ТАРИХТА ҚАЛҒАН ЕСІМДЕР
Кеңес Одағының Батыры Қайырғали СМАҒҰЛОВ.
Батыр әскери борышын Кавказда өтеп жүрген кезде тұтқиылдан соғыс өрті шығады. Бірден барлаушылар қатарына тағайындалған Смағұлов Ростовтағы Дон, Новороссийск, Орджоникидзе, Керч қалалары үшін болған ұрыстарға қатысып, жауынгерлік шеберліктің ерен үлгілерін көрсеткен.
Смағұловқа батыр атағы 1943 жылдың қыркүйегінде Новороссийск қаласын жаудан азат етуде көрсеткен ерлігі үшін берілді.
Кеңес Одағының Батыры Жәнібек Елеуісов өгей әкенің үйін тастап, Барнауыл әскери училищесінің мергендік курсының курсанты атанған уақытта жасы он сегізге де толмаған балаң жігіт еді. Курсты аяқтай салысымен жас жігіт Бірінші Украин майданының алтыншы гвардиялық дивизиясының 25-ші полкіне жіберіледі. Осылайша Ж.Елеуісов 1943 жылы Припять өңірінен Десна, Днепр өзендері бойында болған кескілескен ұрыстарда жауды тойтарады.
Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаев үшін майдан 1943 жылдың ақпанында Орлов облысы, Лески деревнясы түбінде басталады. 137-ші атқыштар дивизиясының 771-ші атқыштар полкінің бірінші батальоны құрамында ұрысқа кіріскен Нысанбаев әскери тапсырмаларды бұлжытпай орындау шеберлігімен ерекшеленеді.
1944 жылы әскер қатарына шақырылған Кеңес Одағының Батыры Мұса Баймұханов әскери училищеге жолдама алып, оқуды аяқтаған соң Ленинград майданындағы 120-шы атқыштар дивизиясының 538-ші полкіне взвод командирі болып тағайындалады. Мұса Баймұханов барлық шайқастарда жауынгерлік ерлігімен көзге түседі. Мұса Баймұхановқа батыр атағы 1945 жылдың 10 сәуірінде берілді. Бірақ, батыр марапатын көзі тірісінде ала алмады. Өйткені, ол наурыздың 18-і күні ұрыс даласында ерлікпен қаза тапты.
Кеңес Одағының Батыры Александр Никифорович Афанасьев 1942 жылдың 5-мамырында әскер қатарына шақырылды. Жау отрядымен шайқастардың бірінде рота командирі көз жұмады. Сол кезде жағдайды дереу қолға алған Александр Афанасьев бөлімшеге жау бекіністеріне шабуыл жасауға бұйрық береді. Айқас кезінде ол гитлершілер траншеясына ротасымен бірінші болып жетіп, қарсыласқан жаудың көзін құртады. Аталған шайқаста Афанасьевтің пулеметшілері екі неміс пулеметшісінің, жаудың ұзын-саны елу жауынгері мен офицерінің көзін жояды.