roprorpo

Мұрат. Фариза. Әлия…

Жаңалықтар Рухани жаңғыру Қоғам

Atr.kz/15 қараша, 2019 жыл. Таланттардың танылуында белгілі бір заңдылық бар секілді көрінеді. Өзің тікелей куә болған жәйттер осындай ойға жетелейді кейде…

1993 жылғы күзде Атырауда Мұрат Мөңкеұлының туғанына 150 жыл толуына арналған мерекелік шаралар өтті. Осыған орай республикалық ғылыми конференция ұйымдастырылды. Алматылықтар мен атыраулықтар бұған алдын ала тас түйін дайындық жүргізіп жатты. Ең алдымен, елімізге танымал үш ғалымға ақын шығармашылығына байланысты баяндама жасау жөнінде ұсыныс айтылды. Біріншісі – академик-жазушы Зейнолла Қабдолов.

Екіншісі – әйгілі жазушы, зерделі зерттеуші Мұхтар Мағауин. Үшіншісі – белгілі әдебиеттанушы, батыс өңірі мұрасының асқан білгірі Қабиболла Сыдиықов. Үшеуіне де тойға арнайы шақыру жіберілді. Жалпақ жұртқа сыйлы осы үш ағамыздың да бас баяндама жасайтындай жөні бар. Үшеуі де – Мұрат мұрасын қадірлейтін көшелі кісілер. Оның үстіне Мұрат Мөңкеұлының 150 жылдығын атап өту туралы Үкіметке жазылған хатқа осы үш ғалым қол қойған-ды.

Үкімет осыған орай арнайы қаулы шығарды. Қызық болғанда, осы үш ағамыздың да бұл жолы Атырауға жолы түспеді. Не себеп болғаны қазір нақты есімізде жоқ. Сөйтіп, алыптар шоғырының келе алмауына байланысты негізгі баяндаманы жасау міндеті Мұрат мұрасын зерттеп, ғылыми еңбегімізді қорғауға әзірлеп қойған бізге жүктелді. Отызға енді ғана толған кезіміз.

Алматыдан Фариза Оңғарсынова, Ғафиз Есімов, Мереке Құлкенов төртеуміз Атырауға аттандық. Сол сапарда тағы бір бұлақтың көзі ашылғанын көрдік…

Фариза апай айрықша жарқырап жүрді осы күндері. Бізді өзі өсіп-өнген қарашаңыраққа, ағайын-туыстарына арнайы ертіп апарды. Өз өмірінен әңгіме шертті. Мектепте бірге оқыған кластастарымен таныстырды. Ардақты апайымыздың еліне еркелегеніне дейін сондай жарасымды еді. Мұраттың тойында толғанып сөз сөйледі, тебіреніп өлең оқыды. Жүрегіне жыр қонған балауса таланттарды да асықпай тыңдады.

Сол жолы Фариза апайға индерлік бір оқушы қыздың өлеңдері қатты ұнады. Аты-жөні – Әлия Дәулетбаева. Ол қыз өлең оқып тұрғанда жыр падишасы өзгеше бір күйге еніп, оған таңырқай әрі сынай қарап отырды. Бұлай қарайтындай жөні бар-ды. Талдырмаш қыздың өлеңінде тұнық ой бар еді. Сол ойға жан бітіретін мінез бар еді. Өзі де, көзі де өзгеше… Әйтеуір, жай қыз емес. Соны бірден байқады Фариза апамыз. Әдетте ол ұнатпаған адамын «шамалы ғой…» дей салатын.

Бұл қыз шамалы емес, шамадан тыс әсер еткен сияқты. Сол жолы оқушы қызға көңілі құлады. Дүйім жұрттың көз алдында батасын берді, бауырға тартты. Болашағына үміт артты. Аяғын апыл-тапыл басып тұрған балауса жырдың өзгеше өрімін аңғара білді. Маған осы көрініс ерекше әсер етті.

Өршіл өлеңдерімен барша жұртқа танылған замана жыршысы Мұрат Мөңкеұлының тойында өр мінезді Фариза апамның жасындай жарқылдап жүргенінің өзінен керемет үйлесімділік көріп, онсыз да қуанып отырғам.

Енді міне үшінші ақын… Оның өзі мектеп босағасындағы сәмбі талдай бойжеткен. Бар дүниесі – ары кетсе бір дәптер… Кім біледі, жырдың көрігін мықтап ұстаса, бұл қыздан бірдеңе шығар. Фариза апайдың көзі бекер түсті ғой дейсің бе?! Менің Жарасқан ағам «Ертеңім менің – ертегім» деген поэмасында «Сенен, менен, бәрімізден асатын, Дүниеге келеді бір жас ақын!», – демеп пе еді?!

Сол мықты ақын, бәлкім, осы Әлия қыз болар. Фариза апай қайтар жолда да Әлияны аузынан тастамады. Алматыға келген соң күнделікті тіршіліктің ағымына ілесіп кете бардық. «Жас алаш» пен КазПИ-дің арасында қайта-қайта шапқылап жүріп, ғылыми еңбегімізді қорғап тындық.

Содан соң бірыңғай Мұрат мұрасымен айналыстық. Ара-тұра өзіміз қызмет істейтін жетінші қабаттағы «Жас алаштан» үшінші қабаттағы «Пионерді» (басылымның «Ақ желкенге» айналып жатқан кезі) басқаратын Фариза апайға сәлем беруге келеміз. Апайдың көңілкүйі шуақты болса, біраз әңгімелесеміз.

Мұраттың өмірі мен шығармашылығына қатысты мәліметтерді әлі де жинап жатқанымызды айтамыз. Сондайда алыста қалған Әлияның есімі де аталады. Өз басым Мұрат тойынан кейін ол қызды күнде ойлап отыратын едім дей алмаймын. Ал апай… үнемі Индер жаққа құлақ түріп жүретін секілді көрінді маған.

Баршаны мойындатқан «юбка киген Махамбет» қамзол киген бір Мұратты көргісі келген шығар. Сол жылдарда мектеп бітірген әдебиетке құмар ұл-қыздар көбіне КазГУ-дің журфагына немесе филфагына келетін. Келмеді ол қыз…

Бұл кезде КазГУ-де оқытушы едік. Келсе, көрер едік… Сірә, Фариза апайы сияқты Атырауда оқып-ақ ақын болатынына көзі жеткен-ау деймін… Енді сол күндердің естелігін қайта жандандырайық. «Атырау» газетінің 1993 жылғы 7 қыркүйектегі санында Құмарғали Ғабдешұлы мен Құттыгерей Смадияровтың «Туған елмен қайта табысу» деген көлемді мақаласы жарияланды. Бұл – Мұрат Мөңкеұлының 150 жылдың тойы туралы есеп жанрында жазылған дүние.

Сонда мынадай жолдар бар: «Салтанатты жиында жергілікті ақындар Ә.Дәулетбаева, М.Мұхтаров, С.Базарбаев ақын бабаға арналған өлеңдерін оқыды. Шаршы топта өрліктік Әлия Дәулетбаева жарқырай көрінді. Ол өзінің жас талант екенін таныта білді. Ақын апасы Фариза да Әлияға сәт сапар тіледі… Мұрат тойы екі нәрсемен есте қалады дер едік.

Біріншісі – ақынға Атырауда теңдесі жоқ мазар тұрғызылуы болса, екіншісі – жампоз ақынның тойында жас талант Әлия Дәулетбаеваның тұсауы кесілуі. Иә, халайық, Атыраудан тағы бір Фариза қанатын қомдап ұшқалы тұр». Міне, бірі арамызда жүрген, екіншісі бақилық болған қаламгер ағалары да Әлияға осы
лай тілеулестік танытқан екен! Сол титімдей ғана қыз танымал ақын болды ақыры.

Мұрат тойында тұсауы кесілген тай-құлынның дүбірі қазір алыстан естіледі. Лирикасы жұмбақ. Жұмбағымен ерекше. Ерекшелігімен қадірлі. Қадірлілігімен өміршең. Жарайлы, лириканың жөні бөлек. Бұл ақынның құбылмалы көңіл-күйінің жемісі делік. Біз оған ауылының іргесінен мәңгілік мекенін тапқан Мұраттан не жұғысты болды деп қараймыз ғой баяғы. Сол тұрғыдан алғанда ақын қыздың азаматтық ұстанымының да өте жоғары екенін көреміз.

Фариза апайынан дарыған Махамбет-мінез бен туған топырағынан бойына сіңген Мұрат-мінез Әлияның өлеңдеріне де анық қоныпты. Мұны оның «Сол бір сәуле», «Жандауыс» атты кітаптарын парақтағанда айқын аңғарамыз. Мен ботаң ем, шері қалың туғаннан, Шөлін сонсоң, Сорқұдықтан суғарған. Содан тайқы маңдайымда таңбам бар, Содан қайқы таңдайымда у қалған.

Содан бері кекшілдеумін, асқақпын, Сұрмергенмін, сұр жебемді қасқа аттым. Шынықтырдың шыдамсыздау жанымды, Тым биіктен тұңғиыққа тастап мың…

Ал енді осыдан соң Әлия қызды Мұрат ақынмен рухтас емес деп айта аласыз ба?! Өз заманының мұңы мен мұқтажын, қайғысы пен қасіретін қайраткерлік биіктен жырлау екінің бірінің қолынан келе қоймас. Ал оны көркем кестелеп, әрлеп-әдіптеп жеткізу – қиынның қиыны.

Жалпы, елдің қамын ойлап, еразаматша ой толғап («Азаттығым аспанға тигізер деп төбемді, Ақ қағаздың бетіне жазған едім дәмемді»), сол ерлердің ерлігіне сүйініп, ездігіне күйініп («Алшая атқа қонатын абаданды аңсағам, Болып шықты көбісі ұрғашыға тәуелді»), бойкүйездік пен босбелбеуліктің себебін іздеп («Кеткен біздің көкелер жай отына шарпылып, Сол адуын рухтың жұқанасы сарқылып»), кесепат пен кеселді ашына жырлау («Сол телегей теңіздің тамшысы да тартылып, Сұрапылда сонау бір сан жығылып, сан тұрып») – ақын қыздың арқалайтын жүгі ме еді?!

Әлия сол міндетті де мойнына алыпты. Жетіскеннен емес. Өлең жазуды өнер ғана емес, парыз деп санағаннан. Ақындық пен азаматтықты қатар қойғаннан. Бұл – Махамбет пен Мұраттан, Фариза мен Табылдыдан тамыр тартып келе жатқан алтын желі. Ақын қыз осы желіні жүрегімен жалғады. Әйтпесе, «Көңіл неден күпті еді, Есіркеген кімді кім?.. Талайыма біткені, Тесік қоржын тірлігім», – деп жырлаған оның өз айналасының да төрт құбыласы сай деуге келе қоймас. Бірақ соған қарамастан мұқалмайды, мүжілмейді

Жалпы, қазақтың ақын-қыздарының өн бойында бір-бір Фариза жүр. Сол Фариза оларды қанаттандырады, қайраттандырады, мәртебесін биіктетеді, жігерін жаниды, мінезін шыңдайды, өлеңін өсіреді. Қара өлеңді серігіне айналдырған бойжеткендердің біразының бойынан Фаризаның елесін көріп қаласың…

Әрине, Абай болу да, Апай болу да – тағдырдың сыйы. Оны уақыт көрсетеді. Бірақ ардақты апайымыздың қазақ қыздарының арасында поэзия патшалығын құрып кеткеніне қайран қаласың! Жұматайдың қағанаты секілді Фаризаның патшалығы да жыл өткен сайын ауқымын арттырып, аясын кеңейте бермек.

Сол поэзия патшалығының бір тірегі, «Қолқаға у тұндырып, Сайтанды да ұнатқам. Мен біреуді жынды ғып, Мені біреу жылатқан», – деп өңкей мінезді тіркестермен өлең өретін Әлия Дәулетбаева ұстазының аманатына адал болды.

Апайымен қарым-қатынасын үзген жоқ. Ақылдасты, мұңдасты, санасты, сырласты. «Алатаудың басынан ақ жаулығы ұшқан күннен» (Ханбибі Есенқараева) кейін Фариза Оңғарсынова атындағы әдеби ұйым құрып, оған өзі жетекшілік етті. Ең бастысы, қадірлі апайы туралы бірнеше керемет өлең жазды. Келіңіз, бірге оқиық:
Ол о бастан…

Жалғыздық деп аталатын аралдан армандарды аспан жаққа жоғалған, сезімдерді күзгі бақтай тоналған, сосын мына бақытсыздау қоғамнан, өңменіне от инелер қадалған қасіретке мәңгі жолдас боп алған. Мұңлықтардың сүрту үшін көз жасын, Махаббаттың жыршысы боп жаралған…

Ол осылайша «мұңлықтардың көз жасын сүрту үшін махаббаттың жыршысы, у татыған өзектерді емдеу үшін ақиқаттың жыршысы боп жаралған» Фариза апайына жүрегінің түкпіріне ескерткіш қойды. Бұл ескерткіштің тұғыры берік, ғұмыры ұзақ…

Мұрат ақынның туғанына 150 жыл толуына арналған тойда алғашқы ақындық декларациясын жариялаған, сөйтіп Фариза апайдың көзіне түсіп, қамқорлығына бөленген Әлия Дәулетбаева бүгінде өзіндік қолтаңбасы бар жыр жүйрігіне айналды.

Қазір оны жас буынның алдыңғы немесе орта буынның соңғы легінен іздейсің. Іздейсің де, лайықты орнынан табасың. Мұрат – Фариза – Әлия сабақтастығы үздіксіз жалғасып жатыр. «Әлия, Әлияжан, Әлия қыз…» Бұл ән енді сәл басқаша шырқалады…

Бауыржан ОМАРҰЛЫ,

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған