Тасқын су Соколок каналын бұзып кетті
Бүгін, 24 мамыр Атырау қаласында тасқын судың көптігі мен қатты желдің салдарынан Соколок каналы бойындағы бөгет бұзылды.
Облыстық төтенше жағдай жөніндегі жедел штабтың хабарлауынша, «Соколок» каналы — Атырау қаласына бағытталған мол су нөпірін Жайық өзені арқылы реттеудің негізгі элементтерінің бірі. Осыған байланысты канал бойындағы алғашқы қорғаныс нысанына қосымша, қаланы тасқын судан қорғауға арналған екінші қорғаныс нысаны салынғанын атап өткеніміз жөн. Екінші қорғаныс бөгетінің беріктігін қамтамасыз ету мақсатында, қосымша нығайту жұмыстары жүргізілді.
Бөгеттің биіктігі Балтық биіктік жүйесінің деңгейіне сәйкес ұлғайтылды. Бұл учаскеде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып отыр. Қазір жағдайдың өзгеруіне байланысты қажетті шешімдер алу үшін қосымша техникалар жіберілуде.