ТАСЫМАЛ САПАСЫН ЖАҚСАРА ТҮСЕДІ

Соңғы күндері Атырауда ауа қысымының жоғарылауына байланысты ұшақтардың рейсі кідірді. Кеше ҚР Көлік және коммуникациялар министрі Асқар Жұмағалиев Орталық Коммуникациялар Қызметінде өткен брифингте ауа райына байланысты мұндай жағдайлар кездесіп тұратынын айтты. Жалпы, ресми жиында Елбасының «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында көлік қатынасын дамытуға бағытталған тапсырмалар легі сөз болды.

 

Мемлекет басшысы маңызды құжатта қалалар мен елді мекендерді сапалы жолдармен, жедел маршруттармен қамту мақсатын айқындап берген болатын. Кеше  осы мәселеге қатысты Көлік және коммуникациялар министрлігінде алқалы жиын өтіп, онда әуе, темір жол, көлік қатынасы бағытында бірқатар тапсырмалар жүктелді.

 

Транзиттік тасымал 2020 жылға қарай екі есеге, 2050 жылға қарай он есеге артпақ, жолаушы тасымалына қатысты инфрақұрылым жақсартылып, жаңғыртылмақ. Сондай-ақ, 2020 жылға қарай 34 автовокзал, 155 бекет салынбақ. Бұдан басқа, әуе жолдарының жиектерін қалпына келтіру секілді жұмыстар жалғасын таппақ.

Министрдің хабарлауынша, 2020 жылға дейін транзиттік жүк екі есеге дейін көбеймек. Сондықтан, кеденнен өту мерзімін қысқарту бағытында да бірқатар шаралар атқарылатыны мәлімделді.

Брифингте ведомоство басшысы биылдан бастап Қазақстанда көлік-логистикалық орталықтар желісін салу жобасы жүзеге асырыла бастайтынын мәлімдеді.

«Бағдарлама аясында биыл Қазақстан өңірлерінде көлік-логистикалық орталықтар желісін салу жобасы жүзеге асырылады. Көлік-логистикалық орталықтарды салудың бірінші кезеңі Астана, Павлодар, Шымкент, Ақтау және Атырау қалаларында басталады», – деді А.Жұмағалиев. Ал, 2020 жылға дейін осындай халықаралық стандарттарға сай жасалған орталықтардың санын 34-ке жеткізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, тілшілер соңғы кездері ұялы байланыс сапасының нашарлап кеткенін, тарифтің жоғарылығын айтқан еді. Бұл сауалға жауапта министр бағаның әнебір қымбат еместігін жеткізді. Тіпті, биылғы жылдың қаңтар айынан бастап тариф төмендетілген. «Мобильдік интернет бойынша ТМД елдерінің ішінде ең төмен бағалар – Қазақстанда. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғаса береді», – деді А.Жұмағалиев.

Айбөпе МҰРАТҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз