Тасқыннан зардап шеккендер үшін жаңа портал іске қосылды
Су тасқынынан зардап шеккендерге арналған Qoldau.gov.kz порталы әзірленді. Бұл туралы республика Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Қанат Ысқақов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлімдеді.
Вице-министр Gov mobilе базасы аясында қолға алынған Qoldau.gov.kz порталының су тасқынынан зардап шеккен әр азаматқа, шағын және орта бизнес, ауылшаруашылық қожалығының өкіліне тиімді уақытылы көмек көрсетуде маңызды екенін атап айтты.
–Әрбір азамат осы мобильді қосымшаға кіріп, өз өтініштерін жүктей алады. Оның қалай қаралып жатқанын онлайн режимде бақылауға болады. Порталда өтемақының кімге берілетіні, өтемақының түрлері туралы ақпарат ұсынылған, сондай-ақ зардап шеккен үйдің орнына тұрғын үй салуға немесе оны қалпына келтіруге өтініштер қабылданады. Бәрі онлайн форматта, — деді спикер.