Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Теңізді түлеткен тарлан Жолдасқали Досмұхамбетовтің туғанына 100 жыл

 

Биылғы Мұнайшылар күні мерекесі ерекше жағдайда аталып өтілді. «Қара алтын» өндірушілердің төл мерекесімен қатар одақтық Ленин және ҚР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты Жолдас-қали Досмұхамбетовтің туғанына 100 және ол тұсауын кескен Теңіз кенішінің алғашқы мұнайына 25 жыл толуы қатар тойланды. «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ембілік мұнайшылармен бірлесіп үлкен шара ұйымдастырды.

%d1%82%d2%b1%d0%bb%d2%93%d0%b0

Осы оқиғаларға орай белгілі тұлғамен біраз жыл бірге жұмыс жасаған, Қазақстанның мұнай-газ саласына еңбегі сіңген қызметкер Наурызғали Бешімов кейбір естеліктерімен бөліседі.

— Көпшілік сізді Қосшағыл төңірегінен мұнай тапқан Бешім қарттың немересі ретінде жақсы біледі. Өзіңіз де осы салада біраз жыл еңбек еттіңіз.

— Бешім қарт туралы аз жазылған жоқ, оның есімі елінің жадында жатталды. Сөз ретінде айтар болсам, атамыздың алғаш мұнай белгісін тапқанына да биыл тура 90 жыл толды. Яғни, 1926 жылдың жазында көрші ауылдан келе жатып, жер бетіне шығып жатқан әлдебір қара майды байқайды ғой. От тигізіп қараса, әлгі сұйық лап ете түседі. Өзінің исі де бар. Алдында Доссор жағында «қара алтын»  іздеп жүрген геологтардың «Жылыойда да мұнай бар» дегенін естіген. Содан әлгі майды торсығына құйып, қара топырақты дорбасына салып, Доссорға тартқан. Мұндағылар  қарттың көрсеткен жеріне барып, бәрін өздері көреді. Кейін бұрғылау экспедициясы құрылып, оның басшылығына Петр Авров тағайындалады. 1932 жылы №6 ұңғымадан мұнай бұрқағы алынып, ол жерге атамыз Қосшағыл деп ат қойыпты. Бешім қарт Авровпен бірге жүріп Төлес кенішін де ашқан. Әйтсе де, Қосшағыл кәсіпшілігінің құрылғанын көре алмады, 1933 жылы қайтыс болды.

Әкем Ердәулет Бешімов соғыс кезінде бұрғышы болды, тылдың барлық ауыртпалығын көрді. Сол кісі «Атаң Қосшағыл мұнайын тапты, сен де Мәскеуде оқып, мұнайшы боласың» деп отыратын. Әйтсе де, өзі өмірден өткен соң, бірден алысқа шыға алмадым. Үйде зейнет жасындағы шешем, науқас ағам мен мектеп жасындағы қарындасым қалған-ды. Оларды қалай тастап кетем? Содан Комсомол кәсіпшілігінің басшысы Қуаныш Құдабаев жұмысқа орналастырды. Бір жылдай еңбек еткен соң, әке аманатымен Мәскеуге кеткелі тұрғанымда, осы кісі қолыма 300 сом ұстатты. Бұл сол кездегі көп ақша еді. Шешемнің  бір жылдық зейнетақысына тең  деуге болады. Міне, мұнайшылыққа алғаш қадам жасағанымда жолымда осындай жақсы жан кездесті.

— Абзал адамдар соңынан да жолыққан шығар?

— Әрине. Талай асыл азаматтармен бірге қызмет істедім. Әсіресе, солардың ішінде биыл ғасырлық тойы тойланып жатқан Жолдас-қали Досмұхамбетовтің жөні бөлек. Мен 1958 жылы Мәскеу мұнай институтын бітіріп келдім. Бастапқыда қатардағы оператор, кейін өндіріс шебері, техникалық бөлім бастығы, Прорва кәсіпшілігінің меңгерушісі лауазымдарын атқардым.

Содан бір күні басқарма бастығы Құмар Балжанов «Ембі-мұнай» бірлестігінің басшысы Жолдасқали Досмұхамбетов сені күрделі жөндеу конторына бас инженер етіп тағайындады» дейді. Әлі жаспын. Оның үстіне, жаңа жұмыспен танысып көрсем, жағдай өте нашар. Арнаулы техника да, автокөлік те жетіспейді. Бары әбден тозған.

Өндірісте түрлі жағдай болады. Бір күні Прорвадағы №10 ұңғымадан күшті мұнай бұрқағы атып кетті. Оны басу үшін орталықтан арнайы мамандар келді. Олар бір апта арпалысып, түк тындыра алмады. Ақыры өзімізге тастап кетті. Содан контор директоры Дүйсенғали Әжіғалиев ұңғыманың аузына барып, қорғасыннан құйылған қақпақты кигізді. Апат ауыздықталды.

Арада екі-үш күн өткен соң мені «Ембімұнай» бірлестігінің басшысы Жолдасқали Досмұхамбетов шақырды. Қабылдау бөлмесіне келсем, екі жақтағы есік те ашық тұр екен. Басшыға кіруге жүрексініп, бас инженер Диментманға бардым. Ол мені көре сала айқайға басты. Апатқа кінәлі жалғыз мен секілдімін. Бір кезде орнынан атып тұрып, есік жаққа жалт  қарады. Мен де бұрылдым. Сөйтсем, арт жағымыздан Жөкең келіп тұр екен. «Не айқай, жәйлап сөйлесуге болмай ма?» деп ескерту жасады да, мені өзіне шақырды. Үлкен кісімен кабинетінде бірінші рет бетпе-бет кездесуім. Толқып отырмын. Ал, ол Прорвадағы оқиға туралы аузына да алған жоқ. Керісінше, контордың жағдайын сұрап, жаңа техникамен көмектесетінін жеткізді. Соңынан, расында да, бізге төрт жаңа көлік берілді.

1968 жыл. Құлсары кәсіп-шілігінің бастығы Хамит Ғабдуллин телефон соғып, «Сені Жөкең бізге бас инженер етіп тағайындады» дейді. Бұл да – мен күтпеген лауазым. Содан бір күні Құлсарыға сол кездегі Қазақ КСР Мұнай бірлестігінің бастығы Сафи Өтебаев келді. Бәріміз аупарткомға жиналдық. Кеңсе алдында күтіп тұрмыз. Әлден уақытта Сәкең келіп, қатар тұрғандармен қол алысып амандаса бастады. Маған жақындағанда «Мына бала кім?» деп сұрады. Жанымдағы Хамекең «Бұл сіздің бұйрығыңызбен бізге бас инженер болып тағайындалған Бешімов» деді. Сәкең күліп «Өткен жолы Жолдасқали Досмұхамбетовтен келген хатта бұл баланы бас инженер етіп тағайындауды ұсынған екен. «Оқымаған Бешім атасы мұнай тапқанда, Мәскеуде білім алған немересі таппай ма?» деп қол қойып едім» деп қолымды алды. Сөйтсек, жас мамандарға сенім артып, Жөкең сыртымыздан қамқорлап жүреді екен ғой. Қайран бұрынғының абзал ағалары!

Содан Құлсары кәсіпшілігінде үш жыл жасаған соң Жолдасқали Досмұхамбетов өзіне шақыртты. «Күрделі жөндеу конторының директоры Дүйсенғали Әжіғалиев шаршағанын айтып, орнынан босатуды сұрап жүр. Сені ұсынады» деді. Бұл – үлкен кісінің жеке қабылдауында екінші мәрте болуым. Сенімін ақтаған шығармын, осы ұжымды үш жыл басқардым. Содан соң Жайық мұнай-газ өндіру басқармасы басшылығына тағайындалдым. Бұл кезде Жолдасқали Досмұхамбетов «Ембімұнай» бірлестігінде бас геолог болатын. Талай тығырыққа тірелген сәтімізде соның шешімін тауып, алып шығатын.

Кейін Мақат аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына сайландым. Жөкеңмен жолымыз мұнда да түйісті. Мұнайлы аудан болғанымен,  халқының жағдайы мәз емес. Жаңа кен орындарын іздеу керек. Әйтпесе, түсетін табыс жоқ. Бірақ, бар күш Теңіз кенішіне жұмсалып жатты да, ескі алаңдарға назар аударатын адам қалмады. Амалсыздан Жөкеңе бардым. Ол он шақты күннен кейін Доссорға өзі келді. Бұрғышылар қазып кеткен әр ұңғыманың жанына барып, іштей сөйлескендей болады. Кейбірін аштырып көрді. Содан бір күні «Соңғы кезде денсаулығым сыр беріп, Мәскеуге көп шықпай жүр едім. Бірақ, сен үшін әдейі Мұнай министрлігіне барып, Батыс Доссордан бір ұңғыма қазуға рұқсат алдым» деді.

Содан қазу жұмыстары басталып кетті. Бір күні таңғы сағат бес шамасында бұрғылау шебері телефон соғып, мұнай бұрқағы атып жатқанын айтты. Тұра жүгірдік. Қуанышымызда шек жоқ. Алайда, күрделі жөндеу конторының мамандары бірнеше күн әуреленіп, түк тындыра алмады. Мұнай атқылауы тоқтап қалды. Бірлестік басшылары «мұнда түк жоқ» деген шешім қабылдады.

Бұл кезде Жөкең өмірден өтіп кеткен-ді. Әттең, тірі болса, басталған істі соңына дейін жеткізетін еді ғой. Өйткені, Теңіз кенішін бұрғылауға да Мәскеудегі марқасқалар қарсылық білдіргенде бәрімен жалғыз алысып, жеңіп шықты емес пе? Мұнда «қара алтын» көмбесі бар екенін дәлелдеді. Тіпті «№1 ұңғыма мына жерден қазылсын, мұнай теңіздей тасысын!» депті. Қандай көрегенділік! Сан жылдар ұйықтап жатқан алыпты оятып, атын да өзі қойды. Міне, қазір бүкіл еліміз оның игілігін көріп отыр.

«Әке көрген оқ жонар» дегендей, Жөкеңнің ұлдары Қоблан, Исатай мен Махамбет те – мұнайшылар. Қазақстанның мұнай-газ саласын дамытуға сүбелі үлес қосып келе жатқан азаматтар. Ал, Жолдасқали Досмұхамбетов – сөз жоқ, Теңізді түлеткен тарлан. Өкініштісі – өзі қызығын көре алмағандығы. Мүмкін саулығын да осы жолда сарп еткен шығар. Қуаныштысы – еңбегі еленгені, ісін кейінгінің жалғастырғаны. Алып кенішті алғаш ашушылардың қатарында Жөкең де тәуелсіз еліміздің Мемлекеттік сыйлығын алды. Оның туғанына 100 жыл толу қарсаңында осындай естеліктермен бөліскенді жөн көрдім.

Меңдібай Сүмесінов

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button