Тариф, қайда барасың?..
БІР САҒАТ ЖАРЫҚ НЕМЕСЕ ЖЫЛУ БОЛМАСА ДЕГБІРІМІЗ ҚАШЫП, МАЗАСЫЗДАНАТЫНЫМЫЗ БАР. АЛ, ОСЫ ЭНЕРГОКЕШЕНДІ ДАМЫТУҒА БАЙЛАНЫСТЫ ОБЛЫСТА ҚАНДАЙ ЖҰМЫСТАР ЖАСАЛЫП ЖАТЫР? ХАЛЫҚ АРАСЫНДА ЖИІ АЙТЫЛАТЫН ӘҢГІМЕ – ТАРИФ ҚЫМБАТТАЙ МА? ОСЫ САУАЛДАРҒА ДӘСТҮРЛІ ТҮРДЕ ӨТКІЗІЛІП КЕЛЕТІН БАСПАСӨЗ ТУРЫНДА ЖАУАП ІЗДЕП КӨРДІК.
Былтыр инвестициялық бағдарлама бойынша «Атырау жылу жүйелері» АҚ-ына 853 млн. теңге, ал «Атырау жылу электр орталығы» АҚ-ына 315 млн. теңге бөлінген. Кәсіпорындар бұл қаржыға тозығы жеткен құрылғыларды ауыстыратын болып міндеттелген еді. Құрылым басшыларының айтуынша, Атыраудың жайсыз климаты 25 жылға дейін шыдауы тиіс тұрбаларды 5-6 жылда шірітіп жібереді. Демек, оларды осы аралықта ауыстырып отыру қажет. Бұл тарифтің өсуіне ықпал етуі мүмкін.
– Егер тариф бағасы төмен күйінде қала беретін болса, облыстың энергетика саласының дамуы тежеліп, біртіндеп құлдырай бастады. Соның салдарынан тұрғындарды жарық, жылумен қамтамасыз етуде проблемалар туындауы мүмкін. Оған қоса елімізде энергетикалық құрылғылар, қажетті жабдықтар өндірілмейді. Турбиналарға керекті жабдықтардың барлығы Ресейде өндіріледі. Оның бір күнде жасалмайтыны да белгілі. Тапсырыс берілгеннен кейін, кем дегенде 7-8 айға дейін күтуге тура келеді. Бағалары да қымбаттауы мүмкін, — деді «Атырау-Жарық» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Оразғали Қаршегенов.
Төрағаның сөзінше, енді төмен тарифті бұрынғыша ұстап тұрудың мүмкіндігі жоқ. Мұнай компаниялары монополистердің қызметіне мұқтаж еместігі себепті салмақ тұрғындарға түседі. Ал, табиғи монополияларды реттеу департаментінің өкілдері «бұл мәселелер кеңінен талқылануы қажет» деген пікірде.
– Инвестициялық бағдарламалар арқылы негізгі құралдарды сатып алу және негізгі құралдарды күрделі жөндеу жұмыстарын өткізу мақсат етіліп отыр. Олардың орындалысы туралы монополистер таныстырып өтті. 2021-2025 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламалардың орындалысы да кезең-кезеңімен тексерілетін болады. Тұтынушыларға ұсынылатын қызмет сапасын арттыру басты назарда, — деді табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Әлібек Төлеп.
2021-2025 жылдар аралығында «Атырау жылу электр орталығы» АҚ-ына 1 млрд. 700 млн. теңге, «Атырау жылу жүйелері» АҚ-ына 4 млрд. теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Олар осы қаражатқа инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыруы тиіс. Анығында, инвестициялық бағдарламалардың орындалуы ұжымды да, елді де игілікке бастайтыны белгілі.
Алмас ҚАБДОЛОВ