Жарнама
БілімЖаңалықтар

«Техникалық гимназия»: атауы неге өзгерді?

Atr.kz/16 шілде, 2019 жыл. Атырау қаласындағы ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын техникалық гимназияның атауы өзгертілуде. Мұның себебі неде? Атауы ауысқан білім нысанында биылғы оқу жылында нендей өзгерістер орын алмақ?

Осы және өзге де сауалдарға Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы Фаруза Шангереева жауап берді. – Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес, білім ордалары оқыту бейіні бойынша гимназия, лицей, бейіндік мектеп болып бөлінеді. Ал, мамандандырылған білім беру ұйымдары мамандандырылған мектеп, лицей (мамандандырылған мектеплицей), гимназия (мамандандырылған мектеп-гимназия), мектепинтернат, әскери мектеп-интернат, «Білім-инновация» лицейинтернаты болып аталады. Ал, «ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын техникалық гимназия» мемлекеттік мекемесі оқыту бейіні бойынша гимназия болып табылады, — дейді Фаруза Ғарифоллақызы. Оның айтуынша, бұл ретте гимназия мен лицейдің аражігін ажырата білген жөн.

«Гимназия – білім алушылардың бейімділігі мен қабілетіне сәйкес қоғамдық-гуманитарлық және өзге де оқыту бағыттары бойынша кең ауқымда және тереңдете білім беруді қамтамасыз ететін оқу орны. Мұнда бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары және қосымша білім беру бағдарламалары іске асырылады.

Ал, лицей білім алушылардың бейімділігі мен қабілетіне сәйкес оларға кең ауқымда және тереңдете жаратылыстанушылық-математикалық білім беруді қамтамасыз ететін негізгі орта және жалпы орта білім мен қосымша білім беру бағдарламаларын іске асырады. Алайда, аталған білім ордасының атауындағы техникалық сөзі қолданыстағы заңнама талаптарына сай келмейді. Техникалық атауы болуы үшін бұл мекеме лицей болуы қажет» дейді ол.

Осындай талаптарға зер салсақ, бүгінде аталмыш гимназия қолданыстағы құжаттары бойынша мамандандырылған білім беру ұйымына жатпайды. Қазір аталған қағида талаптарын басшылыққа алып, оның құжаттарын қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестендіру жұмыстары жасақталуда. Аталған білім ордасында балаларды бірінші сыныпқа қабылдау білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидалары бойынша жүргізілуде.

Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button