Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

«Тарихи ақиқаттан аттамайық…»

Кезінде тарихшыларымыз бірауыз сөз айта алмаған дәуір тарихы қайта қаралып, ақтаңдақтардың орны толтырылуда. Дегенмен, әлі де болса шынайы тарихи бағасы беріліп, тың деректердің негізінде одан әрі объективті зерттеуді талап ететін өзекті мәселелер бар. Сол себепті, Ұлы Отан соғысы тақырыбындағы сұрақтарды тарих ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Гүлжаухар КӨКЕБАЕВАҒА қойған едік.

тарихи акикат

– Бүгінде кырық бірдің қырғынын «Ұлы Отан соғысы» деп атаудың ғылыми негізі жоқ» деген пікірлер айтылып жүр. Осы орайда 1941-1945 жылдардағы соғысты қалай атаған жөн?

– Осыдан он шақты жыл бұрын республикалық «Айқын» газетіне берген сұхбатымда: «Екінші дүниежүзілік соғыс» және «Ұлы Отан соғысы» деген терминдер кеңестік тарихнамада, сондай-ақ, қазіргі посткеңестік елдердің ғылымында синоним ретінде қолданылып жүрген жоқ. Олар «Екінші дүниежүзілік соғыс» деп 1939 жылдың 1 қыркүйегінен 1945 жылдың 2 қыркүйегіне дейін болған соғыс қимылдарын атайды. Бұл – дұрыс атау, бүкіл шетелдік тарих ғылымында да осы атау қолданылады. Алайда, кеңестік тарихшылар 1941 жылғы 22 маусымнан 1945 жылдың 9 мамырына дейінгі кеңес-герман соғысын «Ұлы Отан соғысы» деп атайды. Бұл, бір жағынан, ресейлік тарихнаманың қалыптасқан салт-дәстүрінен шыққан»  деген пікір айтқан едім.

Егер біз 1941-1945 жылдардағы қырғын соғысты «Ұлы Отан соғысы» деп атасақ, онда кеңес әскерлерінің 1939 жылдың 17 қыркүйегінен бастап Польшаға жасаған жорығына, 1939 жылдың 30 қарашасы мен 1940 жылдың 12 наурызына дейін болған Финляндиямен соғысына қатысқан, қаза тапқан, жараланған, тұтқынға түскен аталарымыз бен апаларымыз атаусыз қалмай ма? Олар да әскерге «Отанымыз шақырды» деп барды емес пе? Фашистік Германияның шабуылына бірінші болып ұшыраған, жан аямай Отанын қорғаған поляктар неге оны «Отан соғысы» деп атамайды? Сол соғыста басқыншылыққа ұшырап, елін, жерін қорғаған, бірақ, жеңіліс тауып, фашистік Германияның қоластында азап шеккен елдер қаншама? Солардың барлығы үшін бұл соғыс Отан қорғау соғысы емес пе? Бірақ, олардың бірде-біреуі бұл соғысты «Отан соғысы» деп атамайды, 1939 жылдың 1 қыркүйегінен 1945 жылдың 2 қыркүйегіне дейін болған алапат соғыс тарихқа «Екінші дүниежүзілік соғыс» деген атпен енді. Бұл – тарихи факт, ғылыми шындық. «Ұлы Отан соғысы» деген атау моральдық негізде алынған, әрине, соғыс ардагерлері үшін бұл атау қымбат. Алайда, ғылыми және тарихи шындық тұрғысынан алсақ, бұл атаудың тасасында қалып қоятын кеңес-поляк және кеңес-фин соғысындағы Кеңес Одағының басқыншылық саясатын бүркемелеудің амалы ретінде шықпағанына кім кепіл?

«Отан соғысы» атауы Ресей тарихнамасына тән түсінік екені рас. Мәселен, 1812 жылғы Наполеонның Ресейге жорығы «Отан соғысы» деп аталады. Ал, оған дейін Наполеон Еуропаның көптеген елдеріне жорық жасады емес пе? Олардың барлығы тарихқа «Наполеонның жорықтары, наполеондық соғыстар» деген атаумен енді. Әрине, Ресей тарих ғылымының бірнеше ғасыр бойына қалыптасқан өзіндік дәстүрлері бар. Оған ешкім қарсы емес. Бірақ, бәрімізге ортақ Кеңес Одағының тарихына қатысты алғанда, біздің өзіндік пікір айтуға құқығымыз бар ғой. Ең бастысы, сол пікіріміз ғылыми шындыққа, ақиқат тарихи фактіге негізделуге тиіс. Соғыс мәселесіне байланысты менің өзіндік пікірім бар. Ол  соңғы он бес жылдағы Германияның, Польшаның, Венгрияның мұрағаттарында ізденістер жүргізіп, шетелдік зерттеушілердің еңбектерін талдап, жинақтаған нақты мәліметтер мен білімге негізделген. Сондықтан, мен өзімнің оқулықтарымда 1939-1945 жылдардағы соғысты «Екінші  дүниежүзілік соғыс» деп атап, «1941жылдың 22 маусымынан 1945 жылдың 9 мамырына дейін созылған фашистік Германияның  Кеңес Одағына қарсы соғысы «Ұлы Отан соғысы» деп аталады» деген мәліметті беремін.

–  Осы орайда қазақтарға қатысты нендей нәрсе әлі зерттелмей  келеді деп ойлайсыз?

Біріншіден, соғыста ерлік көрсетіп, ең жоғары марапатқа (Батыр атағына) ұсынылып, әртүрлі себептермен алмай қалған ардагерлердің тарихын зерттеу қажет. Сондай-ақ, «Соғысушы мемлекеттер жеке адам тағдырына қалай қарады?» деген мәселе бүкіл посткеңестік кеңістікте әлі де көлеңкеде қалып, зерттелмей  жатыр. Василь Быковтың шығармаларын еске түсіріңізші, оларда жазушы шайқастарды жалаң суреттемейді, сол шайқастағы жеке адамдардың тағдырын, ой-арманын, ішкі күйзелістерін суреттейді. Ғылымға да сондай еңбектер қажет. Жетпіс жыл бойына Қазақстанның майданды қару-жарақпен, азық-түлікпен қамтамасыз еткені, біздің жерімізде құрылған әскери бөлімдер туралы жазып келдік. Бұл, әрине, аса қажет зерттеулер. Бірақ, енді жеке адамның тағдырын зерттеу қажет. Соғыстағы жеке адам тағдырын көркем әдебиеттің ғана еншісіне беріп қоймай, ғылымға енгізген жөн.

Екіншіден, соғыстың ғаламдық мәселелерін зерттеп, қазақстандық тарих ғылымында осындай бағыт қалыптастыру қажет. Соғыстың қарсаңындағы ірі мемлекеттердің саясаты, соғысты болдырмау жолындағы әрекеті неліктен іске аспай қалуы сияқты ғылыми мәселелер әлі де толық зерттеуді талап етеді. Соғысқа қатысқан ірі елдердің мұрағаттарында әлі де белгісіз болып қалған деректер баршылық. Кезінде КСРО құрамындағы республикалар ғалымдарының  шет ел мұрағаттарында жұмыс істеуге мүмкіндігі болған жоқ. Енді біздің ғалымдардың әлемдік деңгейдегі ғылыми мәселелерді зерттемей отыруы, жаңа деректер негізінде өзіндік пікір айтпауы мүмкін емес. Осындай үлкен мәселені көрші елдің тарихшыларының қолына беріп қойып, өзіміз тек «майданда атылған он оқтың тоғызы біздің республикамызда шығарылды» деп тоқмейілсіп жүре берсек, онда Қазақстандағы әрбір жанұяның асханасында, жол көліктерінде соғыс туралы шексіз-шетсіз дау-дамай туып, негізсіз айтыстар көбейеді. Мен «айтыс» деп бекерге айтып отырған жоқпын. Егер ғылыми фактілерді келтіре отырып, ғалымдар айтысса, бұл пікірталас болады. Ал, интернеттегі әртүрлі алыпқашпа пікірден туған эмоциялық таластар тек «айтыс» деңгейінде жүреді.

Үшіншіден, соғыста жан аямай шайқасып, қапылыста  жау қолына түсіп қалған, фашистік лагерьлерде адам айтқысыз ауыр азапты басынан кешірген соғыс тұтқындары мәселесін зерттеу қажет.

Төртіншіден, соғыс кезіндегі қазақ әйелдерінің майдандағы ерлігін және тылдағы ерен еңбегін зерттеуді қазақстандық тарих ғылымының жеке арнаулы бағытына айналдыру керек.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button