ТАРИХЫ ТЕРЕҢ СПОРТ

Волейбол спортының 120 жылдық мерейтойына арналып Атырауда бірнеше күн бойы жарыстар ұйымдастырылды. Бұған дейін аталмыш спорт түрінен ерлер және ардагерлер сынға түскен еді. Ал, жексенбі күні «Атырау» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде әйелдер арасындағы доданың жабылу салтанаты өтті.

 

Волейбол спортының тарихына үңілсек, 1895 жылы 9-ақпанда Америкадағы Массачусетс штатының Холиоке қаласында доппен ойнайтын жаңа ойын түрі пайда болған. Баскетбол, бейсбол және гандболдың кей элементтерін жинақтаған спорттың жаңа түрі алдымен «миннонетте» деп аталған екен. Кейін «волейбол» деп аталып, содан бері әлемге кеңінен таралды.

Жарысқа Махамбет және Жылыой аудандарынан, сонымен қатар облыс орталығындағы мекемелерден жалпы саны 11 команда қатысты. Екі күнге созылған доданың ақтық сынына «Интергаз Орталық Азия» АҚ мен «ҚазТрансГазАймақ» АҚ командалары жолдамаға ие болды.

Екі партия қатарынан жеңіске жеткен «Интергаз Орталық Азия» АҚ командасы шебер ойын үлгісін көрсетіп, көшбасшылық тізгінді өз қолдарына алды. Ал, үздік үштікті түйіндеген ардагерлер құрама командасына қола жүлде бұйырды.

– Жарысты ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – спорттық шеберлікті арттыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру және қызметкерлер арасында достық қарым-қатынас орнату, – дейді «Атырау» волейбол клубының әкімшісі Алдан Құрманәлиев. – Командаларға волейбол ойынын насихаттап, өздерінің азаматтық ынталарын білдіргені үшін алғыс білдіреміз. Және турнирді өткізуге демеушілік көрсеткен «Әлем Констракшн Групп» мекемесіне ризашылығымыз шексіз.

Қола жүлде иегері – ардагер волейболшыларды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұржан Ермұханов марапаттап, демеуші компания атынан сертификат тапсырды. Ал, облыстық мәслихат хатшысы Сағындық Лұқпанов ІІ орын иегерлерін құттықтап, жеңімпаздарға медальдар тақты.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары, облыстық волейбол федерациясының президенті Ғұмар Дүйсембаев турнир жеңімпаздарын кубок, медальмен марапаттап, «Блэкберри» ойын-сауықтыру кешенінің  100 мың теңгелік сертификатын ұсынды.

– Елбасы ұлт саулығы мықты болу үшін осындай бұқаралық спортты дамыту керектігін үнемі айтып келеді. Атырауда волейбол мейрамы кеңінен тойлануда. Алдағы уақыттарда мұндай турнирлерге қатысушы командалар санын көбейту керек. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді шын жүректен құттықтаймын, – деді Ғұмар Ислямұлы. 

Турнирдің жабылу салтанаты үздік ойыншыларды анықтаумен де есте қалды. Төрешілердің шешімімен «Үздік шабуылшы» «ҚазТрансГазАймақ» АҚ командасының ойыншысы Рауана Қойшығұлова атанса, ардагер ойыншы Соня Мырзағалиева «Үздік тосқауылшы» аталымын жеңіп алды. «Үздік байланыстырушы» болып жарыстың жеңімпазы Самал Тілеулиева танылды. Ал, «ҚазМұнайГазӨнімдері» ЖШС қызметкері Айнұр Берқалиева «Турнир аруы» деген атауға лайық болды.

            Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз