Тариф неге қымбаттайды?
Табиғи монополиялар және қоғамдық маңызы бар нарық субъектілерінің тарифтерді бекіту және бағаларды келісу бойынша 132 өтінім қаралды. Бұл туралы ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Арман Өтегенов баспасөз брифингінде мәлім етті, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Департамент басшысының айтуынша, заңнамалық өзгерістер мен қажетті инвестициялық бағдарламаларды іске асыруға байланысты 1 шілдеде электр энергиясының тарифі қымбаттады. «Атырау Жарық» АҚ биыл электр энергиясын беру тарифін 62,5%, яғни 4,61 теңгеге өсіруді жоспарлаған. Дегенмен тариф 7,37 теңгеден 9,96 теңгеге дейін өзгерді. Яғни, 35%-ға өсті.
«Атырау Жарық» АҚ тарифі түбіртектерді тарататын және тұтынушылардан ақша жинайтын «Атырау Энергосату» ЖШС-ның бағасына тікелей әсер етеді. Нәтижесінде орташа баға қосымша құн салығынсыз 1 кВт/сағ үшін 25,14 теңгеден 31,71 теңгеге дейін немесе 26%-ға өсті. Бұл көрсеткіш биыл 1 желтоқсаннан бастап қолданысқа енді. Оның ішінде жеке тұлғалар үшін тарифтің бағасы — 10,56 теңгеден 16 теңгеге дейін немесе 52%-ға, заңды тұлғалар үшін — 33,65 теңгеден 40,20 теңгеге дейін немесе 19%-ға, бюджеттік ұйымдар үшін — 46,61 теңгеден 59,66 теңгеге дейін немесе 28%-ға ұлғайды. Оның себебі — бірыңғай сатып алушы бағасының, «Атырау Жарық», «Қазақстан Темір Жолы» ҰК, «KEGOC» АҚ тарифінің, сондай-ақ қызметкерлердің айлығының өсуі.
– Негізгі өсу себептері инвестициялық бағдарламамен және заңнамаға енгізілген ынталандырушы әдіспен байланысты. Ынталандыру әдісі дегеніміз — кәсіпорындарға өз шығындарын үнемдеуге және өз тиімділігін арттыруға, яғни үнемделген қаражатты өз бетінше басқаруға мүмкіндік беру, тиімді көрсеткіштерді бекіту. Бекітілген тиімділік көрсеткіштер – бұл тозу, жоғалту, жөндеу жұмыстары, апаттар, — деді А.Өтегенов.
Бұдан бөлек, жылумен жабдықтау қызметі бойынша жеке тұлғалар үшін тариф бағасы 3%-ға өссе, заңды тұлғалар үшін тариф өзгеріссіз қалды. Сондай-ақ «ҚазТрансГазАймақ» тарифі тұрғындар үшін 3,5% — ға өссе, заңды тұлғаларға баға өзгерген жоқ. Облыс халқы үшін газ тарифінің ең төменгі бағасы 1 текше/метрге -9,5 теңгені құрайды. «Магистральдық Су Ағызғысы» ЖШС кәсіпкерлер үшін тарифті заңнамалық өзгеріске байланысты 1 шілдеден бастап 30% — ға өсірді. Негізгі себеп — заңнамаға ынталандыру әдісінің енуінен.
Департамент тұтыну көлеміне байланысты жеке тұлғалар үшін жоғары тарифтерді белгілеуге бағытталған суды пайдаланудың әлеуметтік нормаларын енгізуді жоспарлап отыр.
Айта кетейік, егер бір адам суды айына 3 текше/метрге дейін тұтынса, онда тариф бағасы өзгермейді. Сәйкесінше, 5 текше/метр пайдаланса, 20% — ға, 10 текше/метр болса, 50% — ға, ал пайдалану мөлшері 10 текше/метрден асса, тариф екі есеге артады.
Коллаж: egemen.kz