Жарнама
Жаңалықтар

ТӘРТІП БОЛМАЙ, ТАБЫС ЖОҚ

 

Атырау облысы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысы Салават Ишай еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласы бойынша ұйымдарда ҚР Еңбек Кодексі талаптарының сақталуы туралы баяндады. Оның айтуынша, «Атырауинжстрой» ЖШС-не қарасты қосалқы ұйым «КРС Сервис» ЖШС-нде ағымдағы жылдың тамыз айында жантүршігерлік оқиға орын алды. Аталған серіктестіктің жүргізушісі Орал-Атырау тас жолының Махамбет ауданы тұсынан жаңадан салынып жатқан жолдың үстіне арнайы автокөлігімен су шашып жүргенде жоғары қысымды электр жүйесіндегі тоққа түсіп қалып, көз жұмды. Комиссия арнайы тергеу жүргізіп, қайғылы оқиғаның себебін анықтады.

— Жұмыс беруші жәбірленушіні жұмысқа қосу нұсқамасынан өткізбеген, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша алдын ала оқытудан және білімін тексеруден өтпеген қызметкерді жұмысқа жіберген. «Атырауинждорстрой» ЖШС-нің еңбек пен техникалық қауіпсіздік шараларына жауапты тұлғалар мен басшылары жұмысты дұрыс ұйымдастырмаған, яғни күзету аймағында қызметін бастар алдында «Атырау Жарық» АҚ-ы Махамбет аудандық электр станциясымен келісім жасақталмаған. Ішкі бақылаудың әлсіз болуы, жұмыс орнындағы қауіпті факторлардың өз уақытында айқындалмауы, осының бәрі қайғылы жағдайға душар етті,-деді ол.

Сондай-ақ, Атырау облысы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысы екінші жазатайым оқиғаға тоқталды. Тергеу кезінде белгілі болғандай, ағымдағы жылдың 2-қыркүйек күні «Ж.Сұлтанғалиева» жеке кәсіпкерлігінің атқарушы директоры С.Даутбаев таңертеңгі сағат 9-дың шамасында «НИВА» маркалы жеке автокөлігімен «Индер-Атырау» тас жолы бойында тұрған автогрейдерге жақындайды. Дегенмен, ішінен жүргізушісін таба алмаған ол байқаса, машинистің денесі грейдердің дөңгелегінің арасында қалып қойыпты. Комиссия жазатайым оқиғаның негізгі себептерін анықтап берді. Автогрейдердің машинисті өндірістік тәртіпті бұзған, жұмыс уақытында алкогольді пайдаланған.

Өз кезегінде жазатайым оқиғалар орын алған мекемелер «Атырауинжстрой» ЖШС-і мен мердігер ұйым өкілдері биыл шынымен де қайғылы жағдай көбейгенін мойындап, кемшіліктің себебін түсіндіруге тырысты.

Облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев тәртіп пен талап жоқ жерде жұмыс та алға баспайтынын қадап айтты. Оның үстіне, үшжақты комиссияның мақсаты – айыптыларды жазалау емес, олқылықтың алдын алу еді.

— «Атырауинжстрой» аймақта сапалы жол салып жатқан бірегей мекеме екенін білеміз. Алайда, мұнда өндірістік тәртіп пен қауіпсіздік техникасы әлі төмен екенін көрсетіп отыр. Үлкен мекемеде техникалық қауіпсіздік бойынша бір ғана инженердің қызмет етуі көкейге қонымсыз. Адам тағдыры ойыншық емес. Шетелдік компанияларда қызметкерлерінің қауіпсіздігіне ерекше назар аударады. Мұның нақты шарасын алу керек, мекемеде тәртіпті жолға қою қажет, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Облыстық үшжақты комиссияда өңірде кәсіпкерлікті дамыту жұмыстары туралы Атырау облысы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Лариса Жұмағалиева хабарлама жасады. Баяндамашының сөзінен ұққанымыз, соңғы екі жылда мұнайлы өлкенің бизнес саласында айтарлықтай алға жылжу байқалады. Өткен жылдың қорытындысымен облыс шағын және орта бизнес субъектілерімен өндірілген өнім көлемі бойынша Батыс өңірлерінің арасында бірінші орынға ие. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шынымен де кәсіпкерліктің даму жолына айналды. Бірнеше жобалар іске қосылып, жаңа жұмыс орындары ашылған. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын таппақ.

Махамбет ауданындағы әлеуметтік әріптестік жөніндегі үшжақты комиссияның қызметі жайында аудан әкімінің орынбасары Мардан Сейтқалиев баяндады.    

Айбөпе САБЫРОВА.

Суретті түсірген

Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button