Халыққа қызмет – мерейлі міндет
Atr.kz/13 тамыз, 2019 жыл. Кей азаматтарымыз «мемлекеттік қызмет» деген ұғымды кеңседе отырып алып, құжатқа қол қойып, есеп тапсыру деп түсінеді. Бұл – қате пікір. Халық үшін еңбек ету оңай шаруа емес екені бесенеден белгілі. Олай болса, бұл өз алдына кәсіби шеберлік пен кейде тіпті шығармашылық шабытты да қажет етеді.
Осы орайда ойыма бір жайт оралып отыр. Бұл туралы «көгілдір экраннан» көрген едім. Алыстағы ауылдың білдей бір әкімі өзінің орынбасарына кезекті тапсырма жүктейді. Онысын ойдағыдай орындаған соң, тағы бір мәселені шешуді тапсырады.
Сөйтіп жүргенде бір жыл өтеді. Арадағы уақыт ішінде әлгі орынбасар басшысының бүкіл жұмысын жасап шығады. Жыл соңында орталыққа аяқтай барып есеп беру керек болады. Сол кезде басшылық тарапынан қойылған сұрақтарға орынбасар ғана жауап береді. Жап-жас жігіттің білім-білігіне қайран қалған басшылар дереу екі қызметкердің орындарын ауыстырады. Осылайша, орынбасар бір сәтте басшы болады.
Бұл мыңдаған мысалдардың тек бірі ғана. Мұнымен не айтқым келеді? «Еңбек етсең емерсің» дейді халық даналығы. «Не ексең, соны орарсың» деген нақыл тағы бар. Демек, еңбек пен әділет бәрін де жеңбек. Яғни, қоғамға құр қызмет қылып қана қоймай, сол қызметтің пайдасын да пайымдай білу керек.
Мемлекеттік қызметшінің мерейін өсіретін басты нәрсе, бұл мансап емес, кәсіби шеберлік. Мәселен, белгілі бір кәсіп ретінде киім тігуді алсақ, кез келген адам тиек қадай білсе де, толыққанды көйлектің өзін дайындап шыға алмайды. Бұл үшін ксәіби шеберлік, шалқар шабыт, теңдессіз тәжірибе мен дағды қажет болады. Міне, мемлекеттік қызметке де сондай көзқараспен қараған дұрыс. Яғни, мемлекет үшін еңбек ету де екінің біріне бұйырмаған қасиетті қызмет деп түсінген абзал.
Әрине, кәсіп туралы сөз еткенде, одан шығатын өнім – жасалған жұмыстың жалғыз жемісі болып табылады. Сол секілді, мемлекеттік қызметкердің алдына келген азаматтың бір мәселесі шешілсе немесе әкімнің қабылдауында болғандардың біреуі сұрағына нақты жауап алса, есіл еңбектің өтеуі де сол болмақ. Демек, ел үшін елеңдей отырып, соның нәсібін де көруге болады деген сөз.
Турасын айтқанда, жыл сайын, тіпті, күн сайын десе де болады, мемлекеттік қызметкердің кәсіби деңгейіне деген талап күшеймесе, азаяр емес. Бұл бағытта небір жаңа заңдар қабылданып, түрлі ұсыныстар талқыға түсіп жатыр. Соның ішінде, соңғы кезде көптің көңілінен шығып жүргені басшылық қызметтегі тұлғалардың халық алдындағы есебін әлеуметтік желі арқылы беруі. Жасыратын несі бар, қазір жылт еткен жаңалық ресми ақпарат көздерінен бұрын әлеуметтік желіде жарияланып отырады. Бұл – қоғамда қалыптасып қалған қазіргі жағдай. Одан енді ешқайда қашып құтыла алмайсың.
Бір «әттеген-айы» сол, әлеуметтік желіге жүктелген мәліметтің өтірік не рас екенін ешкім білмейді. Біреу сенеді, біреу сенбейді. Ақиқаттың аражігін ажыратып алу мақсатында бүгінде аудан мен ауыл әкімдері әлеуметтік парақшаларға тіркеліп, сол арқылы тікелей көрсетілімге шығып, халықтың сауалына жауап беріп жатыр. Аймақ пен қала әкімдері де «телеграм» қосымшасына келіп түскен хаттарға дер кезінде жауап беруде. Алдымен таңдай қақтырған техниканың, содан соң бұқарамен бірлесе отырып жұмыс жасауға ниетті мемлекеттік қызметкерлердің өсу мен өркендеуге деген талпынысы құптауға тұрарлық.
Рас, бәзбіреулер «жұртпен бұлай жақындасу басшының беделін кемітеді» деген пікірді де айтып жүр. Ондағысы, «сублимация сақталмаса, басшының сөзіне ешкім құлақ аспайтын болады» дегені ғой. Бұл да сол басшының тікелей өзіне байланысты. Керісінше, халықпен бетпе-бет кездесіп, мұқтаждың мұңын тыңдай алмаған лауазымды тұлғаны кім сыйлайды, сенеді?! Мұны да ескеріп жүрген артық етпейді.
Сөзімнің соңын Абай хакімнің «ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға» деген тамаша бір сөзімен түйіндегім келеді. Мемлекеттік қызмет табыс табудың немесе мансап қуудың жолы емес. Бұл екеуі – екі бөлек дүние. Себебі, өзінің уақытын ұрлап, біреудің бақытын ойлаған жан ешқашан ешкімнің ала жібін аттамайды. Ал, адал еңбек иелері қашан да зор құрмет пен мол марапатқа лайықты. Ендеше, қазірден «мемлекет мен үшін не істеді?» демей, «мен мемлекетке не бердім?» деп ойлану қажет. Осылай ойлаған азаматтан мықты мемлекеттік қызметші шығатындығына сенім мол.
Арман ЖӘДІГЕРОВ,
белсенді жас