ТАЗА АУАМЕН ТЫНЫСТАР КҮН АЛЫС ЕМЕС (+ВИДЕО)

20190304101409 2 Жаңалықтар
https://youtu.be/Nsg-mumjkE8


Atr.kz/4-наурыз, 2019 жыл. Жаңа кәріз суын тазарту кешенінің іске қосылуын Атырау қаласының тұрғындары тағатсыз күтіп жүр.

20190304101409 2

Олар облыс орталығының сол жақ бөлігінде салынып жатқан нысан көп түйткілдің түйінін тарқатады деп сенеді. Осы орайда біз қала іргесіндегі Химпоселок ауылына барып, ондағы көпшілік пікірін тыңдап қайтқан едік…

Саясат Тағатов,

ауыл тұрғыны:

– Осы жерге келіп қоныстанғаныма он жылдан асты. Жақын маңда Атырау мұнай өңдеу зауыты орналасқан. Одан күні-түні техникалық су бөлінеді. Сол жердегі каналдан жағымсыз иіс келіп, тұтас ауылға жайылады. Бұл шіріген жұмыртқаның иісіне ұқсайды. Әсіресе, жазғы мезгілде тыныс алудың өзі қиынға түседі. Жұбайым екеуміз бәрінен бұрын болашағымыз деп сеніп отырған екі баламыздың денсаулығына алаңдаймыз. Ал, экологтар бұл жерге аттап баспайды. Енді жаңа кәріз суын тазарту кешені пайдалануға берілетін болса, көптеген мәселенің күрмеуі шешілер еді.  

Қамидолла Ерғалиев,

зейнеткер, 80 жаста:

– Бұрынғы «Майкөл», қазір «Квадрат» аталып кеткен лас су жиналатын аумақтан күңірсіген иіс келеді. Әсіресе, теңіз жақтан жел ескен кезде өрши түседі. Бұрын қалдық су бір қабатты тастан салынған үй арқылы кетуші еді. Кейін оның орнына жаңасы салынбақшы болды. Бірақ аяқсыз қалды. Бұл мәселені көтеріп қала әкімдігіне де бардым. Әйтседе, жергілікті жұртшылықтың мұң-мұқтажын тыңдар ешкім болмады. Енді, міне, араға көп жыл салып жаңа кешен құрылысы жүріп жатыр екен.

Талғат Қамидолла,

ауыл тұрғыны:

– Түнгі уақытта ауыл ішін қою қара түтін қаптап кетеді. Тұрғындар ұйқыға кеткенде, ауаға зиянды заттар бөлінеді. Ал, жел тұрса, газдың иісі шығады. Өзімізге байқалмайды, бірақ, сырттан келген адамға бірден білінеді. Дереу қысымы көтеріліп, аллергиясы қозады. Атырау мұнай өңдеу зауытында орын алып тұратын өрт оқиғалары мен кішігірім апаттардың өзі ауаны бүлдіріп жатыр. Сондықтан жаңа кәріз нысаны ауадай қажет.

Ғалия Үмбеталиева,

қоршаған ораны қорғау бойынша талдау зерханасының директоры:

– Жаңа кәріз суын тазарту кешенін тұрғызу жөніндегі бастама осыдан он жыл бұрын көтерілген болатын. Содан бері шешімін таппай келеді. Бүгінде бұл – кезек күттірмейтін үлкен мәселе. Жан-жақтан жиналған қалдық судан тарайтын иіс адам ағзасына өте қауіпті. Бұл ретте, Химпоселок ауылының тұрғындары жиі шағымданып жатады. Жаңа кешен пайдалануға берілген уақытта да, лас судың нақты қайдан келетіндігін анықтау үшін арнайы бақылау ұйымдастыру керек.Сонда ғана іс нәтижелі болады. Мәселен, қалада орналасқан жанармай құю бекеттерінен бөлінетін қалдықтар қайда төгіледі? Міне, осы жағын да ұмыт қалдырмаған жөн.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз