Жарнама
ЖаңалықтарШаһар шырайыҚоғам

Теңізді түлеткен тұлға

Конкурсқа

     1995 жылы Теңіз кенішін алғашқы ашуға қосқан ерен еңбектері үшін бір топ ембілік мұнайшылар Республика Үкіметі қаулысымен  Мемлекеттік  сыйлық лауреаттары атағымен марапатталынды.  Олардың арасында Бөлекбай Сағынғалиев, Жолдасқали Досмұхамбетов, Құмар Балжанов, Мақаш Балғымбаев, Асабай Хисметов, Орынғазы Есқазиев, Болат Еламановтар бар еді. Ембі ойпатындағы мұнай өндірісінің ырғақты дамуына ондаған жылдар бойы маңдай терлі еңбектерін арнаған бұл азаматтардың қай-қайсысы да бұл атаққа әбден лайықты тұлғалар еді. Осы ортадан, біз бүгін еңбек жолы бүгінгі ұрпаққа үлгі болған, білікті мұнайшылардың бірегейі Құмар Қайырбайұлы Балжанов хақында ой өрбітеміз.

1494993811_article_b_1500_

Балжановтың ел дәулетіне айналған мұнай саласына қадам жасауы 13 жасынан басталған болатын. Сол күннен –ақ майданға аттанған ауыл азаматтарының орнын басқан ойын баласының қиялы алысты шарпыды. Сондағы көздегені мұнай саласының қыр-сырын үйренген инженер болу болатын. Гурьев мұнай техникумын бітірген бозбаланың алдағы армандары оңынан туып, оны Мәскеудің Губкин атындағы мұнай институтының босағасына қарай жетелей берді. Кеңес Одағындағы ең ірі жоғарғы оқу орнында өткізген санаулы жылдарында студент Балжанов мұнай ғылымы корифейлерінің алдын көріп, тағылымдарын тыңдады.

Болашаққа жол салған білімді Балжановтың  сара жолы орыс әдебиетінің классигі атанған К.Паустовскийдің қаламына іліккен Доссордан басталды. Сарықамыстағы «Прорвамұнайгаз» және Аққыстаудағы «Жайықмұнайгаз» басқармаларын басқарған жылдар Балжанов басшының өзінің аса шебер ұйымдастырушы, білікті маман ретіндегі жауапкершіліктерге бөленген жылдарымен ерекшеленеді. Байырғы инженердің мұнайшылар өмірінен жазылған еңбектерінде  Теңіз кенішін игеруге қосқан қомақты үлесін төмендегідей естеліктерге енгізіп, сәтті пайдаланған.

1971 жылы белгілі өндіріс  ұйымдастырушысы  Бөлекбай Сағынғалиев «Эмбанефть» өндірістік бірлестігіне Бас директор болып тағайындалысымен, бас инженерлікке тәжірибесі мол  Құмар Балжановты шақырады. Жаңа қызметке келген білікті маман инженер кабинеттік жүйеден қашқақтап, есесіне әркез өндіріс орындарын аралап, өндірісте жаңа технологиялық қадамдар  жасауға кірісті.  Мәселен, «Кеңқияқ» мұнай өндіру басқармасында бу өңдеу әдісін енгізу тәжірибесі арқылы мұнайдың көлемін бір жарым есеге арттыруға қол жеткізсе,  сол процеске бұрын мұнайшылардың түсіне кірмеген жаңа технология   Жапонияның «Такума» бу генераторларын қолданды. Ол кезде қолға түсе бермейтін жоғарыдағыдай қондырғыларды іздеп табу, әкелу, өндіріске енгізу іскер инженердің басты міндеттерінің бірі болатын.

Қай іске салсаңда қайсарлыққа салынып, тапсырманы межесінен артық орындауға асығатын Құмар Қайырбайұлының мол тәжірибесі «Теңіз» жобасын игеруде де көзге шалынды. Кеніштің қай скважинасын алсаң да жер асты мұнайы өнімдері жоғары қысыммен атқылай бастады. Оған мұнай құрамындағы көп мөлшердегі күкірт құрамының  қосыңыз. Осы проблемаларды шешуге қатынасқан мұнай саласы ғалымдарының зерттеуімен  бірге, бірлестік жанынан арнайы комиссия құрылып, оның жетекшілігіне Қ.Балжанов беркітілді.

Ең бірінші кешеннің жұмысына ең қажетті қондырғылар іздестіріліп, алды өндіріске қосыла бастады. Теңіз ұңғымасын сынау үшін кешенді тәжірибе-өндірістік қондырғы құрастырылып  шығарылды. Бұрын-соңды өндірісте қолданылып көрмеген қондырғымен Теңіздің  №1 ұңғымасын сынау барысында бірталай қобалжулар мен арты қалай болар екен деген күдіктер туындады. Сондай сын сағаттарда жауапкершілікті өзіне алған Балжанов комиссияның қалған мүшелеріне сенімділік үмітін жаға білді. Осылайша ұңғыманы зерттеу сәтті аяқталды. Мұның нәтижесі тек қана бірлестіктің емес , Одақтық мұнай министрлігі басшыларын зор қуанышқа бөледі. Міне, осы бір кішкентай болып көрінгенімен алып кеніш үшін пайдалы  тәжірибені іске асыру үшін сан беттеген қағаздар толтырылып, барыс-келіс уақыттарының сағаттары айналыс жасады. Жоғарғы органдардың  нәтижесіз тәжірибе болады деген сенімсіздіктерге  толы  уәждерінен жүйке жұқарған сәттерде аз болмады.

Тоқырауы  мол тоқсаныншы жылдардың басында жоспарлы экономикамыздың орнына нарықтық жүйеге негізделген реформа жасалынды. Өмір талабы осылай болатын. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осындай қиыншылық қос өкпеден қысып тұрған кезеңде өзінің ой-санасын сарқа туған елі үшін жаңа қадамдарға жол салды. Теңіз кенішіне мүйізі қарағайдай американдық «Шеврон» компаниясын тартуы, Президенттің алдын болжай білетін данышпандығына телуіміз керек. Ұзақ жылдарға ұласқан дәулеті мол ұлаңғайыр жоба басталды да, кешен көлемі кеңейіп әлемдік нарықтың  тұтқасына айналды. Бүгінгі кездегі  «Теңізшевройл» компаниясындағы қол жетілген жетістіктердің бастауы, Балжанов сынды қазақ инженерлерінің тынымсыз еңбектерінің жалғасы екендігін тарих парақтары мойындатып келеді. Еліміздің мақтанышына айналып отырған «Теңіз» кешенінің қалыпты жұмыс жасап, ел қазынасын толтырып отырған үлесі үшін сөз жоқ, бірінші кезекте осынау кенішті ашқан ардагер мұнайшылар легіне биылғы жылы тойланғалы отырған «Теңізшевройл» ЖШС-ның құрылғанына 25 жыл толу мерекесі төрінен ағымыздан жарылып алғыс айтуымыз керек. Өйткені, ел үшін жасалған игілікті істер өзінің даралығымен  қашанда асқақ тұрады.

 

                                   Сайпеден Сидағалиев 

Қазақстан Жазушылар Одағы мүшесі

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button