Тарих ғылымының тарланы
Хисмет Бозанұлы Табылдиевтің мерейжасын атыраулықтар айрықша атап өтті.
Азаматын ардақтап, қайраткерін құрметтеу – елдіктің белгісі. Бақытқа жеткізетін де, сыйлы еткізетін де – еңбек. Тарих ғылымдарының докторы, профессор, «Парасат» орденінің иегері, Атырау облысының Құрметті азаматы Хисмет Бозанұлы Табылдиевтің 80 жасқа толу құрметіне арналған шаралар осы ойлардың ақиқат екенін тағы да көрсетті. Бар ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне, кемел келешек жолындағы мехнатты да мағыналы іске арнаған ұстаздардың ұстазын Атырау аймағы айрықша ұлықтады.
АҚЫНДАР ШЫҚТЫ АЙТЫСҚА…
Қазақтың тойы айтыс пен аламан бәйгесіз өткен бе?! Білім және ғылым министрлігі, Атырау облыстық әкімдігі, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті елімізге белгілі ғалым Хисмет Табылдиевтің 80 жылдығына арнап өткізген шаралардың қатарында спорттық жарыстар, ақындар айтысы мен ғалымдар бас қосқан алқалы жиын болды.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында ұйымдастырылған «Тәуелсіздік – туымыз, тарих – біздің жырымыз» атты республикалық ақындар айтысы салтанаттың сәнін келтірді. ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман төрағалық еткен қазылар алқасының құрамындағы халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Көпен Әмірбек, белгілі айтыс ақындары Айнұр Тұрсынбаева, Серікзат Тұрсынғазин, Саадат Нұрмановтар сөз барымтасына қатысқан шабытты шайырларға әділ баға берді.
— Хисмет Бозанұлының мерейлі жасын бүкіл қазақ елі тойлап жатыр деп айтуға толық негіз бар. Айтыстың өзіне республиканың әр аймағынан от ауызды, орақ тілді, арқалы ақындар келіп, тәуелсіздікті, азаттық таңындағы айбынды жеңістерімізді, қоғам өміріне айрықша үлес қосқан азаматтарды, ұлттық құндылықтарымызды жырға қосты. «Гурьев» атауының «Атырауға» айналуына, педагогикалық институттың университет болып, оған Халел Досмұхамедов есімінің берілуіне Хисмет Бозанұлы елеулі үлес қосқанын ел біледі. Бұл мереке – еңбектің өтеуі, қарапайым еңбек адамына деген үлкен құрмет деп білеміз, — деді айтысты жүргізген Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау облыстық бөлімшесінің төрағасы, ақын Қойшығұл Жылқышиев.
Сөз аламанын бастаған атыраулық Амангелді Панабердиев пен маңғыстаулық Абай Жолмағанбетовтың жұбы замандастар арасындағы уытты қалжыңмен қоса қоғамдағы өзекті тақырыптарды назардан тыс қалдырмады. Осы айтысқа демеушілік жасаған Ерлан Хисметұлына ұлттық өнерді ұлықтайтын ұлағатты ұл екенін көрсеткені үшін ақындар алғыс айтуды да ұмытпады. Оралдық Талғат Мықи атыраулық Өнербек Дәулекеновпен сөз сайыстырды.
«Хисмет атаның тойында, сөзімді соғып сойылға, құлдыраңдап бір шапсам деп, құлашты сермеп мен келдім. Ал, халқым, енді қабыл ал, ақынға қандай құрмет бар, қошеметіңнен артық сендердің» — деп республикалық айтысқа алғаш аяқ басқан атыраулық жас шайыр Ғалымбек Мұстафаның қарсыласы белгілі ақын қыз, астаналық Әсем Ереже болды. «Хисметтей ағалардың арқасында, қазағым ел болды ғой керегелі. Туғызған Атырауда Имаштарды, Ділдәдай ақ әжелер ерек еді. Осындай аналардың жалғасы едік, соларға ұқсап бақсақ керек еді. Тәлімді ана, тәртіпті қыз болмаса, ажырап тамырынан ел өледі» — деп мағыналы сөз айта алған Әсем ақын халықтың да, қазылар алқасының да көңілінен шықты.
Ақтөбелік Ершат Қайболдин, Марат Ахметов, оралдық Айнабек Бисенғалиев, қызылордалық Мұхтар Ниязов, Мейірбек Сұлтанхан, павлодарлық Аспанбек Шұғатаевтардың есімдері елге етене таныс. Атыраудың төрінде аламан айтыс жасаған ақындарға сөз додасын сағынған көрермендер айрықша қошемет көрсетті.
Наркескен өнердің нарқын арттырып жүрген жастарға қандай құрмет те жарасады. Бұл жолғы айтыстың бас бәйгесі – бір миллион теңгені Астанадан келген Әсем Ереже жеңіп алды.
Айтыстың мақсаты – елге еңбегі сіңген қайраткер тұлғаларды халық арасына, әсіресе, жас буынға насихаттау болса, бұл мақсат орындалды. Ақындардың әзіл-қалжыңмен астарлай отырып өрген өлеңдері көрерменге ой салды. Атырау жері әуелден жыр-думанға бай. Осы үрдістің үзілмеуін тіледік — дейді бас жүлде иегері.
Ал, бірінші орынның тұғырынан қызылордалық Мұхтар Ниязов көрінді. Ол да қазақтың ұлттық өнері, қасиетті өлеңі салтанат құра берсін деген тілегін жеткізді. Екінші орынға Ақтөбенің ақыны Ершат Қайболдин лайықты деп танылса, үшінші жүлде керекулік Аспанбек Шұғатаевқа берілді. Басқа қатысушылар ынталандыру сыйлықтары мен Алғыс хаттармен марапатталды. Қазылар алқасының төрағасы Жүрсін Ерман Хисмет Бозанұлының мерейтойы аясында өткен айтысқа жоғары баға беріп, атыраулық бір топ шайырға Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы-термешілерінің халықаралық одағына мүше деген куәлік табыстады.
ӨЛКЕ ШЕЖІРЕСІ – ӨНЕГЕ ӨЗЕГІ
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде өткен «Ұлттық тарихты зерделеудегі өлкетану: бүгіні мен болашағы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция да Хисмет Бозанұлы Табылдиевтің құрметіне арналды. Университет ректорының міндетін атқарушы Абзал Тәлтенов: «Біздің оқу орнымызда үлкен мереке. Тарих ғылымдарының докторы, профессор, аймағымыздың құрметті азаматы, университеттің бұрынғы басшысы Хисмет Бозанұлы Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында мерейлі жасқа келіп отыр. Ұстаздардың ұстазы атанған ол қазақ тарихының хатқа түсуіне үлкен еңбек сіңірді», — деп атап өтті. Осы шараға арнайы келген тарих ғылымдарының докторы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Болат Көмеков «Ұлы дала өркениеті және өлке тарихы» тақырыбындағы баяндамасымен конференцияны ашты.
— Дала өркениеті – нағыз зерттеуді талап ететін тақырып. Біз қазақ –даланың еліміз, біздің құндылықтарымыздың бәрі де ұлы дала өркениетіне байланысты. Қаншалықты зерттесек, соншалықты өзімізді танығанымыз. Осы өлкенің шежірелі жолын тануда Хисмет Бозанұлы да талмай талаптанды. Оның 200-ден астам ғылыми еңбегі әріптестерінен жоғары бағасын алды. Қаншама шәкірт тәрбиеледі. Міне, мерейлі жасқа абырой-беделмен, елі алақанына салып аялаған ардақты қария қалпында жетіп отыр, — деді Болат Ешмұхамбетұлы.
Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ханкелді Әбжановтың «Отан тарихын зерттеудегі өлкетану маңызы» тақырыбында ойымен бөлісті.
— Арманына сенбесе, шалғай ауылдың баласы қияндағы Алматыға оқуға барар ма еді? Ақылы мен сабырын серік қылмаса, тарихшы Бекмұхамбетовті, Сүлейменовті соттағаннан кейін тарих мамандығын таңдар ма еді? Болашақты болжай алмаса, ғылым жолына түсер ме еді? Біз білетін Хисмет Бозанұлы осы үш қасиетке ие жан екенін өзі дәлелдеп берді. Атырау өңірінің тұлғаларын, қоғамдық-саяси өмірін, ономастикасы мен руханиятын әр қырынан саралаған ғалым Табылдиевтің танымды еңбектерін біз жоғары бағалаймыз. Ақтаңдақтарды жоюға, тарих ғылымын саясаттан арашалауға ғылыми ізденістері арқылы үлес қосқанын үлгі қылып айтамыз» — деді Х.Әбжанов.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе аймақтық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Нұртаза Абдуллаев «Ғылымдағы әдіснамалық мәселелер: тарих заңдары мен заңдылықтары» жайлы баяндама жасады. Атырау мұнай және газ университетінің проректоры, тарих ғылымдарының докторы Әбілсейіт Мұқтар «Өлкетану ғылымы: тәуелсіздік жылдарындағы жаңа бастаулар» деген тақырыпты тарқатты. «Ғалымдарымыз жеткілікті болса да, бүгінге дейін Атырау облысының тарихы жазылған жоқ. Атырау қаласының тарихын 1640 жылдан бастағанымыз дұрыс па? Өлкеміздің белді тұлғаларының тарихы, мұрағаттық материалдар толық жинақталмады. Көршілес Ресейдің мұражайларындағы қазақтарға қатысты көптеген материалдар бар, оларды ғылыми тұрғыдан саралау кезек күттірмеуі тиіс. Өлке археологиясында қордаланған мәселелер де аз емес. Өлкетанудың елдікті, ерлікті, ішкі тұтастықты сақтап, өскелең ұрпақты патриотизмге баулуда мәні ерекше, сондықтан мұны көп болып атқару маңызды» — деп атап өтті ол.
Конференцияға еліміздің әр өңірінен келген ғалымдар қатысып, тарихымыздағы әлі де зерттеп-зерделеуді қажет ететін мәселелерді баяндады. «Каспий аймағы халықтарының тарихы мен мәдениеті», «Каспий аймағы елдері экономикасы және ынтымақтасу болашағы», «Жайық-Каспий бассейнінің экожүйесі», «Өлкетануды оқытудағы дәстүрлі және жаңа әдістер, қазіргі заманғы ақпараттық технологиялар» тақырыптарында секциялық мәжілістер жоғары дәрежеде ұйымдастырылды.
ЕЛ ҚҰРМЕТІ – ЕР БАҚЫТЫ
Махамбет атындағы облыстық драма театрындағы мерейгерді құттықтау салтанатына да атыраулықтар көп жиналды. сексен жасқа толып отырған тарих ғылымдарының докторы, профессор, «Парасат» орденінің иегері, Атырау облысының Құрметті азаматы, ҚР Қоғамдық ғылымдар академиясының академигі, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ҚР білім беру ісінің үздігі, «Еңбек ардагері», «Ерен еңбегі үшін» медальдарының, басқа да көптеген марапаттардың иесі болып жеткен Хисмет Бозанұлы Табылдиев пен жары Майра Ғилақызына сахна төрінен құрметті орын берілді.
— Білім саласында ерен еңбек етіп, талай азаматтарға тәлім беріп, ортаға қосып, білім саласының дамуына үлкен үлес қосқан Хисмет Бозанұлының мерейлі шағы – баршамызға ортақ қуаныш. «Зердемді сен ашпасаң не етер едім, өмірден сыбағасыз өтер едім» деген жыр жолдары бар. Талай адамның сыбағасыз қалмай, өзіндік жолын тауып, ізгі мамандық иесі атануына үлес қосқан Хисмет Бозанұлы – ұстаздардың ұстазы. Атқарған еңбегіңіз, төккен тер мен жұмсаған күш-жігердің қайтарымы – осы. Мерейлі жас құтты болсын!, — деп ақ тілегін арнаған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев мерейгерге «Атырау облысының Құрметті азаматы» атанғаны жөніндегі куәлікті және «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің құттықтау хатын табыстады.
Өлкеміздегі жер-су аттарының қазақша аталуына, ұлы тұлғаларымыздың есімдерінің ұлықталуына, ұлт мүддесі мен ұрпақ тәрбиесіне бар ғұмырын арнаған Хисмет Бозанұлына ҚР Парламенті Сенатының Құрмет грамотасын сенатор Сәрсенбай Еңсегенов табыстады.
Қазақ-Американ университетінің президенті, химия ғылымдарының докторы Ережеп Мәмбетқазиев, «Парасат» орденінің иегері, белгілі сықақшы Көпен Әмірбек, белгілі кәсіпкер Төкен Танаұлы, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов, «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Атырау облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қилымғали Қайненов Хисмет Бозанұлының өнегелі өмірі бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге екенін атап айтты. «Ұлт болмысы» журналының бас редакторы Гүлжанар Амантайқызы соғыс ардагерлері қауымдастығының төрағасы, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұлдың атынан Х.Табылдиевті «Бауыржан Момышұлы» медалімен және «Ұлт қайраткері» атағымен марапаттады.
Бұл күні айтылған ақ тілек пен жолданған гүлде шек болмады. Тарих ғылымдарының докторы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Болат Көмеков, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ханкелді Әбжанов, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе аймақтық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Нұртаза Абдоллаев, Атырау мұнай және газ университетінің проректоры, тарих ғылымдарының докторы Әбілсейіт Мұқтар Хисмет Бозанұлын ғылымдағы өзіндік соқпағы, өзіндік жолы бар нағыз ғалым деп білетіндерін жеткізді.
Хисмет Табылдиев – ғалым ғана емес, журналистика саласында да еңбек еткен қаламгер. «Сонау бесінші сыныпта оқып жүрген кезде газет бетіне шыққан алғашқы мақаласынан бастап бүгінге дейін оның қолынан қаламы түсіп көрген емес» деді журналистикадағы әріптестері атынан құттықтаған «Президент және халық» газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаев.
Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті, профессор Серік Түкеев «Қазақ күресіне қосқан еңбегі үшін» медалін меретой иесінің кеудесіне тақты.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті ректорының міндетін атқарушы Абзал Тәлтенов мерейгер отбасы дайындаған «Хисмет Табылдиев атындағы атаулы стипендияны» осы оқу орнының студенттері Ғаламат Базарбаев пен Данагүл Ағелеуоваға тапсырды.
Тарих ғылымының тарланы, Атыраудың бірегей азаматы, ғұлама ғалым, қарымды қаламгер және жай ғана жақсы адам ретінде еліне белгілі Хисмет Бозанұлын жерлестері осылай құрметтеді.
Бақытгүл Бабаш