Жарнама
Жаңалықтар

Тату үйге тақсірет жоламайды

Атырау облысы әкімінің орынбасары, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрайымы Айгүл Әжіғалиева үлгілі отбасыларын  қабылдады. «Chablis» мейрамханасының мәжіліс залында өткен «Отбасым – мақтанышым» атты салтанатты қабылдау шарасында облысымыздағы ең өнегелі он отбасы  ұлығыланды. Шара облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссияның және «Атырау әйелдері» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтті.

%d1%82%d0%b0%d1%82%d1%83-%d2%af%d0%b9%d0%b3%d0%b5-%d1%82%d0%b0%d2%9b%d1%81%d1%96%d1%80%d0%b5%d1%82-%d0%b6%d0%be%d0%bb%d0%b0%d0%bc%d0%b0%d0%b9%d0%b4%d1%8b

Кешке Атырау қаласынан Қаршегеновтар отбасы қатысты. Бұл жанұя «Мерейлі отбасы – 2016» ұлттық конкурсының республикалық кезеңіне қатысып, дипломант атанған еді.  Сегіз ұл-қыз тәрбиелеп өсірген Жұмабике ана – бүгінде «Алтын алқа» иегері.  Сыйлы қонақтарға арналған дастархан басында ол кісі жастарға шаңырақтың беріктігін сақтау үшін төзімді болу керек екенін атап айтты. Кездесуді ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Салтанатты жиынға Жылыой ауданынан Садақбаевтар отбасы арнайы келіпті. Отағасы Мақсат Садақбаев – Жылыой ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлес қосып жүрген кәсіпкер жігіттердің бірегейі. Зайыбы Эльмира Нұрмағанбетова екеуі  төрт бала тәрбиелеп отыр. Олар да өз ошақтарының басында тек татулықты ту етіп, ұл-қыздарына сыйластықты үлгі қылуда екенін  жеткізді.

Индер ауданынан келген Ерболатовтар отбасы – еліміздегі өнегелі шаңырақтың бірі, аудандық «Мерейлі отбасы» байқауына қатысушы. Әулеттің тұтқасы Орақ Қабылұлы зайыбы Елена Григорийқызымен бірге төрт ұл мен қыз тәрбиелеп, өсірген. Ұрпақтары өмірден өз орнын тапқан кәсіп иелері екен. Сегіз немере сүйіпті. Орақ Ерболатов Елена Григорьевнамен  қалай қосылғандарын, жастық кезеңдерін сыр етіп шертті.

Қадировтар отбасы қабылдауға Исатай ауданынан  келген. Отағасы Мағазолла Қадиров – мұнай саласында 40 жыл бойы қызмет атқарған, ауылға  беделді ақсақал. Отанасы Жәния Қадирова екеуі төрт ұлы мен үш қызын адамгершілікке, еңбекқорлыққа, мейірімділікке баулыған. Бауырларынан өрбіген немере-жиендері ата-әжеден  өнеге алып, әркез үлкенге ізет, кішіге қамқорлық жасауды  естен шығармайды.

Құрманғазы ауданынан  арнайы шақыртылған Базарбаевтар отбасы да – салтанатты  шараның сыйлы қонағы. Жанұяның  бәйтерегі Кенжетай Базарбаев – мұғалім. Қосағы Гүлбаршын Наурызбаева екеуі төрт бала тәрбиелеп өсірген. Ұрпақты патриотизмге, елі мен жерін сүйіп, өз елінің мақтанышы болуға жастайынан баулуды Кенжетай Исатайұлы алдына мақсат етіп қойыпты. Соның айғағындай қыздарының алды облыстық «Дарын» мектебінде білім алуда.

Шүрегеевтер отбасы сонау Қызылқоға ауданынан осынау кәделі мерекеге ат басын бұрыпты. Әулеттің тұтқасы Мейрамбек Еңсепұлы мен зайыбы Айнаш Берсінғалиқызы Қаракөл орта мектебінде мұғалім  екен. Төрт ұл-қыз тәрбиелеп отырған жанұя. Өздері мұғалім болғандықтан олар да ұл мен қызға  жас  кезінен білім мен тәрбие бере отырып, биікке жетелеу керек екенін айтты.

Мейрам дастарханы Мақат ауданынан келген Руслан Ізімбергеновтерге де арналды. Руслан Балашұлы – «Доссормұнайгаз» ӨБ бас технолог, жары Жаңылған Кенжеғалиқызы да осы мекемеде жатақхана коменданты болып қызмет жасайды. Әулетте төрт ұл-қыз өсіп, ұлы ұяда, қызы қияға қанат қаққан. Қазіргі таңда олар да – бір-бір шаңырақтың иелері, ұл-қыз өсіріп отырған ата-ана. Ізімбергеновтер жанұясы аудан деңгейінде үлгілі отбасы ретінде танылған.

Жиын қонақтарының бірі – Махамбет ауданында тұратын Қостаевтар отбасы. Жанұя басшысы Сиғуат Қостаев – жүргізуші, үшінші топ мүгедегі. Отанасы Меңзипа Қайдарқызы – Қосарал орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары. Шаңырақта үш ұл мен қыз өнегелі тәрбие алған. Қазіргі таңда олар – өздері қалаған мамандық иелері. Сиғуат Қостаев пен Меңзипа Аманова – немерелерінің сүйікті атасы мен әжесі.

Мерекелік шарада Атырау қаласынан Нодяровтар әулеті де сый-сияпатқа ие болды. Отағасы Анарбек Нодяров – Ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрағасы. Қазақстан халқы Ассамблеясының ұлттық жаңғырту, тілдер мен дәстүрлерді өркендету, сақтау және дамытуға бағытталған жұмыстарға белсене атсалысады. Өңір тұрғындарының бірлігі мен толеранттылығын қамтамасыз етуде алдыңғы қатардан көрініп жүрген азамат. Жұбайының қазақ қызы екенін айта отырып, қазақ халқының өте бауырмал, дархан халық екенін де атап өтті ол.

Салтанатты қабылдауда  Атырау облысы әкімінің орынбасары, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрайымы Айгүл Әжіғалиева қатысушыларды алдағы уақытта да еліміздің экономикалық-әлеуметтік дамуына  атсалысып, республикамыздың отбасылық-демографиялық жағдайын жақсартуға үлес қосуға шақырды. Кездесуге келген қонақтарға Дина Нұрпейісова атындағы музыкалық академия студенттері өнер көрсетті. Шараға қатысушылар көтеріңкі көңіл-күймен  тарасты.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button