Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Тәртіп пен талапты сақтау ғана ауруды жеңуге жетелейді

Atr.kz/14 тамыз, 2020 жыл. Әлемді әуреге салған кесірлі кесел ешкімді де аяп жатқан жоқ. Бірнеше мыңдаған зардап шегушілердің санын бағамдасақ, ал, олардың артында қанша тағдыр, қанша отбасы жатқанын сараласақ, аурудың құрығы тым ұзын екенін аңғарамыз. Қуанарлығы сол, соңғы уақыттарда ауруға шалдыққандар саны азайып, таяу күндерде ел көлемінде карантиндік шаралар жеңілдетілмек.

«Ауызы күйген үріп ішеді» дейді қазақ. Осыған сай, көктем кезіндегі карантиндік шаралардың алғаш алынған сәтінде жаппай халықтың шоғырлануы, ашылған нысандарға көптеп баруы себепті эпидемиологиялық ахуалды ушықтырып алдық. Соның салдарынан ауру жұқтырғандар, қаза тапқандар күрт көбейіп кетті. Ендеше, осынау жағдайларды ескере отырып, бұл жолы да абай болсақ екен. Сақтық, қауіпсіздік өзіміз үшін керек. Қазіргі таңда өзіңнің сақтық шараларын ұстануың жақыныңа жанашыр болуыңның көрінісі іспетті.

Өзекті өртер өкініш, бұл қауіпті кесел менің отбасымды да айналып өтпеді. Ошағымыздың отанасы, жұбайымнан айырылып қалдық. Кесірлі кесел аяушылық танытпастан, бала-шағамыздың қызығын көру, әдемі қартаю туралы тілегімізді, ортақ мақсат-арманымызды аяқсыз қалдырды. Сол себепті де әлі күнге дейін бұл дерт туралы атүсті ойлап, аса мән бермей, той-қызық қуалып, сауық-сайран салып жүргендер, соны ұйымдастырып отырғандар ойланса екен деймін.

Денсаулық – қашан да басты байлық ретінде аталып келгені анық. Десек те, осынау тіркестің түп төркінін осы күндері терең сезіне бастадық. Ауа жетпей, тынысы тарылған, қажетті дәрі-дәрмегін таппаған жандарды көріп, «ауырмай, аман жүрген кезімде қандай бақытты едім!» деген сөздерін естідік. Расында да, деннің саулығына жетер еш байлық, бақыт жоқ. Ендеше, «карантин аяқталды» деген желеумен жаппай көшеге ұмтылып, саяхаттау, той тойлау сынды әрекеттерге бармайық. Шектеу шаралары жеңілдетілгенімен, қауіп әлі сейілген жоқ. Бәріміз бір кісідей, тәртіп пен талапты сақтасақ, дерттен құлан-таза айығар күн алыс емес. 

Бақтыбек ТАУБАЕВ,

Атырау облысының Құрметті азаматы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button