Жарнама
ЖаңалықтарМәдениет

«Тараз» Эскиз күйінде қалған кино

Қазақ көрерменінің Голливуд өнімдерімен таныстығы боевиктерден басталды. Дистрибьютор компаниялар бізге ең төменгі сапалы, арзан дүниелерін тықпалады. Кеңестік құрсауда үнді мен кеңестік кинодан басқа көрмеген жұрт қоғадай жапырылып сол арзан боевиктерге барды. Сөйтіп, біздің талғам қалыптасты. Киноның төресі осы екен деп ойладық.

%d1%82%d0%b0%d1%80%d0%b0%d0%b7

Бірақ он, он бес жылдай боевик түсіруге жүрегіміз дауаламай жүрді. Орыстар ол кезде рэкетирлер туралы ағынан жарылып жатты. Онысы бізге Жан Клод Ванн Даммнан да артық ұнап еді. Өйткені, кейіпкерлерінің шала мәдениеті, қылмысқа баратын мотивтері, теріс жолда жүріп өздерін қаһарман сезінетіні қазақ қоғамына да таныс жай болатын. Көп жылдан кейін, Ақан Сатаев «Рэкетирді» түсірді. Бұл кезде шын рэкетирлердің бәрі тарих сахнасынан кетіп, көшеде басқа кейіпкерлер қыдырыстап жүрген. Басқа шындық актуальды еді. Бірақ, сонда да қазақтар түсірген «Бригаданы» көру бізге қызық болды. Өйткені, санада «кино тапаншасыз болмауы керек» деген түсінік қалыптасып қалған. Оның үстіне, экранға жететін қазақ киносы ол жылдары сирек еді. Сондықтан, қазақша боқтық сөздерді естудің өзі құлаққа майдай жақты.

Былтыр «Рэкетирдің» жалғасы шықты. Ақан Сатаев оқиғаны тоқсаныншы жылдардан бері жақындатқысы келіпті. Бірақ, одан ештеңе шықпады. Өйткені,  рэкетирлер де динозаврлар сияқты өліп біткен. Рэкетирлік мінез де келмеске кеткен. Сондықтан, екінші «Рэкетирді» түсіргенде, фильмінің өзектілігіне режиссер Сатаевтың өзі сенбеген сияқты. Нәтижесінде «Рэкетир 2» боевиктен гөрі, мелодрамаға көбірек ұқсап шықты. Бұл тақырып осымен жабылған шығар деп едік. Олай емес екен.

Және кім-кім, бұл тақырыпты «Келинка Сабина» болып сүйкімділік  жинаған Нұртас Адамбай жалғастырады деп ойламаппыз. Оның «Келинкасы» мен «Ауылдан қашуы» кино деп аталса да, телевизиялық жобадан алысқа ұзамап еді. Олардың өтімді болғаны да Нұртастың өз стихиясында жүруінен болатын. Бірақ, ол басқа биікке «қанат сермегісі» келген сияқты. Өйткені, «Келинка» үшін сыншылардан ұрыс естігенде, кәсіби ортада Жасұлан Пошановтың  Еркебұлан Дайыров басты ролін сомдаған «Шлагбаумы» талқыланып жатты.

Қабаттаса Асқар Ұзабаевтың «Жол» фильмі шықты. Екеуі де жолы болмаған боксер жайлы. Біріншісі күзетші, екіншісі барахолкада арба тасиды. Біріншісі – бай баласымен, екіншісі базар бастығымен текетіресте. Бірақ, екеуі де тұрмыс тауқыметінен күйген. Әлеуметтік мәселе көтергендігі үшін екі фильм де сыншылардың жақсы пікіріне ілікті. Ал, ол уақытта «Келинка Сабина» ешкімге белгісіз кинофестивальдерде жүлде әкеліп жатты. Нұртас оны аттандатып жазды, бұқаралық ақпарат құралдарынан сүйінші сұрады.

Бірақ, ешкім селт етпеді, оны ешкім де табыс деп елемеді. Сонда ол «А-а, сендерге қараңғы кино керек пе, ал ендеше», «Еркебұлан керек пе, ал ендеше» деп, ойлаған сияқты.

«Тараз» (Тараз қаласының бұзық деген репутациясы үшін қойса да орынсыздау атау) – «Келинка» мен «Ауылдан қашу» емес. Бұл жерден режиссерлік амбицияның иісі шығады. Бірақ, мәселе неде дейсіз?… Экрандағы кедейлік әлі әлеуметтік кино жасамайды. Жыртық үй мен жылаған баланы көрсету сені міндетті түрде мықты режиссерлердің қатарына қоспайды. Иә, «Таразда» жолы болмаған боксер бар, талантты актер Еркебұлан Дайыров бар, қараңғылық бар, негатив бар, бірақ ешкімге еліктемеген, тәуелсіз режиссерлік көзқарас жоқ.

Әрине, Н.Адамбайдың азаматтық позициясы бар. Бірақ, көзқарас білдіргісі, қоғамды сынағысы, не мораль айтқысы келсе, Нұртастың «Таразынан» гөрі, фейсбуктағы посттары қызығырақ.

Әрине, режиссердің логикасын түсінеміз. Өмірде бәрі аяқ астынан болады, кішкентай қателіктер тағдырларды шешуі мүмкін. Қоғам – қатыгез, шындық – қатал. Бірақ, дәл «Тараздағыдай» емес қой. Жалпы, фильмнің тақырыбы, мазмұны бүгінгі күндікі емес. Тоқсаныншы жылдары, қазір санасақ, отыз жыл бұрын түсірілуі керек «туынды» еді. Режиссер ретінде бұл жеңіліс. Өйткені, қазіргі қоғамның бет-бейнесі жоқ, сана өткен шақта қалып қойған, дәл бүгінгі оқиғаларды, бүгінгі қоғамдағы мәселелерді синтездеу жағы кемшін.

Мойындайық, кино әдемі басталып келе жатып еді. Таксисті қоспағанда, көліктегі төртеу. Бәрі үнсіз, түнерген жүздер. Әрқайсысы өз ойымен әуре. Анау атасымен қоштасты. Мынау бокста жеңілді. Үшіншісі дәрі алуға ақшасы жетпеді. Төртіншісі үйленгісі келмесе де, үйленгелі жатыр. Не керек, титрлар шығып біткенге дейін «Тараз» айтары бар киноға еліктеді. Біз де емініп күтіп отырдық. Бірақ, екі қыздың клубқа келе жатқан тұсынан бастап, алданғанымызды түсіндік. Әсердің бәрі бұзылды. Бейкүнәлікті ойнаймын деп көзін қайта-қайта бақырайта берген актрисаның (Г.Жоланова) қылығынан бүкіл киноға жайылған жасандылық басталды.

Не керек, Нұртас науқас ана, жетім бала, жетім шал, күшпен күйеуге берілген қыз, бақытсыз кейіпкерлердің букетін жинапты. Мойындайық, ең жақсы идея емес. Сормаңдайдың біреуі бір киноға жетер еді, ал мұндағы тотальды  дағдарыста кейіпкерлердің ешқайсысы толық ашылмай, бәрі эскиз күйінде қалған. Ұрлық жасап анасына дәрі алатын бала, қызын іздеп вокзалда сабылған ата… үнді киносынан көшіп келген.

Сапардың мағынасыз өлімі «Оқығаннан кейін жыртып тастаудан» алынған (реж. ағайынды Коэндер). Сосын, қашып кеткен күйеуді қайтару мылтық алып жүгіруге себеп емес. Арыстандай байдың еркебаласы, әсіресе, оны Жандос Айбасов ойнаса, қалаған қызына қалайша қолы жетпейді? Ал, Асанның аяқ астынан тұтанатын махаббаты сендірмейді (және оның «жүйкесінің тозғаны» мұны ақтай алмайды).  Немесе Айдар (Н.Адамбай), қым-қиғаш атыс болып жатқанда, өзін құтқарудың орнына өлген қызды айналып-толғанып отырғаны несі? Немесе қалыңдықтың бұқамойын ағалары Айдарды тауып, әкету үшін ат арытып келіп тұрып, құрығанда сол Айдардың өліп жатқанын бір көруге жарамағаны қалай? Кейіпкер мақсатына жетпеді, жарты жолдан үзілді. Мұның бәрі режиссердің тәжірибесіздігінен. Схема мен штамп бар да, қисын жоқ. Сондықтан да, экранда кәдімгідей драма болып жатса, зал жырқ-жырқ етіп күледі.

Сосын мұнда болуы керек саспенсті көрмедік. «Ойбай, жақындап қалды, қашыңдар, кетіңдер, әне, міне» деп орындықта отыра алмай кетуің керек. Бірақ, өйтпейсің. Анау үшеу «ақша қайдан табамыз?» деп отырғанда, қуғыншы бесеу өз бетімен айдалада жүр, олардың ізін алып бұқамойын екеу жүр. Араларында байланыс жоқ. Содан бір сәтте бәрінің жолы түйіскенде, киноңыз басталмай жатып аяқталғандай болады. Нәтижесінде, бұл кинода қазақша боқтық сөзден басқаға «тоймай» қалдық.

Шыны керек, мұнда Е.Дайыровтан (Сапар) басқа көз тоқтататын ештеңе жоқ.  Еркебұлан кеше ғана жіптіктей бала еді, қазір бет жүзінде биография бар, ашынған адамдарды айнытпай кейіптейтін кәсіби актерге айналыпты. Жай отырғанның өзінде көкжал сияқты, ал айқасқанда нағыз жаралы көкжал сияқты. Н.Адамбай «Таразға» қазіргі қазақ киносындағы бұқамойындар мен бетінен зәрі төгілгендердің бәрін жинаған, бірақ бәрі жабылып бір Еркебұланға партнер бола алмай жүр.

Асан Мәжиттің Асаны да задында қызық кейіпкер. Бірақ, актер шеберлігімен емес, сырт кейпімен ғана алып тұр. Жалпы, фильмдегі актерлердің қай-қайсысы да типаж. Бірақ, бір типтегі адамдар кинода көп болған соң жалықтырады. Ал, бауырсақтай томпиған Нұртастың өзі кілең қатулы жүздердің арасында (тіпті әкелер мен аталарын алыңыз)  түрменің темір үстеліне қойылған торт сияқты  фильмнің  атмосферасын бұзыңқырап, үйлесе  алмай  жүр.

Соны көрген соң ойлаймыз. Неге бізде кәрісі де, жасы да «бәрі өзі» болғанды жақсы көреді? Продюсері де өзі, сценарий авторы да өзі, режиссері де өзі, оған қоса басты рөлді өзі ойнауы керек. Соңында көтере алмайтын шоқпарды қоса көтерем деп, көтере алатын шоқпарына да шамасы келмей қалады. Және оны қанша ізденімпаз  болса  да  жалғыз  оператор Азамат  Дулатов  құтқара  алмайды.  Міне,  «Таразда»  жағдай  осындай.

Әсия  БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button