Тасқын кезінде қанша мал шығыны орын алды?
Республикада көктемгі су тасқыны кезінде барлығы 12 мыңнан аса мал басы шығынға ұшыраған. Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігі олардың құнын өтеу жөніндегі жұмыстарды мәресіне жеткізген. Сонымен бірге өлген төрт түліктің өлекселерін жинақтап, жою шаралары да толықтай аяқталған.
Бұдан бөлек, осы күнге дейін 140 мың бас мал эвакуацияланған. Бүгінде жануарларды аса қауіпті ауруларға қарсы вакцинациялау жұмыстары жүргізілуде. Мұндай мәліметтер салалық министрліктің баспасөз қызметі таратқан хабарламада келтірілген.
ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің айтуынша, елдің жеті өңірінде шығын болған 10 600-ге жуық малдың өтеміне 2,4 млрд. теңге сомасында төлем жүргізіліпті.
-Тоқтала кетсем, басқаларына қарағанда, мал басының шығыны көбірек тіркелген Ақмола, Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстарында 1 900-ге тарта түліктің өтемақысы төленді. Төлем жүргізілген барлық өтінімдер әлеуметтік көмек ақпараттық жүйесіне енгізілді, — деді вице-министр.
Дәулетқали АРУЕВ
Сурет: ТЖМ