Телефон құрылғысын қалай тіркейміз?
Ұялы байланыс абоненттік құрылғыларын Қазақстан Республикасы аумағында тіркеу ережелері бекітілді.
«Абоненттер үшін ұялы байланыс құралын тіркеу тапсырыс берілгеннен кейін, жеке тұлғаларға 4 сағат және заңды тұлғалар үшін 8 сағат ішінде ақысыз түрде жүзеге асырылады» деп хабарлайды mic.gov.kz сайты.
Он төрт жастан он сегіз жас аралығындағы кәмелет жасқа толмағандардың ұялы байланыс құрылғысын тіркеу олардың заңды өкілдерінің немесе ата-аналарының келісімімен, он төрт жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар үшін заңды өкілдері немесе ата-аналары тарапынан жүзеге асырылады.
Абоненттің ұялы байланыс құрылғысын тіркеу немесе қайта тіркеу үшін оның иесі автоматтық қызмет көрсету жүйесі, сондай-ақ, ұялы байланыс операторының кеңсесіне хабарласу арқылы келесі деректерді ұсынуы қажет:
– ЖСН (жеке тұлға үшін) немесе БСН (заңды тұлға үшін);
– ұялы байланыс абоненттік бөлімінің сәйкестендіру коды;
– тіркелетін ұялы байланыс құрылғысында пайдаланылатын абоненттік нөмірлер.
Ұялы телефондардың пайдаланушылары өз құрылғыларын 2018 жылдың соңына дейін тіркеуі қажет, өйткені 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап тіркелмеген абоненттік ұялы байланыс телефондары байланыс қызметтерін ала алмайды.
Ұялы телефондарды тіркеу үшін ұялы байланыс операторларының абоненттік бөлімшелеріне барудың қажеті жоқ. Абоненттер онлайн түрде немесе SMS арқылы тіркеле алады.