Тапшы антибиотиктер мен медициналық маскалар заңсыз сатылып келген
Atr.kz / 16 шілде, 2020 жыл. 2020 жылғы 9-13 шілде аралығында ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің Атырау облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің (ЭТД) қызметкерлері дәрілік препараттар мен жеке қорғану құралдарын заңсыз сатудың 3 фактісінің жолын кесті.
Бұл туралы ҚазАқпарат аталған департаменттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. Облыстық полиция департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында ЭТД қызметкерлері дәрілік заттарды жоғары бағамен және рұқсат құжаттарынсыз (лицензиясыз) сатудың 2 фактісін анықтады.
Дәрі-дәрмектерді заңсыз сатуды Атырау қаласының екі тұрғыны жүзеге асырған. Олардан 400-ден астам бума, 50 флакон және ампула тапшы препараттар (парацетамол, дексаметазон, лидокаин, цефтриаксон, азитромицин, ацетилсалицил қышқылы, метронидазол) тәркіленіп алынды. Аталған дәрілік заттар Атырау облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасына тапсырылды.
Оған қоса, ЭТД қызметкерлері Полиция департаментімен бірлесіп, тексеріс барысында тағы 137 500 медициналық масканы тәркіледі. Айыпты тұлғалардың әрекеттерінде ҚР ӘҚБтК-нің 424-бабы («Заңсыз медициналық және (немесе) фармацевтикалық қызмет») және 426-бабында («Фармацевтикалық қызметтің және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласының қағидаларын бұзу») көзделген әкімшілік құқықбұзушылық белгілері бар. Іс материалдары аталған тұлғаларды әкімшілік жауапқа тарту үшін өкілетті органға жолданды.
-Құрметті азаматтар! Егер Сізге дәрілік препараттарды жоғары бағамен сатуды жүзеге асыратын фармацевтикалық қызмет субъектілерінің (дәріханалардың) құқыққа қарсы іс — әрекет фактілері туралы белгілі болса, Комитеттің – 8 (7172) 70-84-78, Департаменттің – 8 (7122) 35-42-10 сенім телефондары арқылы хабарлауыңызды сұраймыз, — делінген ҚР Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметінің мәліметтерінде.