«ТАЗА ҚОЛ» АКЦИЯСЫ – АТЫРАУДА!
Қолдарына ақ қолғап киген жастар қала орталығында орналасқан Қаныш Сәтпаев ескерткішінінен Нұрғиса Тілендиев атындағы Кіші өнер Академиясына дейін «Жемқорлыққа жол жоқ!» деген ұранмен салтанатты түрде жүріп өтті. Академия ғимаратына жетісімен студенттер флеш-моб ұйымдастырды. Құрылғанына үш жыл толған бірлестік төрайымы Альфия Адиева сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою мақсатында ұйымдастырылған акция мемлекеттік қызметкерлердің қолдауымен өтіп жатқанын айтады.
Ал, Қазақстан Республикасының қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Мұхит Ізбановтың пікірінше, мұндай шаралардың мемлекеттік қызметкерлерден бөлек, кейінгі ұрпақ үшін де көрсетер тәрбиелік үлгісі зор. Алдағы уақытта, 1 маусымнан бастап игі шара халыққа қызмет көрсету орталықтарында жалғасын табатын болады. Онда заң қызметкерлері мен қоғамдық ұйым жетекшілері түсінік жұмыстарын жүргізбек. Айта кету керек, шара барысында 1494 сенім телефоны орнатылғаны хабарланды.
Өз тілшіміз.