Жарнама
ЖаңалықтарҚұқық

Тәртіп сақшысы – халық қорғаны

Тәртіп сақшыларының қырағылығы оларға қалың бұқараның зор сенімін қалыптастырады. Әрине, елдің тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігін сақтауда аянбай еңбек етіп жүрген жауапты мамандық иелерінің жұмысы оңай емес. Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаев қатысқан салтанатты шара облыстық полиция департаментінің ауласында өтті.

Атырау облысы полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиев барша қазақстандық полиция қызметкерлерін айтулы мерекемен құттықтап, қызметтік міндеттерін адал атқарып, жоғары жетістіктерге қол жеткізген сақшылар мен ардагерлерге марапаттарын салтанатты түрде табыстады.

– Ішкі істер органдарының барлық ардагерлерін, қызметкерлерін, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерін кәсіби мереке – Полиция күнімен құттықтаймын! Бұл мереке – ішкі істер органдары қызметкерлерінің кәсіби шеберлігі мен ержүректігіне, Отан мен халыққа қызмет етуде тәртіп сақшыларының бірнеше буыны іргесін қалаған озық дәстүрлеріне деген құрмет. Егемендіктің алғашқы күнінен бастап ішкі істер органдарының қызметкерлері елімізде тұрақтылықты қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыспен күрес бойынша Президент жүктеген міндеттерді атқарып келеді. Ішкі істер органдарының қызметкерлері келешекте де жауапкершіліктен таймай, құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз ететініне сенім артамын. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға береке-бірлік және Отанымыз – Қазақстан Республикасының игілігі жолындағы қызметтеріңізге табыс тілеймін! – деді Қамза Бақтығалиұлы.

Сондай-ақ, қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза болған, тұрғындардың тыныштығын күзету жолында жанын қиған батырларды еске алды. Атырау облысы полиция департаментінің плацында орналасқан обелискіге карантиндік режимді қатаң сақтай отырып, гүл шоқтарын қойды.

Бұл күні бір топ тәртіп сақшыларының арманы орындалып, басыбайлы баспаналарына қол жеткізді. Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің қолдауымен полиция қызметкерлеріне қызметтік пәтерлер бөлінген еді. Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаев 20 полиция қызметкеріне пәтер кілтін табыс етті.

Бүгінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан ішкі істер құрылымдарының базасын нығайту, жан-жақты қамтамасыз етіп, заманауи технологиялармен жабдықтау бойынша үнемі қолдау көрсетіп келеді. Мемлекет тарапынан ішкі істер органдары қызметкерлерін әлеуметтік қолдауда көптеген игі шаралар жалғасын тауып жатыр.

Шара барысында ішкі істер органдарына жаңадан қабылданған жас мамандарға дипломдары мен алғашқы арнаулы атақтары табысталды. Ішкі істер органдарының құрметті ардагері, отставкадағы полиция полковнигі, заң ғылымдарының докторы, профессор Болат Исеев жас қызметкерлерді құттықтап, оларға әрдайым антқа адалдық, тәртіп пен еңбекқорлық қажет екенін атап өтті.

– Бүгінгі күні ішкі істер органдарының қатары қазіргі заман талабына сай біліммен қаруланған жас мамандармен толығуда. Бұл жастардың бойында Отанға деген патриоттық сезімін нығайтып, елге деген қалтқысыз қызмет етудің үлгісін көрсетеді деген сенімдемін, — деді департамент бастығы Қамза Үмбетқалиев салтанатты шара соңында сөйлеген сөзінде.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button