Жарнама
Жаңалықтар

Таңдайлық түлектердің тамаша тартуы

Туған жер әр адамға  ыстық, әр жанға қымбат болатыны айтпаса да түсінікті. Уақыт көшіне ілесіп, қанша алыста жүрсе де, адам баласы балалықтың балбұл әні қалған туған ауылына бір соқпай тұра алмайды. Қайта оралған сайын өткен шақтың үні, топырақтың иісі, сағыныштың дәмі естен кетпес әсерге бөлейді. Мұндай сәттерде жүректегі перзенттік парыз іспен дәлелденеді.

      Осы бір биік парасат пен шынайы сүйіспеншіліктің айғағындай болып, жуырда Таңдай орта мектебінің 1985 және 2005 жылғы түлектері туған мектептерінен ұшып шыққандарына 40 және 20 жыл толуына орай ауылға тамаша тарту жасады. Ауыл кіреберісінен бой көтерген, сәні мен мәні жарасқан «Саябақ – 1968» және «1988 Аллеясы» атты демалыс орны – тек көз тартар нысан емес, жүректен шыққан шынайы ықыластың, ауылға деген риясыз махаббаттың белгісіндей.

     Жаңадан салынған бұл саябақ күндіз де, түнде де алыстан жарқырап, ауыл келбетіне ерекше ажар берген нысан. Заманауи шамдармен көмкерілген, көгалдандырылған, тынығуға қолайлы ортаға айналған бұл орын ауыл тұрғындары үшін шынайы тарту болды. Әсіресе, жастар мен балаларға арналған демалыс кеңістігінің ашылуы – ауыл тіршілігін жандандырған, әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымды толықтырып тұрғандай еді. Түлектер тартуы рухани риясыздықпен қатар, ауылдың бүгінгі дамуына қосылған елеулі үлеске айналды.

     Салтанатты жиында сөз алған ауыл әкімі Ермұрат Сұлтанов түлектерге жүрекжарды лебізін білдіріп, олардың тартуын шынайы ризашылықпен қабылдады.

      – Сіздер бүгін ата-аналар жүрген, өздеріңіз тәй-тәй басып өскен топыраққа шынайы құрметтің қандай болатынын көрсеттіңіздер. Бұл саябақ – тек құрылыс емес, бұл – сағыныштан соғылған сәулет. Мұндай өнегелі іс кейінгі буынға бағыт әрі ауылдың инфрақұрылымына қосылған нақты үлес. Бұл ауыл тарихына жылы естелік болып жазылары сөзсіз, — деді ол  тебірене сөйлеп.

     Шараға жиналған ұстаздар мен ауыл ардагерлері де жүрек тебірентер естеліктер айтып, түлектердің туған жерге деген жанашырлығына риза пейілдерін білдірді.

      Түлектер тартуы – туған жерге тағзым етудің, жүрекпен құрмет көрсетудің жарқын көрінісі. Осындай ізгі бастамалар ел ішінде елдік пен бірлікті бекемдеп, жастарға жол сілтер шамшыраққа айналары анық. Өйткені жүректен шыққан жақсылық қашанда жұрттың жүрегіне жетеді.

Майра ЕРҒАЛИ

Махамбет ауданы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button