БІРЛЕСІП ЖҰМЫС ЖАСАУҒА ЫНТАЛЫМЫЗ

Аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің есеп беру баяндамасымен облыстық басылым беттерінен танысқан едім. Жергілікті бизнесмендер жақсы біледі, тоқсаныншы жылдары кәсіп ашып, оны дөңгеленте әкету екінің бірінің қолынан келе бермейтін. Кейін Мемлекет басшысының тапсырмасымен бұл салаға көзқарас тіптен өзгеріп, қолдау көрсетіле бастады. Ал, ел экономикасын шикізатқа тәуелділіктен арылтып, отандық өндіріске бет бұра бастаған шақта кәсіпкерліктің маңызы арта түсті. Мемлекеттік бағдарламалар, кәсіпкерлік субъектілеріне негізсіз тексерісті азайту, қағазбастылықтан арылту, тегін ақыл-кеңес беру секілді қолдау түрлері көбейді. Осы бағыттағы шаралардың нәтижесі болар, былтыр кәсіпкерлік қолдауға қаражат көптеп бөлінді, ілгерілеушілік байқалды. Соның арқасында көптеген өндіріс ошақтары мен жұмыс орындары ашылды. Енді бірі шағын несиеге қол жеткізіп, кәсібінің нәсібін көріп үлгерді. Бұл тізімді жалғастыра беруге де болады. Бастысы, оны жұрт сезініп жатыр.

 

Теңге бағамындағы өзгерістен кейін жұртшылық біраз абдырап қалды. Сол уақытта да Президент Үкімет отырысын өткізіп, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуге қатаң талап қойды. Шұғыл тапсырманы орындауда облыстағы ірі сауда орталық басшыларымен жүздесіп, келісімге келген болатын.

Бұл ретте «Идеал-Маркет» ЖШС қала әкімімен тауарлар бәсін себепсіз өсірмеу мақсатында Меморандумға қол қойдық. Мүмкіндігімізге қарай әлеуметтік осал топтарға көмегімізді көрсетіп келеміз. Біз қай уақытта да еліміздің өркендеуі жолында бірлесіп еңбек етуге әзірміз.

Қайрат ХАЙРУШЕВ,
«Идеал-Маркет» ЖШС директоры,
Атырау қаласы.   
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз