“ТАМЫРЫ ТЕРЕҢ ТАРИХЫ КЕНЕН ТУҒАН ЖЕР”
Қазақстан Жазушылар Одағының Атырау облысы бойынша филиалы директоры, ақын Қойшығұл Жылқышиев төрағалық еткен қазылар алқасының құрамында аудандық мәслихат хатшысы Жұмажан Қадимов, белгілі әнші-термеші Манарбек Дәулетов, аудандық «Нарын таңы» газетінің бас редакторы Бақытжан Жұмат және ақын, айтыс жанашыры Адайбек Есекеш болды.
Айтыс болады дегенді естігеннен бері құрақ ұшып күткен исатайлықтар залға көп жиналды. Әдемі әзілмен сөз сайыстырған ақындардың жырын көпшілік қошеметтеп, қолдап отырды.
Жыр бәйгесінің шымылдығын Әділбек Қайыров пен Әсел Таушанова ашса, Шалқарбай Ізбасаров пен Нұрболат Нұғыманның да әдемі әзілі, Сырымбек Сәрсембаев пен Әнуарбек Садықовтың сөз сайысы аға мен інінің арасындағы әдемі сыйластықты көрсетті. Ақындар әлеуметтік мәселелерді де шет қалдырмады.
Ерболат Қарақойшиев пен Өнербек Дәулекеновтің сайысында:
«Жолдағы шұңқырлардан қашамын деп
Талайлар көрге түсіп жатырғаны», — деген Өнербек әлеуметтік мәні бар мәселені қозғады.
Жәнібек Садыров та Серікбол Панабердиевке қарата айтқан назында:
«Исатай болғанымен ұлық бесік,
Жолдары ойдым-ойдым, шұрық-тесік»,- десе,
«Тек қана мал өсірмей, тал өсірсе,
Біздер де осы жаққа көшер едік», — деп Жәнібек бір байламға келеді.
Амангелді Панабердиев пен Нұрбек Сарбасовтың да, Нұрбейбіт Нұғыманов пен Ерқанат Мақсотовтың да салмақты ойлары көптің көңілінен шықты.
Нұрболаттың Серікболмен айтысында:
«Қазақтың қай батырын қарасаң да,
Атпен жүріп ел-жұртын қорғаған-ды.
Бір ескерткіш орнатып бермейміз бе,
Ақтабанға мінгізіп өр бабамды», — дегені де тауып айтылған сөз болды. Өйткені, Исатай ауданының орталығындағы «Жалын» мәдениет үйі алдында орналасқан Исатай батыр ескерткіші шала-шарпы салғырт жасалынғанын көпшілік біледі. Екі қолы да толық бейнеленбегендіктен, тіпті портреті деуіңе де келмейді. Тарихта астына мінген арғымақ атымен де есімі қалған батырдың бейнесі толыққанды ашылмаған. «Бүгінгі ұрпақ үшін батыр бабасын ұмытпаудың, оның ерлігін қастерлеудің қаншалықты маңызды екендігі осы ескерткіш түбінде тұрғанда бойды да, ойды да билеп алатындай болуы керек» деген ой байыз таптырмайды.
Соңғы айналымда көптің көзайымына айналған жұптың бірі — Айзада Дәулекенова мен Шалқарбай Ізбасаров екенін де атап айтқан жөн.
Сонымен, «Сазанқұрақ» ЖШС, «Жайықмұнайгаз» басқармасы және «Потенциал Ойл» ЖШС мекемелерінің демеушілігімен өткен бәйгенің қорытындысында жүлделі үшінші орын Әсел Таушановаға бұйырса, екінші орын Жәнібек Садыровқа, бірінші орын Серікбол Панабердиевке берілді. Ал, бас жүлдеге Айзада Дәулекенова лайық деп танылды. Жеңімпаздар мен қатысушылар ұйымдастырушылар тарапынан арнайы сыйлықтармен, Алғыс хаттармен марапатталды.
Нұргүл ЫСМАҒҰЛ.