан салынып жатқан 300 орындық мектеп құрылысының жайымен танысты. Содан соң Атырау мұнай және газ институтында, политехникалық колледжде, облыс орталығындағы «Таңшолпан» балабақшасында және Жұмыскер-2 елді мекеніндегі №35 мектеп-гимназиясында болды.
Сапар барысында меймандармен бірге облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев, Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев болды.
Дәулетқали АРУЕВ,
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.