Жарнама
Жаңалықтар

ТӘУЕЛСІЗДІК МЕЙРАМЫНДА ТУҒАНДАР

 

Халыққа қызмет көрсету орталығы мемлекеттік кәсіпорнының Атырау облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Ербол Серғазиевтің айтуынша, мұндай акция еліміздің түкпір-түкпірінде бір уақытта өткізіліп отыр. Еліміз бойынша Тәуелсіздік күні қарсаңында 254 куәлік табысталды. Оның ішінде Атырау облысында атаулы мереке қарсаңында жиырма сәби дүние есігін ашқан. «Әдетте ата-ана туу туралы куәлікті жасақтау үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарына өздері баратыны белгілі. Біздің қызметкерлер алдын ала мәліметтерін біліп,  екі күнде дайындалатын құжатты бір күнде жасап алып келдік. Жыл басынан бері республика бойынша 327 мыңнан астам туу туралы куәлік берілсе, оның он төрт мыңнан астамы Атырау облысына тиесілі. Атырау қаласы бойынша 5721 куәлік тіркелген. Бұл көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда жоғары. Жалпы еліміз бойынша соңғы уақытта демографиялық өсім жақсарып келеді»,  — дейді Ербол Аманғалиұлы.

Айта кетейік, қаламызда атаулы күні өмірге келген сәбилерге Нұрсұлтан,  Батырбек, Асылмұрат, Омар, Расул, Амира, Адия есімдері қойылыпты. Нұрсұлтан есімін иеленген сәбидің анасы Жазира Шамерова төртінші бөбегінің есімін «халқының қалаулы ұлы болсын, Елбасындай тұлға болсын» деген ырыммен әжесі қойғанын айтады. «Екі қыздан кейінгі үшінші ұлымның есімі – Нұрбақыт. Оның туған күні – 11 желтоқсан болса, Нұрсұлтанның да туған күні 11 желтоқсанға сәйкес келіп, қуаныш құшағында отырмын. Әр баланың өз несібесі болады ғой. Мен де ұлдарымның өз атына сай тұлға болғанын қалаймын», — дейді бізбен әңгімесінде көп балалы ана.     

Шара соңында перзентхананың бөлім меңгерушісі Назымгүл Меңдешова ұйымдастырушыларға  ақ халатты абзал жандар атынан ризашылығын білдірді.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button