ӨТКЕН ҒАСЫРДА ОБЛЫСТА 4 460 АДАМ САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІНГЕ ҰШЫРАҒАН

1516590916 photo 7755 kz Жаңалықтар

«Бұл туралы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Атырау облысы бойынша өңірлік комиссия отырысында мәлім болды»,- деп хабарлайды Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау саласының өкілдері, ғалымдар, селектолық режимде аудан әкімдері қатысты.

Жиынға төрағалық еткен аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов комиссия отырысының маңыздылығына тоқталды.
«Қазіргі кезде ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік Комиссия құрылып, арнайы жоспарға бойынша жұмыстар ұйымдастырылуда. Одан бөлек аталған жұмыстарды үйлестіруге бағытталған жұмыс топтары да қызмет етуде. Бұның артында төл тарихымыз бен адам тағдыры тұрғаны белгілі. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында саяси қуғын – сүргін құрбандарын ақтау бағытында мемлекет басшысымен берілген зор мүмкіндіктің де маңыздылығы осында»,-деді М.Досмұхамбетов.

Ал, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Қанат Әзмұқановтың айтуынша, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік Комиссия құрамына жетекші оқытушы-ғалымдар, өлкетанушылар, жоғары оқу орындарының ректорлары, депутаттар, архив саласының мамандары, басқарма басшылары, ҮЕҰ, құқық қорғау органдарының өкілдері, барлығы 27 адам енгізілген.

Одан соң Полиция департаменті бастығының орынбасары Асылбек Джаумбаев Ақпараттандыру және байланыс басқармасының арнайы мемлекеттік мұрағатында сақтауда тұрған материалдармен таныстырды.
«Сот органдары қуғын-сүргінге ұшыратқан ақталған адамдардың қылмыстық істері және ақталуға жататын адамдардың қылмыстық істері – 2869. Бұрынғы әскери тұтқындарға және бұрынғы КСРО-ның Германиядан еліне қайта оралған азаматтарына арналған фильтрациялық және трофейлік материалдар – 1250. Қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың мұрағаттық қылмыстық істері – 341. Осы үш қор бойынша барлығы – 4460 мұрағаттық іс сақтаулы»,- деді А.Джауымбаев.

Мемлекеттік мұрағаттарда сақталған материалдар бойынша саяси репрессияларға ұшырағандар мемлекеттік, лауазымдық, мүліктік және әскери қылмыс түрлерімен сотталғаны анықталған.
Оған қоса, антикеңестік үгіт-насихат жүргізген, қастандық жасау, ұйымдастырышулық контрреволюциялық, жаппай тәртіпсіздіктерге, банда көтерілісіне қатысу, социалистік мүлікті ұрлау баптарымен сотталған, ҰОС-ның Кеңес тұтқындары, Гурьевте орналасқан үшінші құрылыс колонналарының жұмыскерлері ақталмаған саяси қуғын сүргін құрбандары категорияларын құрайтыны анықталып отыр.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің қауымдастырылған профессоры Шахман Нағимов 20-30 жылдары совет үкіметінің күшімен сайлау құқығынан айырылған азаматтардың саны Атырау облысы бойынша 3 мыңнан асатынын айтты.
«Сайлау құқығынан айырылған адамдардың тізімінде кеңес үкіметіне қарсы адамдар, қанаушылар, ескіге сенушілер, кулактар, саудагерлер болған. Бұлардан өзге, ежелден халыққа аса пайдалы мамандық иелері болып табылатын малшылар, қасапшылар, шығармашылық кәсіп өкілдері де қудалауға ұшырады»,-деді ол.
Ш.Нағимовтың айтуынша, 1923 жылдан бастап дауыс беру құқығынан айырылғандарды коммуналдық пәтерлерден шығару, сондай-ақ балаларын мектептерден қуу әрекеттері басталған.

Жиын соңында, «саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жауапты іс. Сонымен қатар, жаңа жинақтардың жарық көруі, тарихи құндылықтарымызды жаңғырту – ұрпақ үшін аса қажет»,-деген М.Досмұхамбетов, құқық қорғау саласы өкілдеріне қажетті ақпаратпен дер кезінде қамти отырып, ғалымдармен бірлесе жұмыс жасауға тапсырма берді.

Айта кету керек, қазіргі уақытта саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша арнайы 8 жұмысшы тобы құрылып, жұмыс істеуде.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз