Тазалық – баршаға ортақ
Бүгін Атырауда «World Сleanup Day» дүниежүзілік экологиялық акциясы аясында тазалық шарасы өтті.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бастамасымен республика бойынша бір уақытта қолға алынған акцияға атыраулықтар белсене қатысты.
Сенбінің таңы атысымен жиналған мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер, еріктілер Мечников көпірінен бастау алып, одан әрі «Атырау» шағынауданы мен облыстық балалар ауруханасы тұсындағы Жайықтың жағалауын қоқыстан тазалауға кірісіп кетті.
– Дүниежүзілік тазалық күні (World Cleanup day-2023) жыл сайын қыркүйектің үшінші сенбісінде өтеді. Науқанның негізгі міндеті – жұртшылық назарын қоршаған орта тазалығына, қоқысты бөлек жинау мен қайта өңдеуге, экологиялық өмір салтын ұстануға аудару. Шара арқылы тұрғындардың тазалықты сақтауға деген көзқарасын өзгертіп, экологиялық мəдениетті қалыптастыруды мақсат еттік. Өйткені, қоршаған ортаның ластану проблемасына бей-жай қарауға болмайды, – деді Атырау облысы бойынша экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхамбетов.
Экобелсенділер Жайық өзенінің жағалауынан 151 тонна қоқыс жинады. «Арнайыавтобаза» ЖШС-і 15 тонна шыны, 89 тонна пластик, 21 тонна резеңке, 23 тонна қағаз, 3 тонна металлды қоқыс полигонына тасымалдады.
Айта кетейік, Атырау облысы бойынша экологиялық сенбілікке 5 мыңға жуық адам қатысты. Аудан тұрғындары, «АМӨЗ» ЖШС, «CASPIAN OFFSHORE CONSTRUCTION REALITY» ЖШС, «West Dala» ЖШС, «ҚазТрансОйл» АҚ қызметкерлері азаматтық белсенділіктерін көрсетті.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА