Тәжірибе – шыңдалу жолы
Atr.kz/29 шілде, 2019 жыл. Биылғы сәуірде «ҚазТрансОйл» АҚ басшылығы мен жергілікті оқу орындарының жетекшілері арасында студенттерді компанияның өндірістік алаңдарында тәжірибеден өткізу жөнінде келісім-шартқа қол қойылған болатын.
Соған орай, университет пен колледждердің 2-3 курс студенттері техникалық мамандықтар бойынша 1 шілдеден бастап еңбек ақысы төленетін өндірістік тәжірибеден өтуде. Бұл студенттердің оқудан тыс мезгіліне белгіленген.
Қазір Атырау мұнай құбыры басқармасының өндірістік құрылымдарында С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің, С.Мұқашев атындағы Атырау жоғары политехникалық колледжінің, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің, Қазақ-Британ техникалық университетінің Назарбаев университетінің студенттері тәжірибеден өтіп жатыр.
Соның ішінде, 117 студент Атырау мұнай құбыры басқармасы, Құлсары мұнай құбыры басқармасы және Батыс операторлық қызмет көрсету басқармасы базасында теориялық тәлімдерін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік алып отыр. Студенттерге өндірістік тәжірибеден өту кезінде еңбекақы төленеді.
Мәселен, университет студенттерінің әрқайсысы – 110-120 мың теңге, колледжде оқитындар – 70-80 мың теңгеден жалақы алады. Оларды күнделікті көлікпен өндіріс басына апарып-әкелу, тамақтандыру, арнаулы жұмыс киімдерімен және жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуді де компания өз міндетіне алып отыр.
Елбасының Жарлығымен жарияланған биылғы Жастар жылы аясында «ҚазТрансОйл» АҚ басшылығының бастамасымен жасақталған «Жол картасы» жобасы шеңберінде жүзеге асырылып отырған бұл шара бес жыл мерзімді қамтиды. Мұны қазақтың «қара алтынын» әлемге танытуға қомақты үлесін қосып отырған ұлттық мұнай тасымалдаушы компанияның бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін көтеру мақсатында жасаған игі бастамасы, ізгі қадамы, әрі Қазақ мұнайының 120 жылдық мерейтойына тартуы ретінде бағалағанымыз артық емес.
Өткен аптада Атырау мұнай құбыры басқармасының базасында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін баспасөз туры ұйымдастырылып, студенттердің өндірістік тәжірибеден өту барысы таныстырылды. Журналистер басқармаға қарасты Т.Қасымов атындағы мұнай айдау стансасының өндірістік бөлімшелерінде болды. Осы жерде өндіріс орнының басшыларымен, тәжірибе жетекшілерімен және болашақ мамандармен тілдесіп, ойпікір бөлісті.
Дәулетқали АРУЕВ
Нариман ЕГІНБАЕВ, Атырау мұнай құбыры басқармасының Т.Қасымов атындағы мұнай айдау стансасының бастығы:
– Тәжірибе басталғалы бері үш апта өтті. Осы кезеңде жастардың таңдаған мамандығына құштарлығын, үйренуге зор ынтасы барын байқадық. Алғашқы күннен-ақ тәлімгерлерімен тіл табысып, берілген тапсырмаларды тиянақты орындауымен көзге түсуде. Келешекте олар еліміздің мұнай-газ өнеркәсібін өркендетуге өзіндік үлесін қосуға қабілетті, білімді де білікті мамандар болатынына сенімдімін.
Алтынгүл ШӘКІМОВА, өнеркәсіптік қауіпсіздік бөлімінің еңбек қорғау инженері, жас мамандар кеңесінің төрайымы:
– Бұл компания мен оқу орындары басшыларының ортақ мәмілеге келуінің нәтижесінде, «Жол картасы» жобасымен қолға алынып отырған шара. Студенттерге 12 тәлімгер жетекшілік етуде. Студентпрактиканттар өндірістік тәжірибеден өтумен бірге бос уақытын тиімді өткізуіне қолайлы жағдайлар туғызылуда. Олар жақында Махамбет ауданындағы «Хан ордалы Сарайшық» тарихи-мемориалдық кешеніне сапарлап, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде латын әліпбиін меңгеруге байланысты шығармашылық сайысқа түсті.
Дархан НЫҒЫМЕТОВ, Атырау мұнай және газ университетінің ІІІ курс студенті:
– Жастар жылына байланысты «ҚазТрансОйл» компаниясының бастамасымен осындай игілікті істің қолға алынғанына қуаныштымыз. Бұл біріншіден, оқу орнында алған білімімізді тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік берсе, екіншіден, білікті ма ман ретінде қалыптасуымызға септігін тигізері кәміл. Осы орайда тәжірибелі, өз ісінің майталман шебері саналатын аға буыннан үйренеріміз көп. Мәселен, Т.Қасымов атындағы мұнай айдау стансасының резерв паркінде сорапты стансалардың іске қосылуын, жұмыс процесін бақылаймыз.