«Теңізшевройл» компаниясы Жылыой ауданына 36,5 миллион теңгеге алынған инватаксиді сыйға тартты

e0a1a4dc 7853 443d 9262 580bcdbbaf93 Жаңалықтар


«Теңізшевройл» ЖШС-нің 30 жылдығын мерекелеу қарсаңында Жылыой ауданының мүмкіндігі шектеулі жандарына жаңа инватакси сыйға тартылды, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.

Jac Sunray маркалы автокөлік толығымен жабдықталған және ерекше қажеттіліктері бар адамдардың қауіпсіз қозғалысына бейімделген. Микроавтобус 6 жолаушыға арналған, сонымен қатар бірден екі арбаға арналған арнайы тіректермен және 300 кг-ға дейінгі көтеру күші бар жүк көтергішпен жабдықталған. Көліктің жалпы құны 36,5 миллион теңге.

-Теңізшевройл компаниясының 30 жылдық мерейтойы аясында үлкен мерекелік кеш өтіп жатыр. Осындай керемет күнде ауданымыздағы ерекше жандарға үлкен қуаныш сыйлап, инватакси сыйлап жатырған Теңізшевройл ЖШС-ға аудан әкімшілігі атынан үлкен алғысымды білдіремін,-деді Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова.

Инватакси «Теңізшевройл» ЖШС-нің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «30 игі іс» акциясының шеңберінде сыйға беріліп отыр.

-Арбаға таңылғандардың қалада еркін жүріп-тұруы үшін біздің компания осы мақсатқа арнайы жабдықталған шағын автобус сатып алуды шешті. Компанияның инклюзивті ортаны дамытуға ерекше көңіл бөлетінін атап өткім келеді. Өздеріңіз білетіндей, ТШО «Әлеуметтік инвестициялар» бағдарламасы аясында биыл да «Біз де адамбыз» жобасына демеушілік көрсетіп отыр. Бұл жобаның арқасында мүмкіндігі шектеулі жандар әлемді жаңаша тануды, тезірек араласуды үйренеді. Жақында Жылыой ауданында да «Тиімді оңалту лагері» өтетінін қуана хабарлаймын», – деді ТШО компаниясының үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Дәрмен Аронов.

Айта кетейік, «30 игі іс» акциясы шеңберінде облыста тұңғыш рет «KazakhFest» және жасөспірімдер арасында футболдан жолдастық кездесу өтті. Аталған акция аясында сәуір айында Жылыой ауданы бойынша қоғамдық көлік жолаушыларына үш күн бойы тегін жүру ұйымдастырылып, биыл 6 сәуірде ТШО-ның туған күніне орай өмірге келген балаларға сертификат табыстаумен басталған болатын. Сонымен қатар, акция аясында Құлсары және Атырау қалаларында сенбілік шаралары өтті.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз