Жарнама
Жаңалықтар

«Тарихи Түркістан» жылжымалы көрмесінде құнды жәдігерлер көрсетілді (ФОТО)

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ұйымдастырған «Тарихи Түркістан» жылжымалы көрмесі салтанатты түрде ашылды.

1

Шара шымылдығы облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Сейілхан Аманқұлұлының сөзімен ашылды.  «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің қызметкері, жылжымалы көрме-керуенді бастап келген Берік Байболов рухани сапардың мәні мен мағынасына тоқталды.

Атырау облысының Құрметті азаматы, мәдениет майталманы Орынғали Қарасаев: «Бүгін жасалып жатқан игі іс жалғасын тапсын. Түркістанда Атырау өңірінен шыққан белгілі тұлғалар жерленген. Мәселен, атақты Жиембет жырау. Өзі ақын, өзі батыр болған ол кісі қалмақтардан елді қорғауда ерен ерлігімен көзге түскен.

Кейде тіпті көкөрім жас шағында,

Адамдар кетіп жатыр қас-қағымда.

Кеудесі күмбірлеген жақсылардың,

Көк тастар қалып жатыр бас жағында, — деп жырлаған еді арыстан жүректі ақын Хамит Ерғалиев. Өткенді білмей, жаңаға жол таба алмасымыз ақиқат», — деп аталық батасын берді.

2

Көрменің бірінші бөлімінде Шауғар-Шайтөбе, Қаратөбе-Сауран, Ясы-Күлтөбе, Ескі Түркістан және Хан ордасына жүргізілген археологиялық қазбалардан табылған тас дәуір, қола дәуір ескерткіштері, орта ғасырда кең етек жайған керамикадан құйылған құман-құмыра, ыдыстар, ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда Түркістанда соғылған тиындар, ХVІІІ-ХІХ ғасырларға тән күміспен күптелген әшекей бұйымдар, этнографиялық мәліметтер қамтылған.

Көрменің екінші бөлімі әулиелердің сұлтаны атанған Қожа Ахмет Яссауи мұрасын таныстыруды көздейді. Данышпан бабамыздың артында қалған баға жетпес мұралары ХVІІІ ғасырда жазылған «Диуани хикмет» кітабының қолжазба нұсқасы, ХІХ ғасырда қайта көшірілген «Рисоллә дәр адаби тариқат», «Бустан ул-михиббин», «Насабнама» шежіресі, ХІV ғасырдан жеткен түпнұсқа кесене кірпіштері, аспалы, айдаһар басты шырағдандар, тайқазан, лауһа, қақпа есігі, ХІХ ғасырда Түркістанда болған орыс саяхатшысы А.Кунның альбомынан алынған фотосуреттер экспозициядан орын тепкен.

4

Көрменің үшінші бөлімі – Түркістанда жерленген тарихи тұлғалар туралы. Киелі шаһарда қазақтың атақты Жәңгір, Тәуке, Болат, Тұрсын, Сәмеке, Қайып, Сейіт, Сығай, Барақ, Әбілмәмбет, Абылай, Әбілфейіз, Тоғай, Бөкей сынды хандары билік құрған.  Осы кезеңде алаштың игі жақсылары ұрпақтарына өздерін Түркістанға апарып жерлеуді аманат еткен. Содан бастап Түркістан исі қазақтың ұлттық пантеонына айналды. Аталған бөлімде Түркістанда жерленген хандардың күміс жүзік бетіне түскен мөрлері, Ресей, Қытай патшалығына дипломатиялық байланыс мақсатында жазған хаттары, қазақ-жоңғар соғысында көзсіз ерлік үлгісін көрсеткен ер Қабанбайдың түпнұсқа қанжары, Хан ордасынан археологиялық қазба кезінде табылған қыш табақтар, құмыралар, қылыш, қанжар жәдігерлері көрініс тапқан.

5

Қорында 25 мыңға жуық жәдігері бар қорық-мұражайдың Ақ Жайықты мекендеген киелі өңірде  көрме өткізудегі мақсаты — Түркістанның тарихи орнын, оның мәдени-рухани келбетін ашып көрсету, тарихи жәдігерлерді насихаттау, мәдени байланысты кеңейту, мұражайлар арасындағы ынтымақтастықты нығайту.

Айта кетейік, «Тарихи Түркістан» көрмесі бір ай бойы Атырау жұртшылығына қызмет көрсетеді

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button