ҰСТАЗ ЕҢБЕГІ ЕЛЕУСІЗ ҚАЛМАДЫ

Кеше облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов Халық ағарту ісінің үздігі, қоғам қайраткері Сәуле Лұқпанованы қабылдады. 80 жасқа толған мерейтой иесінің ел дамуына қосқан игі үлесін жоғары бағалап, жылы лебізін арнады.

– Облыстың білім беру саласына сіңірген еңбегіңіз зор. Жоғары оқу орындарында талай студент сіз берген біліммен қанаттанып, еліміздің түкпір-түкпірінде жауапты қызметтерде жүр. Сізбен үзеңгілес қызмет еткен ұстаздар да өзіңізді аса құрметтейді. Облыстық партия комитетінде үлкен жауапты қызметтерде жүріп, кіші буынға үлгі-өнеге бола білдіңіз, – деген аймақ басшысы мерейтой иесіне құттықтау хаты мен гүл шоқтарын табыс етті.

«Бүгінде сексеннің сеңгіріне көтерілген ардагер қоғамдық жұмыстардан еш қалыс қалып көрген емес» деген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов мерейтой иесіне құттықтау хатымен қоса, аймақтың музыкалық кітабын сыйға ұсынды. Одан әрі облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева, Атырау облыстық мәслихатының хатшысы Сағындық Лұқпанов мерейтой иесіне жылы лебіздерін арнады.

Бүгінде Атырау облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының мүшесі ретінде қоғамдық жұмысқа белсенді араласып жүрген Сәуле Лұқпанқызына облыс әкімі зор алғысын білдірді.

Айта кеткен жөн, Сәуле Лұқпанова алғашқы еңбек жолын 1958 жылы Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтында орыс тілі мен әдебиеті кафедрасында оқытушылық қызметтен бастаған. Әр жылдары облыстық партия комитетінің ғылым және білім бөлімінде меңгеруші, облыстық партия комитетінің партиялық және идеологиялық қызметкерлер білімін жетілдіру курсының меңгерушісі қызметтерін атқарды.

 

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз