ХІХ ғасырдың өзінде Абай «кәсіпкерлік идеясын» дәріптеген
Atr.kz/21 қаңтар, 2020 жыл. Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты рухани саламызға бағдар болатын мақаласы жарық көрді. Бәрімізге мәлім, Абай әлемі ұлтымыздың тұтас болмысын, бітімін, тұрмысын, тіршілігін, дүниетанымын, мінезін, жанын, дінін, ділін, тілін, рухын көрсететін мән-мағынаға және мазмұнға ие.
Абай қалдырған рухани мұрадан әр заман ұрпақтары өз іздегендерін табатыны және ақиқат. Осы түсінік пен танымды басшылыққа алып, Абайдың еңбекті ұлықтауына, кәсіпкерлікті қолдауына тоқталып, «Атырау» газеті арқылы ой білдіруді жөн көрдім.
«Еңбек» сөзінің мағынасы кең. Есін білетін адамзат баласы еңбексіз өмір сүре алмайды. Адамның тіршілік қарекеттерінің бәрі еңбекке байланысты. Еңбектің түрлері сан-алуан, көп жағдайда біз оның бір саласында жүреміз де соны кәсіп (профессия) етеміз. Қазақстан Ұлттық энциклопедиясында: «Кәсіп – кәсіптік оқу және тәжірибе жинақтау нәтижесінде игерілетін, белгілі бір білім мен машықтарды талап ететін еңбек қызметінің түрі» делінген.
Осыдан келіп қазіргі біздің тілдік қолданысымызда жүрген Кәсіпкер, Кәсіпкерлік шыққан. Қазақ оны бір сөзбен еңбек ету, күн көру, тіршілік ету деп түсіндіреді. Бұны дана Абай да «Еңбек қылсаң ерінбей, Тояды қарның тіленбей» деп бір-ақ ауыз сөзбен түйіндеді. Бү г і н д е д ү н и е жүзінің бірқатар интеллектуалдары классикалық капитализмнің көптеген позициялар бойынша дағдарысқа тап болғанын ескеріп, оның қазіргі құрылымдағы болашағына күмәнмен қарай бастады.
Кезінде бұндай алаңдаушылық біздің ұзақ жылдарға есептелген «Қазақстан – 2050» Стратегиямызда да айтылды. Бұған өзінің Абай туралы мақаласында Мемлекет басшысы да назар аударады. Өйткені, «әлемде бай мен кедейдің, білімді мен білімсіздің, қала мен ауылдың арасы алшақтап кетті. Бұл үрдістің қарқыны барған сайын күшейіп келеді. Бизнес тек пайда көздесе, білімділер бөлек орта қалыптастырды, әрқайсысы өздері үшін ғана жауапкершілік арқалайтын болды».
Мұның басты себебін әлеуметтанушы ғалымдарымыз елімізде әлеуметтік жауапкершіліктің әлсірегенінен деп түсіндіреді. Президент өз мақаласында осы мәселеге ерекше көңіл бөліп, «Жауапкершілік қайткенде орнына келеді?» деген мәселе төңірегінде ой өрбітеді. Және оны Абайдың «Толық адам» формуласынан іздеуге кеңес береді. Ал, «Толық адам» іске ілкімділігіне, өзіне сенімділігіне, ізгілік пен жақсылыққа жақындығына қоса жауапкершілікті адам, өз бақытын еңбектен табатын адам.
Құдайға шүкір, ондай адамдар біздің елімізде бар. Бірақ, оларды жастарға үлгі тұту, өздерін моральдық ынталандыру жағы бізде дұрыс жолға қойылмаған, бірізділік жоқ. Дана Абай өзінің 38-ші қара сөзінде: «Біз ғылымды сатып, мал іздемек емеспіз. Малмен ғылым кәсіп қылмақпыз. Өнер өзі де мал, өнерді үйренсек – өзі де ихсан (жақсылық, жәрдем). Адамға халінше ихсанды болмақ – қарыз іс. Бірақ, тек өзгелердің ихсанына сүйенбек дұрыс емес» дейді.
Қолдан келсе, жоқ-жұқана адамдарға, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылғандарға жәрдемдесу сауапты да, игі іс. Мысалы, мен басқаратын кәсіпкерлік құрылымдар аса көп табыс тауып пайда әкелетін сала болмаса да, ел ішінде ихсанды болуға талаптанып, сол ниетпен жүргеніміз анық. Алайда, дені сау, өз әлқадірінше еңбек ете алатын жастардың, басқа да адамдардың еріншектігі, талапсыздығы, жігерсіздігі бізді басқа ойға жетелейді. Себебі, ол адам бойында жалқаулық пен масылдықты қалыптастырады.
Мемлекет басшысы аталған мақаласында бұл туралы: «Абай шығармашылығына арқау болған тақырыптың бірі – масылдықпен күрес. Ақын үнемі уайымсыз салғырттыққа, ойын-күлкіге салынбай, сергек болуға үндейді. Өзіңді еңбек арқылы шыңдап, масылдық психологиядан арылып, қайраттанып еңбек етуді, талаптанып білім іздеуді насихаттаған» дейді.
Шындығында да, Абайдың пайымдауынша, еріншектік – күллі дүниедегі өнердің (кең мағынасында ) дұшпаны. Талапсыздық, бәсекеге қабілетсіздік, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады. Ендеше, біз еңбекке деген қатынасты өзгертуіміз керек. Себебі, қазіргі жағдай жекелеген елдердің экономикасында ғана емес, жалпы әлемдік шаруашылыққа тән қайшылықтардың да бар екенін айғақтайды.
Негізгі әлемдік валюталармен қатар, ұлттық валюталардың да тұрақсыздығы, тауарлар мен қызметтердің құнын шынайы бағалаудан, өлшеуден, айырбастаудан алшақ екендігін, өндіріспен қатар, қаржылық – экономикалық саладағы диспропорцияны байқатады. Экономикадағы дисбаланс девальвация, инфляция, әлеуметтік тұрақсыздық құбылыстарына әкеледі.
Әр мемлекет, оның ішінде біздің Қазақстан да мұндай салдардың алдын алу үшін өзінің ұлттық экономикасы мен қаржылық- экономикалық қауіпсіздігімен қатар, ысырап пен қазына қорын мақсатсыз жұмсаудан айығып, Абай айтқан қанағатшылықпен, үнемділікпен, «шамамызға қарап өмір сүруге» бетбұрыс жасап, ұлттық рухани құндылықтарды жаңғыртуға тиіспіз.
Президент дана Абайға арналған бағдарламалық мақаласында Қазақстан халқына Абай өлеңдеріндегі «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын», «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген қазыналы ойларын келтіре отырып, «әр адам осы түйінді тұжырымдарды санасына берік тоқып, өзінің тынымсыз, адал еңбегімен айналасына үлгі болуы керек» деп ескертеді.
Жалпы алғанда қазақ халқы еңбектің қадірін біледі. Ең бастысы, бүгінгідей бейбіт кезеңде әр азамат өзінің еселі еңбегі еліміздің экономикасын ілгерілетуге тікелей ықпал ететінін түсінуі қажет. Алайда, кезінде Шоқан Уәлиханов «мұңсыз-қамсыз қоғам» деп
сынаған қазақ қоғамы әлі күнге дейін құрылысқа сырттан келген гастербайтерлерді тартады, басқа салаларда да олар жеткілікті, өндіріске сырттан инвестиция іздейміз.
Ал, ішкі ресурстарға мән бермейміз. Қазақ кәсіпкерлері бәсекеге қабілетті болуы үшін өзінің даралығы, ұлттық нақышы болуы керек. Ол сонысымен тартымды, өтімді бола алады. Алдағы уақыттарда бізге Батыстың бизнес жүргізуін жаттап қана қоймай, Абайдың «кәсіпкерлік идеясына» үңілгеніміз жөн. Ұлттық кәсіпкерлік пен шаруашылық жүргізу жұмыстары төлтума мәдени және рухани
құндылықтарға иек артуы тиіс.
Біз капитализм рухының протестанттық этикамен байланысты екендігін жақсы білеміз де, исламдық құндылықтарға негізделген бизнестің анағұрлым гуманды (адамгершілікті) екендігін ескермейміз. Сондықтан да болар ҚасымЖомарт Кемелұлы Абайды өз заманындағы іскерліктің ұйытқысы, еңбекқорлықтың мотиваторы деуге болатынын, ол өз шығармаларында кәсіптен нәсіп тапқандарды, шаруақорлыққа үйрену дағдыларын үлгі еткенін, тұрмыс сапасын жақсарту үшін еңбек етудің жаңа тәсілдерін меңгеруге шақырғанын бізге үлгі етеді.
Абайдың бастамашылықты, кәсіптегі адалдықты жоғары қойғанын ерекше бағалайды. Ендеше, Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық. Абай ойы, Абай ақылы ұлт руханиятының негіздерінің бірі, ол ұлт арманымен ұштасып, бабалар аманатымен ұласып жатыр. Сондықтан, оны үлгілеу бүгінгі ұрпақтың да, келер ұрпақтың да парызы. Түсіне білсек, Абайдың өсиет-өнегесі XXI ғасырдағы жаңа Қазақстанды биіктерге жетелей береді.