Таза пайда – 115 млн. теңге
Әрине, тұтас кәсіпорын үшін бұл қомақты да табыс емес. Әйтсе де, соңғы бірер жылда «АтырауСуАрнасы» мекемесі жергілікті бюджеттің қолдауынсыз, өз бетімен тіршілік етіп жатқандығын ескерсек, біраз ілгерілеу бар екенін байқаймыз. Демек, масылдық пиғылдан арылып, табысты қызмет істеуге талпыныс тұтынушы тарапынан да қолдауға ие. Бұл туралы жұртшылық алдында өткен жылдың қорытындысын жария еткен ұжым жетекшісі Андрей Ташлыков баяндады.
Үнемдеу үлкен табысқа бастады
Жалпы, кәсіпорында жүзеге асырылған инвестициялық бағдарлама оң нәтижесін беріп отыр. Ең алдымен электр энергиясын үнемдеуге қадам жасалды. Мәселен, қайтарымы бірдей, бірақ, токты тұтынуда ысырыпқа жол бермейтін жабдықтар сатып алынды. Осы бағыттағы жаңғырту жұмыстары ғана электр энергиясын 30-35 пайызға дейін аз пайдалануға мүмкіндік берді. Алайда, одан өндіріс қуаты кеміген жоқ, ауыз су тұтынушыға мезгілінде жеткізілді. Егер бұрын электр қуатын қолдану айына 1,5-1,7 млн. киловатты құраса, қазір 0,9-1 миллионға дейін азайды.
Тиімділік бағытында атқарыл-ған шаралардың бірі – автокөліктерге «gps» жүйесін орнату. Бұл арнаулы техникаларды қашықтан бақылауға, олардың бос жүріске салынбауына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жанармайдың қымбаттығына байланысты кәсіпорындағы көліктер бензиннен газға көшірілді. Соның нәтижесінде ғана жылына сегіз миллион теңге үнемдеуге қол жеткізілді.
Өткен жылдан бастап ілкімді жоба ретінде су сүзу стансаларында «Аквахлор» қондырғысы жұмыс жасауда. Оған шикізат ретінде Индер ас тұзы пайдаланылуда. Лабораториялық сынама нәтижесі көрсеткеніндей, тың бастама санитарлық талаптарға сай келеді. Бұл да – тиімділік көрінісі. Өйткені, біріншіден, бұрынғыдай дезинфектант өндірісі үшін қосымша реагенттер керек емес. Екіншіден, қажетті шикізатты алыстан тасымалдамай, іргеден алуға болады.
Былтыр магистральды құбырларды айналдыра қосу бойынша жұмыстар жалғасты. Бұл қалалықтарды ауыз сумен сенімді қамтамасыз етуге жол ашты. Баймұханов көшесінен Абай көшесіне дейінгі үйлер полиэтилен құбырларға көшірілді. Мұндай шарамен тағы бірнеше көше қамтылды. «Бірлік» су қысымын көтеретін сорғы стансасының пайдалануға берілуі Ақсай, Ақжар, Тайғайраң, тағы басқа бірнеше елді мекенді жаз мезгілінде ауыз сумен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Ақы төлеуге асықпаймыз
Мекеме қызметін тұтынушылар саны да артып келеді. Былтыр олардың қатары 93 428 болса, биылғы жыл басындағы есеппен 97 424-ке жетті. Бұл да – кәсіпорынға қосымша табыс.
Әйтсе де, кейбір тұрғындар мен заңды тұлғалар тарапынан пайдаланған су ақысын мерзімінде төлемеу фактісі әлі кездеседі. Мәселен, бүгінде тұтынушылардың берешегі 22 млн. 101 мың 394 теңгеге жеткен. Олардың тізімі ақпарат құралдарында жарияланды. Соның нәтижесінде 9 млн. 072 мың 604 теңге жинауға мүмкіндік туды. Әйтсе де, қасақана төлемеушілерді сотқа беруге тура келеді. Өткен жылы 13 млн. 453 мың теңгені өндіру үшін осындай әрекетке баруға тура келіпті.
Суды ұрлау азаймай тұр
Сонымен қатар, суды ұрлап пайдалану кездеседі. Мәселен, өткен жылы 91 жеке тұлға еш-қандай шарт жасамай, ауыз суды өз бетінше тұтынған. Немесе есептеу құралдарына қоспай, жасырын тартылған 51 желі анықталды. Есептеу құралдарының пломбысын жұлудың 97 фактісі тіркелді. Тіпті, қызметкерлердің судың көрсеткішін жазып алуға кедергі келтіргендер де бар. Қысқасын айтқанда, жеке азаматтар тарапынан 707 заң бұзушылық болған. Бұған заңды тұлғалар жіберген 206 кемшілікті қосқанда, кәсіпорын қаншама шығын шегіп отыр. Әрине, жоғары айтылған заңсыздықтардың бәрі, сайып келгенде, әкімшілік іс көтеруге жол ашатын қылмыстар.
Кәріз жүйесіне қатысты да оралымсыздықтар бар. Әсіресе, жеке секторда пайдаланылған лас су үй іргесіндегі құдыққа (септик) құйылады. Ал, солар сенімді шегенделген бе? Айта алмас едік. Соның салдарынан сарқынды су жер қыртысына сіңіп, ылғалдылығын арттырады. Бүгінде осындай құдықтарды тексеретін арнайы құрал бар. Егер, расында да, тұрғындар қалдық суларын жер қабатына жіберіп жатса, онда айыппұлмен жазаланады. Әйтсе де, бұл күрмеулі мәселені түбегейлі шешу жолы – жеке секторды орталықтандырылған кәріз желісіне қосу. Қазір бұл бағыттағы жұмыстар басталып та кетті. Әрине, ол– көп қаражатты қажет ететін ауқымды шара. Бірақ, жерасты сулары деңгейін одан әрі көтермеу үшін мұндай шығынға баруға да тура келеді.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ