Теңіз кенішіндегі инфекциялық стационарда 194 науқас ем алуда
Atr.kz/7 тамыз, 2020 жыл. Атырау облысының Теңіз кенішіндегі инфекциялық стационарда 194 науқас ем алып жатыр.
«Теңізшевройл» компаниясының мәліметінше, кен орнындағы қызметкерлер арасында қауіпті індетті жұқтырудың 3895 жағдайы тіркелген. Науқастардың 2863-і емделіп шыққан.
«Тест қорытындысымен оң нәтиже бергендердің негізгі бөлігі вахтаға бара жатқан қызметкерлер арасында болған. ТШО қызметкерлері арасында 370 жағдай анықталған. Күн сайын расталатын жағдайлардың саны 90%-ға төмендеді. Бүгінгі таңда Теңіз кен орнындағы жұқпалы аурулар стационарында (облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының филиалы) 194 қызметкер ем алуда. Бұл жалпы төсек-орын санының 27%-ын құрайды» делінген компанияның ақпаратында.
Теңіз кен орнындағы оң динамикаға, сондай-ақ, эпидемиологиялық ахуалдың жақсаруы белгілеріне қарамастан, карантиндік шектеулер сақталуда. Бетперде тағу, әлеуметтік арақашықтықты сақтау, өзін-өзі оқшаулау ТШО-ның және мердігер ұйымдардың барлық қызметкері үшін міндетті талап болып қалуда.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Теңіз кенішінде вахталық жұмыс мерзімі ұзаратынын хабарлап едік.